Бүгінде облыста қауіпті зиянкестермен күресті ұйымдастырып, жұмысын үйлестіретін арнайы штаб жұмыс атқаруда. Жуырда Байзақ ауданында аталған мәселемен күреске, фитосанитариялық диагностика және болжау жұмыстарына жауапты республикалық, облыстық және аудандық мекеме жетекшілерінің қатысуымен штабтың алғашқы отырысы өтті.
Дала зиянкестерінің ошағы оянбай, тіршілігі қызбай тұрғанда алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков дала зиянкестерімен күрестің күрделі мәселе екенін айтты. Мәселен, инспекция тарапынан облыс аумағындағы ерекше қауіпті зиянды организмдер қатарына енетін зиянкестер мен ауруларға қарсы барлығы 203 808 гектар алқапқа жұмыс жүргізілуі керек. «Үйірлі шегірткелермен күрес 184 518 гектар жерді құрайды. Оның ішінде марокко шегірткесіне 89 792 гектар, италиялық прус шегірткесіне 75 946 гектар, азиат шегірткесіне 18 780 гектар, егіс алқаптарының зиянды бақашық қандаласына 9 000 гектар, дәнді дақылдардың ауруларына қарсы 9 500 гектар, тышқантектес кеміргіштерге 340 гектар және картоп алқаптарының зиянкесі колорадо қоңызына 450 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған», дейді инспекция басшысы.
Аса қауіпті үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл республикалық бюджеттен 230,15 миллион теңге қаражат бөлінген. Жоспарланған алқаптарды өңдеу жұмыстарына 39 бірлік техника жұмылдырылыпты. Оның ішінде 2 бірлік ультра аз көлемдегі бүріккіштері, 3 аэрозольді генератор, 29 жерүсті бүріккіштер және 5 ұшақ бар. Сонымен қатар жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігінде «107 Өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині» бағдарламасы бойынша да тендерлер жарияланды. Нәтижесінде өңірдегі тиісті жеке кәсіпкерліктер аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін болады. Биыл үйірлі шегірткелердің бірі саналатын марокко зиянкесі дернәсілдерінің тууы Жамбыл облысында жүйелі бақылау жүргізу нәтижесі бойынша сәуір айының үшінші онкүндігінде тіркеліпті. Бүгінде өңірдің барлық аудандарында оның тууы тіркеліп, қоныстануы бойынша зерттеу жұмыстары жалғасуда екен. Ал италиялық прус шегірткесіне келетін болсақ, оның алғашқы бірен-саран тууы кей аудандарда тіркеліп, жүйелі бақылау жүргізу жұмыстары жүргізілуде.
Негізінен марокколық және азиялық шегірткелер Жамбыл облысының барлық аумағында тіршілік ететін болса, оның италиялық ошағы Сарысу, Талас, Жуалы, Байзақ және Жамбыл аудандарында кездеседі. Мамандардың айтуынша, марокколық шегірткелер үйірімен тәулігіне 200-300 шақырымға дейін жылжып, жолындағы тірі өсімдіктің бәрін қырқып өтеді екен. Мұның қауіптілігі де сонда болса керек. Сонымен қатар 2017 жылы өңірде 268 мың гектар аумақ зиянкестерден тазартылса, өткен жылы шегіртке қаптауы салдарынан 355 мың гектар жерге дәрі шашылған. Ал тиісті фитосанитария мамандары марокко шегірткесі дернәсілдерінің орналасуына көктемгі зерттеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыс барысында бүгінге дейін нақты 80 360 гектар қаралып, олардың барлығының 3045 гектар жерге қоныстануы анықталған. Оның ішінде, экономикалық зияндылық шегінен асқандары 1380 гектар алқапты құрайтыны анықталып, оған химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша зерттеу жұмыстарына 25 анықтауыш мамандар тартылған. Ал оның ішінде Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының 51 маманымен қосқанда барлығы 76 адам және аудандардың әр ауылдық округіндегі жергілікті атқарушы органдардан 1 адам анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Биыл Жамбыл облысында химиялық өңдеу жұмыстары 6 мамыр күні басталды. Аталған жұмыстың кеш басталу себебін аумақтық инспекция басшылығы өңірдің барлық аудандарында апталап жауған нөсер жаңбырдың салдарынан деп түсіндірді. Сонымен қатар, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының мамандары марокко шегірткесі дернәсілдерінің орналасуы бойынша көктемгі зерттеу және облыстың барлық аудандарында химиялық өңдеу жұмысына қатысатын мердігерлер, бүріккіш техникалар, қажетті улы химикаттар толығымен өңірге жеткізіліп, техникалар сақадай сай екенін айтты. Мәселен, қазіргі таңда экономикалық зияндылық шегі анықталған Шу ауданында 780 гектар, Талас ауданында 410, ал Жамбыл ауданында 30 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, осы уақытқа дейін барлығы 1220 гектар алқап өңделген. Аталған жұмыстар «Райхан» жеке кәсіпкерлігінің 10 дана аспалы бүріккіші арқылы және «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының қызмет көрсетушілерінің 3 бірлік «Каффини» жерүсті бүріккіші арқылы жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда, өңірде шегіртке ошақтарын зерттеу жұмыстары мен химиялық өңдеу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Бүгінгі таңда өткен жылдардағыдай емес, облыста зиянкестермен күрес жұмыстары бір жүйеге түскенін көруге болады.
Жамбыл облысы