• RUB:
    5.01
  • USD:
    492.14
  • EUR:
    528.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2019

Алматыда неонаталдық көмекті көрсету жөніндегі оқыту семинары өтті

875 рет
көрсетілді

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Қазақстан Республикасында неонаталдық көмекті көрсету мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.

Семинарға еліміздің әр аймағынан 95 дәрігер: облыстардың штаттан тыс бас неонатологтары, бас дәрігерлердің неонатальдық қызмет жөніндегі орынбасарлары, облыстық және қалалық перинаталдық орталықтардың, балалар ауруханаларының нәрестелер реанимациясы, патологиясы және шала туған балаларды күту бөлімшелерінің меңгерушілері мен дәрігерлері, Педиатрия орталығы мен Көз аурулары   қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары мен резиденттері қатысты.

Үш күндік семинарда бактериялық сепсис және ауруханаішілік инфекцияның алдын алу бойынша клиникалық хаттамалар, неонаталдық желдетудің қауіпсіздігі, госпитальдан тыс пневмония, госпитальішілік инфекция мәселелері, неонаталдық инвазиялық емес респираторлық демеудің қауіпсіздігі, гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия және заманауи емдеу әдістері, шала туылғандар ретинопатиясы, медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияны төмендету тәжірибесі, туа біткен даму ақауы бар нәрестелерді ота жасау алдындағы даярлау стратегиясы, шала туылған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері қаралды.

Семинарда ресейлік неонатологтар, реанимация бөлімшелерінің меңгерушілері Александр Ли (Санкт-Петербург) және Андрей Аверин (Челябинск) дәрістер оқыды, сондай-ақ қазақстандық мамандар, медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар Тамара Чувакова, Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева және Неонатологтар конгресінің басшысы Бектұрған Карин арнайы баяндамалар жасады.

Семинар  «Шеврон» компаниясы мен «АЯЛА» қайырымдылық қорының қолдауымен өткізілді.

Білім беру семинарларын өткізу және тәжірибе алмасу жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға, инфекциялық аурулардың алдын-алу профилактикалық шараларын күшейтуге және еліміздегі  неонаталдық қызметті дамытуға ықпал етеді.

Соңғы жаңалықтар