• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Маусым, 2019

Сарқыт салтымыз ба?

1688 рет
көрсетілді

Халық арасына тараған кейбір әңгіме­лерге қарағанда еліміздің бас санитарлық дәрі­гері Ж.Бекшиннің «қонаққа барған жерден сарқыт алмаңыздар, жұқпалы ауру­лар тарауы мүмкін» деген ескертуі біз­­дің біраз ағайынға ұнамай қалғанға ұқ­­сайды. Егер ХХІ ғасырда полиэтилен қал­таға салып бір үйден екінші үйге ет, конфет-печенье тасып жүремін дейтіндер болса өз еріктері, оларға қой дейін деп жат­қан біз жоқ, қой дегенімізбен сөз тың­дайтын тағы олар жоқ. Сондықтан біздің айтпағымыз басқа.
Сорақысы сол, сарқыт тасуды кейбір білгіштер қазақтың қасиетті салттарының бірі деп түсіндіріпті. Мұндай көзқарасқа күлкіміздің келгенін мойындай отырып, мына бір мәселені атап көрсетуді жөн көрдік. Қандай да болмасын салт аспаннан салбырап түсе қалмайды, оның өмірге келуінің белгілі бір себептері болады. Ол себеп негізінен халық­тың тұрмыс-тіршілігіне байланысты туын­дайды. 

Малмен ғана күн көрген халқымыздың ХХ ғасырға дейін жоқ-жітікте ашпа-жалап өмір сүргені ешкім үшін де құпия емес. Оған күмән келтіргендер сол заманды көзімен көрген ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлиннің шығармаларын оқысын. Барған жеріңнен үйіңе сарқыт ала келу де осындай қат тірліктен туындаған амал. Былайша айтқанда, үйде аш-жалаңаш көздері жәудіреп отырған балаларға талғажау болсын деп ата-аналары өздері жеген астан үнемдеп үйлеріне алып кетуге тырысқан. Сол сияқты халқымызда «ет асату» деген де салт болған. Оның да сыры белгілі. Қазақ қонақ шақырғанда оған әрине балаларды қоспаған. Содан да киіз үй төңірегінде, есік алдында ойнап жүрген балалар дәмді еттің иісі шыққан үйге есіктен сығалап қарай беруге мәжбүр болған. Сондай балаларды тыныштандыру үшін, бір жағынан олар да астан ауыз тисін деген ниетпен үлкендер балаларды шақырып алып алақандарына салған етті асатқан. Тұрмыс жағдайы туын­дат­қан мұндай салт-дәстүрде қасиет бар деу­дің өзі күлкілі.

Әркімнің өз үйінде ішетін асы жеткілікті болғандықтан шығар, өткен ғасырдың 70-­80-жылдары сарқыт тасу біртіндеп тыйы­ла бастаған болатын. Өкінішке қарай тапшылық пен жоқшылық қайта орнаған 90-жылдардан бастап қойны-қонышыңа тығып бір үйден екінші үйге тамақ тасу салты қайтып оралды. Тіпті бүгінде қонақтар алдыға қойған асты өздері ішіп-жеп қана қоймай, қалған асты, яғни сарқытты түк қалдырмай сыпырып, жинап үйлеріне алып кететін болды. 

Осы орайда өткен ғасырдың 70-жылдары орын алған мына бір оқиға еске түсіп отыр. Бір адам үйіне қонақ шақырыпты. Келген қонақтың қасында кішкентай балалары болса керек. Сол балалар дастарқанда тұрған тәт­тілерді алып бер деп ата-анасын қайта-қайта мазалай береді. Ата-анасы да сұраған сайын алып беріп отырады. Шамасы үй иесінің де шы­дамы таусылған болса керек, кезекті бір сұраған сәтте «Әй, бала, мына конфеттер дү­кенде бар, ақшасын төлесең, сатушы саған береді. Осы үйде де сендер сияқты кішкентай бала­лар бар. Олар да қазір қонақтар кеткен соң сарқыт жейміз деп отыр», депті әзіл-шы­ны аралас.

Жалпы, салт-дәстүрдің бәрінің бірдей тәрбиелік мәні бар, өнегелі деу де қате түсінік. Халқымыз кейде мазалай беретін балалардан оңай «құтылу» үшін де салт-дәстүрлер ой­лап тапқан. Мәселен, «бас мү­жі­сең, әкең өліп қалады», «жұлын жесең, суға кетіп қаласың», «желке жесең, шашың өседі» деген сияқ­ты салт-жоралғылар сондай себептерден туындаған. Өйткені басты жасы үлкен, сыйлы кісілер мүжуі тиіс. Кейбір еркетотай балалардың маған бер деп шу шығаратын кездері болады. Солардың бетін қайтару үшін үлкендер жаңағыдай қулық ойлап тапқан. Ал жұлын тісі жоқ шалдар үшін жұмсақ, таптырмас тағам, оны да балаларға беріп қоюға бол­майды. Оның есесіне шамалы адамның тісі өтпейтін желкені жеу балалар үшін «пайдалы».

Ойымызды түйіндей келе біреулер қа­сиетті салт ретінде бағалап жүрген «сар­қыт» туралы бірер сөз айта кету артық емес сияқ­ты. Біле-білген адамға «сарқыт» деген сөз­дің түп-төркіні  «қалдық» деген ұғымды біл­діреді. Қалдықта қандай қасиет болуы мүм­кін? Бұл аз десеңіз, біреудің сарқытын жей­тін мені  кім деп отырсың, берсең дұрыстап асыңды бер, бермесең оныңды айт, деп реніш білдіріп, сарқыт жеуден бас тартатын адамдардың болғанынан да хабарымыз бар. Өйткені қазақ сыйлы мейманға ешқашан сарқыт ұсынбаған.

Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» де­­­ген аталы сөз бар. Бәлкім әлем елдері ас­тың небір түрлерін ойлап тауып жатқан ХХІ ғасырда сарқытқа қарап көзімізді сата бермей, адам деген атымызға да лайық, денсаулыққа да пайдалы мүшелі де сүбелі тағамдарға басымдық бергеніміз жөн шығар.