Сенбі, 27 сәуір 2013 1:51
Хирург Мейрам Тұрғыновты бірден танып шүйіркелесіп кету оп-оңай. Екі метрге жуық еңгезердей тұлғасымен, ол әрдайым өзінің елгезек мінезімен адамдарға ақыл-кеңес беріп, кейбіреуіне ескерту жасаудан әсте жалықпайды. Операциядан кейінгі тәртіпті бұзған пациент те, темекіні үсті-үстіне құныға шегіп, өз денсаулығына балта шауып жүрген көкөрім жастар да хирург Мейрам Тұрғыновтан сөз еститіні рас. Басқаша болуы да мүмкін емес. Ол мұндай жат қылықтарға тіпті де төзе алмайды. Есімі елге белгілі Мейрам Тұрғынов деген хирург-онколог азамат – міне осындай жан. Оның отбасында төрт дәрігер бар, олардың үшеуі – медицина ғылымдарының докторы!
Сенбі, 27 сәуір 2013 1:51
Хирург Мейрам Тұрғыновты бірден танып шүйіркелесіп кету оп-оңай. Екі метрге жуық еңгезердей тұлғасымен, ол әрдайым өзінің елгезек мінезімен адамдарға ақыл-кеңес беріп, кейбіреуіне ескерту жасаудан әсте жалықпайды. Операциядан кейінгі тәртіпті бұзған пациент те, темекіні үсті-үстіне құныға шегіп, өз денсаулығына балта шауып жүрген көкөрім жастар да хирург Мейрам Тұрғыновтан сөз еститіні рас. Басқаша болуы да мүмкін емес. Ол мұндай жат қылықтарға тіпті де төзе алмайды. Есімі елге белгілі Мейрам Тұрғынов деген хирург-онколог азамат – міне осындай жан. Оның отбасында төрт дәрігер бар, олардың үшеуі – медицина ғылымдарының докторы!
Ол өзін «соғыстың баласымын» деп атайды. Әкесі майданға аттанғанда Мейрам бар болғаны үш жаста еді. Сөйтіп көзі жәудіреген бүлдіршін анасымен және әпкесімен қала берді. Сұрапыл соғыстың тигізген зардабын отбасымен бірге басынан кешіріп, бар ауыртпалықты көтерді. Сондықтан да қара нанның қадірін, халықтар достығының бағасын жақсы біледі.
– Менің азамат және маман ретінде қалыптасуыма Петр Поспелов пен Сәкен Нығманов үлкен еңбек сіңірді. Мәдениет Сәрсембаев, Әбдірахман Аушев, Латиф Нанчикеев, Тельман Сейсембеков, Совет Асакаев, Төңкеріс Тәтіков, Ғабдолла Құлқыбаев тәрізді азаматтармен табыстырған тағдырыма дән ризамын. Жарты ғасырдан аса уақыттан бері Қани Мұсылманбековпен және Қайыржан Абисатовпен қоян-қолтық бірге еңбек етіп келеміз. Тек жұмыс барысында ғана емес, отбасымызбен жақын туысқандардай араласып кеттік. Маған өнегелі ұл сыйлаған Нойлия жарыма ризамын. Бізге қылықтары балдай тәтті үш немере сыйлаған ұлым мен келініме де айтар алғысымда шек жоқ! – деп ағынан ақтарылды хирург Мейрам Тұрғынов.
Десе де, Мейрам Тұрғынов өмірдің бұралаң соқпақ жолының басында медицинадан басқа салаға түсіп кете жаздаған. Әуелде Мейрам Байзрахманұлының геолог болғысы келді. Кездейсоқтық дегенді қойсаңызшы, бірде ол Қарағанды мемлекеттік медицина институтының ректоры Петр Поспеловтың ұлы Борис досымен бірге мектеп бітірер алдында медицина жөнінде пікір алмаса қалғаны бар емес пе. Ақыры екеуі кіріспе лекция тыңдау үшін Қарағанды мемлекеттік медицина институтына жол тартты. Білім ұясындағы мағыналы әңгіменің әсеріне елтіген бозбала Мейрам медицина мамандығына құлай беріледі. Құлай берілгені соншалық күні бүгінге дейін дәрігерден мықты мамандық жоқ деп санайды.
Ол 1961 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын үздік тәмамдап, Мәскеудің эксперименттік және клиникалық онкология институтының аспирантурасына жолдама алады. Аспирантураны ойдағыдай аяқтап шығып, Алматыдағы онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналасады. Кейінірек Қарағанды мемлекеттік медицина институтының госпитальды хирургия кафедрасына доцент болып қабылданады. Ал 1974 жылдан бері осы жоғары оқу ордасының онкология кафедрасында доцент қызметін атқарады.
– Мен институт пен аспирантурадан бастап тамаша білім мектебінен өттім. Тәжірибелі ұстаздардан тәлім алдым. Ол заманның білім беру жүйесі, тәжірибеден өткізу мектебі өте жоғары еді ғой! Соның нәтижесінде білікті маман, білімді дәрігер болып шықтық, – деп еске алады ол бүгінде.
Онколог мамандығы – жүйкесі жұқа адамдардың қолы емес. Қатерлі ісік шалмайтын адам ағзасы жоқ. Олай болса, адамның бүкіл ағзасының нормасы мен патологиясын бес саусақтай білу шарт. Тек сонда ғана денсаулық сақтау саласының мықты маманы бола аласың.
Өмірдің өзі алға тартқан осы ақиқатты ол бүгінде дәрігерлік мамандықтың алғышарты ретінде шәкірттеріне үнемі қайталап, бойларына сіңіруді дағдыға айналдырған. Бүгінде медицина саласы қарыштап дамуына байланысты қатерлі ісік дертін емдеудің де оңтайлы әдістері тәжірибеге енгізілді. Тек ауруды асқындырып алмау қажет. Хирург Мейрам Тұрғынов осы кеселдің жай-жапсарын әркез ашып айтудан жалықпайды.
Мейрам Байзрахманұлы студент кезінен-ақ қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Қарағанды мемлекеттік медицина институты комсомол комитетінің хатшысы ретінде талай рет қалада ұйымдастырылған түрлі шараларға мұрындық болды. Атқарған еңбегі елеусіз қалмады. Алғысқа кенеліп алдыңғы шептен көрінді. Мерейі өсіп, жастарға өнеге танытты.
Бүгінде ол «Нұр Отан» ХДП мүшесі және Қарағанды мемлекеттік медицина университеті ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Бұған қоса абдоминалдық бөлімше мен облыстық онкологиялық диспансер емханасында кураторлығы мен оқытушылық жұмыстары тағы бар.
Қыс айларында қолы қалт еткен сәтте Қарқаралы тауына тартып отырудан да шаршамайды. Шаңғы теуіп рахатқа батады. Ал жаз айларында көл жағасына барып, балық аулап қайтуға да уақыт табады. Сөйткен Мейрам ақсақалдың 75 жасқа келіп отырғанын ескерсек, біраз нәрсеге қанығамыз. Осы жастағы оның құрдастары кейде мұндай іспен айналысуға мұршалары да болмайтындығы рас.
Мейрам Байзрахманұлы қашанда ширақ. Бір сөзбен айтқанда, қартаюға қолы тимей жүрген тынымсыз жан. Ал бұған басты себеп, қолы жеңіл оташының – сүйікті мамандығына деген адалдығы.
Оксана МЯГКИХ.
ҚАРАҒАНДЫ.