Дегенмен, тұрғындардың атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сұрағы көп. Айдың басында өңірдегі аудандарды аралаған Мәжіліс депутаттарымен болған кездесулерде сайлаушылар тарапынан да атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәселе көп көтерілді. Мысалы, отбасында бірге тұратын зейнеткерлердің зейнетақысы да қоса есептеліп жатқаны көпшілік арасында түсінбеушілік туғызуда. Себебі оны есептесе отбасының табысы артып кетеді. Бұл орайда Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов Мәжіліс депутаттарына тұрғындардың бірқатар өтінішін жеткізді. «Ауданымызда көп балалы аналарды базаға енгізіп, қаржыларын төлеу барысында мақсатты шаралар өтті. Байқағанымыз, көп балалы аналар отбасы табысының мол болуына байланысты мемлекеттен атаулы көмекті ала алмай қалып жатыр. Себебі жас отбасылар ата-аналарымен, ағайындарымен бірге тұрғандықтан сол үйдегі азаматтардың барлығының табысы есепке алынады. Сондықтан көп балалы аналар өздеріне керекті қаржыны ала алмауда. Тіпті кейбір отбасыларда ата-анамыздан бөлінеміз, бөлек тұрсақ мемлекеттен қаржы аламыз деген де әңгіме шығыпты. Меніңше, бес баласы барлардың жағдайы бар болса да, жоқ болса да төлеу керек сияқты. Кейбір отбасыларда 8-10 баладан бар. Осыған көңіл аударсаңыздар», деді аудан әкімі. Депутаттар бұл мәселе заң арқылы емес, министрліктің ережелерімен реттелетінін айта келе, тиісті орындарға жеткізуге уәде берген-ді. Сол кездегі деректер бойынша, 55 мыңға жуық халқы бар Бәйдібек ауданында атаулы әлеуметтік көмекке 627 отбасы құжат тапсырған. Аудан комиссиясының шешімімен 428 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Әрбір отбасының есепшотына қаржы бөлініп, бұл мақсатта бюджеттен жалпы 98 млн теңге қаралған. Алайда ауданда атаулы әлеуметтік көмекті ала алмағандар да бар. «Қаржылық көмекке мұқтаж 627 отбасының 150-інің құжаттары кері қайтарылды. Бір үйде тұратын қарт ата-аналарының зейнетақысы да ескеріліп, табыстары асып түскен. Оларға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Талап солай», дейді Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Шадиярбек Отыншиев. Бұл мәселе депутаттарға да мәлім екен. «Проблема бар. Табысы асып, нақты көмекті қажет ететін отбасылар ала алмауда. Бұл мәселені Үкіметке жеткіземіз. Ережеге өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс жасаймыз. Бұл Түркістан облысына ғана тән мәселе емес, өзге өңірлерде де түсінбеушілік бар», деді сайлаушылармен кездесуде Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.
Яғни, тұрғындар атаулы әлеуметтік көмекке байланысты мәселелер толық шешімін табады деген үмітте. Ал Түркістан облысында Елбасы бастамаларына сәйкес арнайы штаб құрылып, әлеуметтік карта жасалған. «Әлеуметтік карта бойынша облыстағы 86,6 мың көп балалы отбасының 19 мыңы аз қамтылған қатарға енгізілді. Биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген 56,9 мың азаматқа заңдық кеңес беріліп, облыс бойынша қабылданған 32 326 отбасы өтініштері «Е-халық» ақпараттық электронды жүйеге енгізілді. Ағымдағы жылы, енген өзгерістерге байланысты шартты ақшалай көмек 12 айға, шартсыз ақшалай көмек 6 айға тағайындалатыны көзделді. Бір отбасына атаулы әлеуметтік көмектің айлық мөлшері орта есеппен 100-150 мың теңгені, жылдық мөлшері 1,8 – 2 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты, қомақты қаржыны тиімді пайдалану үшін және өз ісін ашып, қосымша табыс табу мақсатында облыста аз қамтылған азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өткен жылдың тәжірибесі негізінде атаулы әлеуметтік көмектің біржолғы төлеміне басымдық беріп, аталған қаржы есебінен әзірленген 15 кіші бизнес-жоба іске асырылуда. «Нәтижесінде 2019 жылдың 1 тоқсанында 400-ге жуық отбасы өз ісін ашты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін көп балалы отбасыларға қайтарымсыз 500 мың теңге мемлекеттік гранттар берілетін болады», деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ облыста көп балалы отбасыларға арналған «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынан 2 млн теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие берілуде. Осы мақсатқа 100 млн теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, биыл республикалық бюджет есебінен 1248 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ал облыстық бюджеттен халықтың осал топтарына 44 тұрғын үйдің (2309 пәтер) құрылысына 7,3 млрд теңге бөлінді. Көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары демеушілер есебінен де жүргізілуде. Ағымдағы жылы демеушілер тарапынан 18 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтылып, 34,3 мың көп балалы отбасына 285 млн теңгеге қаржылай және заттай материалдық көмек көрсетілген.
Түркістан облысы