Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:50
Қазақстан армиясының бүгінгі ахуалы туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Әмір Халықов әңгімелейді
– Әмір Қасымбекұлы, бүгінгі қазақстандық әскери қызметшілер қандай болуы керек?
Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:50
Қазақстан армиясының бүгінгі ахуалы туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Әмір Халықов әңгімелейді
– Әмір Қасымбекұлы, бүгінгі қазақстандық әскери қызметшілер қандай болуы керек?
– Ғасырлар бойы ел тәуелсіздігін аңсап, ұлаң-ғайыр жерімізді бүгінгі ұрпаққа аманаттаған батыр бабаларымыздың Отанымызды қорғау жолындағы абыройлы ісін әрі қарай жалғастыратын жауынгерлерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Себебі, біздің әскеріміз тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет ету, өз мемлекетінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін кірпік қақпай күзету, әскерді әлемдік стандарттарға сәйкес реформалау барысында жүріп жатқан шараларға белсенді түрде қатысып, аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрін сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу секілді міндеттерге әрдайым дайын тұрады.
Қазақстан жауынгерінің келбетіне де жоғары талаптар қойылып отыр: біріншіден, әрине, конституциялық борышына адалдық таныту. Сонымен бірге, халық пен мемлекеттің мүддесі үшін жанқиярлық қабілеттілігін шыңдай түсу әскерлердің ұдайы міндеті болып қала береді. Қазіргі қарулы күштерде әскери қызметшінің кәсібилігі мен патриотизм сезімі басым болуы керек. Әрбір жауынгерді жетістікке жеткізіп, табыстар әкелетін күнделікті өмірілік іс-әрекетінде, жауынгерлік міндеттерді орындауда батылдық, ерлік, батырлық, адал ниеттілік, тәртіптік және жанқиярлық сияқты моральдық-жауынгерлік сапасы болуы қажет. Міне, осындай қасиеттер Қазақстан әскерінің әлемдік беделін көтереді деп ойлаймын.
– «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің жауынгерлік әзірлігін қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуының бастауында көптеген генералдар мен офицерлер тұрды. Олар әр кез Отанға қызмет ету антына адал болды, бізді де соған тәрбиеледі. Себебі, елдің қауіпсіздігі әскерилердің Отанды қорғау антына адалдығымен байланысты екенін жасыруға болмайды. Сол себептен, Елбасымыз еліміздің қауіпсіздігіне үлкен назар аударып отыр. Әскерлердің өмірлік әрекетін қаржыландыру да жылдан жылға өсіп келеді. Ал батыс өңірі еліміздің маңызды стратегиялық аймағы болуымен бірге, әлемдік шикізат инфрақұрылымында аса маңызы бар, Қазақстан экономикасының локомотиві болып табылады. Бұрын бұл өңірде аумақтық орган – жергілікті әскери басқармадан басқа (әскери комиссариаттар) ештеңе болған жоқ. Қазір өңірде қуатты әскерлердің топтасулары бар. Олар – құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері сияқты барлық әскер түрлерінің бөлімдері мен құрамалары.
Әскердің кәсіби даярлығы күнделікті жаттығулар арқылы шыңдалады. Соған орай, біздің қолбасшылықта түрлі оқу-жаттығулар, әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі іс-шаралары, басқа да жаттығулар мен сабақтар өткізіледі. Әскерлердің санымен бірге дайындық сапасы мен кәсіби даярлығының деңгейі, түрлі ұрыстық әрекеттерде әскерлерді басқару деңгейі де жақсарып келеді. Бұрын оқу-жаттығуларды бас штаб өткізетін болса, қазір көлемді оқу-жаттығуларды өңірлік қолбасшылық та өткізе береді. Соңғы кездері өзара әрекеттесу алгоритмін зерделеу мақсатында ҰҚК, ІІМ, ТЖМ аумақтық органдарымен бірлескен іс-шаралар өткізіп, тығыз қарым-қатынас жасап отырмыз. Қазір әскери инфрақұрылымның дамуына көп көңіл бөлініп келеді. Заманауи талаптарға жауап беретін әскери қалашықтар құрылды. Еліміздегі жалғыз теңіз жаяу әскері бригадасы біздің өңірлік қолбасшылық құрамына кіреді. Бұл бригада ұдайы дайындықтағы ең үздік бригадалардың бірі ретінде Қазақстан армиясы беделінің көтерілуіне оң ықпал етті.
– Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы қалай шешімін табуда?
– Шындығын айту қажет, Тұңғыш Президентіміз, Жоғарғы Бас Қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан армиясының әлеуметтік мәселелерін оң шешуге көп көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесі деп айта аламын, әскерилерге арналған тұрғын үйдің басым бөлігі батыс өңірінде салынып, пайдалануға берілді. 2012 жылы Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері үшін 240 пәтер, Ақтөбе гарнизоны үшін 150 пәтер мен пәтер типтес жатақханадан 80 орын берілді. Әскери қызметшілер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңды рухтанып қабылдады. Себебі, бұл заңда әскери қызметшілердің пәтерді жалға алып тұруы үшін өтемақы механизмі қолданысқа енгізілді.
Әскери қызметшілерді жеке жабдықтау заттары (брондыкеудеше, жүктен босату желеті және т.б.) да заман талабына сәйкес жетілдірілуде.
– Әскери қызметке шақырылған сарбаздарға көңіліңіз тола ма?
– Көңіл толмайды деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені, бұрынғыдай емес, әскерге шақырудың жауапкершілігі артты. Соның дәлелі, қазір бізге жақсы сарбаздар шақырылуда. Олар барлық параметрдегі қатаң іріктеуден өткен, атап айтқанда, денсаулығы мықты, бойы да әскердің талабына сай, психологиялық тұрғыдан Отанды қорғауға дайын, жоғары білім алған жігіттер. Міне, осындай сайдың тасындай нағыз патриоттық сезімі қалыптасқан ұлдарды тәрбиелеген ата-аналарға үлкен рахмет айтқым келеді.
Сарбаздардың Қарулы Күштерге келген уақытынан бастап біз де өзімізді олардың ата-аналары деп сезінеміз. Сол себептен, «Батыс» өңірлік қолбасшылығында сарбаздарға күнделікті қызметтен кейін де қажетті барлық жақсы, қанағаттандырарлық және пайдалы қасиеттерді дарытуға тырысамыз. Әскери қызмет процесінде олар тек жауынгерлік даярлықпен ғана шұғылданбайды. Сонымен қатар, рухани, адамгершілік тәрбиесін де дамытады. Мұражайларға, театрларға, стадиондарға, мұз айдынына барады. Футбол, хоккей секілді спорт сайыстарын көреді. Көркемөнерпаздарға, көңілді тапқырлар клубына қатысады. Әрбір казармада әр сарбаздың рухани тұрғыдан жетілуіне көңіл аударып отырмыз.
Сарбаздарға берілетін тамақтың сапасы әжептәуір жақсарды. Қазір әскерлерді азаматтық фирмалар сапалы тамақтандырады. Сарбаздар енді екінші дәрежелі жұмыстармен шұғылданбайды, тек өздеріне қажетті әскери міндеттерін орындайды. Соңғы кездері өздерінің өмірін Қазақстан армиясымен байланыстырғысы келетіндердің саны өсті. Сарбаздардың көбі міндетті борышын өтегеннен кейін келісімшарт бойынша қызмет етуге қалуы қуантады.
– Ал енді әскери техникамен қамтамасыз ету туралы не айтасыз?
–Техникалық қайта қаруландыру мәселелері туралы айтатын болсам, 2012 жылы жаңа үлгідегі қару-жарақ және әскери техникалар алдық. Бұрын біз әскери техника өзінің шепіне жете ме деп ойлайтынбыз, ал қазір жаңа техника мен қару-жараққа сенімдіміз. Қазіргі уақытта құрамалар мен бөлімдер жаңа үлгідегі қару-жарақпен 40 пайыз толықтырылды. Жаңа техникалар әлдеқайда кемелдірек және заманауи технологиялардың талаптарына жауап береді. Мәселен, барлау бөлімшелері үшін БКМ «Кобра» қажет, бұл Түркияда жасалады. Ал «Команндос» 60 мм. минометі Израильда шығарылған. Каллиматорлық көздеуіші бар РК-01V атыс қаруы Белоруссияда, «Aselsan» түнгі көздеуіштер, тепловизорлар Израильде жасалған. ЗИЛ, ГАЗ-66 автомобиль техникасының ескірген негізгі шассиі КамАЗ автомобиль шассиімен жаңартылды. Сонымен бірге, арнайы мақсаттағы бөлімшелерге арналған БТР-82А техникасының жаңартылған түрі Ресейдің Арзамас қаласынан алынды.
– Әскерлердің жауынгерлік даярлығы қандай деңгейде?
– Әскерлердің жауынгерлік оқу-жаттығуы аса қауырт және серпінді болып жатады. Командирлік даярлықтың негізгі әдісі курстық даярлықпен байланысты өрбиді. Онда командирлер әскерлерді қолдану мәселелері, жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру, әскери ғылым төңірегіндегі басқа пәндерден емтихандар мен сынақтар тапсырады. Бүгінгі күні «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлерінде оқытудың жаңа тәсілдері енгізілді. Оның ішінде бөлімшелердегі жауынгерлік даярлық бұрыштары бар. Әрбір сарбаз өз еркімен әскери істің теориялық негізін оқып біледі. Теңіз жаяу әскері бригадасындағы далалық тирде атыс қаруларынан тәжірибелік атулар жүргізіледі. Жауынгерлік даярлықтың негізі дене дайындығы болып табылады. Бүгіндері орналасу орындарында, казарма мен асхана алдында белтемірлер, көлденең салмалар орнатылған. Сарбаздар күнде тамаққа барар алдында 30 минут бұрын күштік жаттығулар кешенін орындайды. Теңіз жаяу әскері бригадасымен енгізілген жаңалық «АРД» (атлетизм, решительность-шешімділік, дерзость-тайсалмау) бөгеттерін жеңу бойынша тәжірибелік сабақтары өтеді.
Министрдің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штаб бастығы, генерал-полковник С.А.Жасұзақов теңіз жаяу әскеріне барған уақытта әскери қызметшілердің, әсіресе, Калашников автоматынан бақылау ату жаттығуын орындау барысында өте жақсы баға (85-тен 96 ұпайға дейін) алған барлаушылардың кәсібилігіне жоғары баға берді. Теңіз жаяу әскерінің танкілік бөлімше және ЖМАБ жеке құрамы 3 атқан оқтың барлығын нысанаға дәл тигізді.
– Әскери ортадағы құқықтық, әскери тәртіп қалай?
– Бүгінгі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жағдайы түбегейлі өзгерді. Сарбаздар бір-біріне қол көтерумен шұғылданбайды. Бұл мәселеде біз жеке басымызды үлгі тұту принципін ұстанамыз. Мақсат – әр әскери шенді офицердің өзіне жоғары талап қоя білуі. Аты аңызға айналған қолбасшымыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Жауынгерді қатаң тәртіпке, ең алдымен өзін өзі ұстай білетін, тәртіпті мүлтіксіз сақтайтын, тәртіп жағынан үлгі-өнеге көрсете алатын, қарамағындағылардың сеніміне ие болған, сарбаздарға әділ болып, олардың арасында өзін қарапайым ұстайтын, олардың абыройын құрметтеп, мұң-мұқтажы, қажеттіліктері (рухани қажеттіліктерімен қоса) жөніндегі үнемі қамқорлық жасап, сарбаздармен жақын араласып, барлық мәселеде сөзсіз қатаң талап қоя білгендігімен сүйіспеншілікке бөленген қолбасшы ғана үйрете алады».
Әскери бөлімдер орналасқан жерде және ұйықтайтын үй-жайларда бейне бақылау камераларын қою да өз жемісін беріп отыр. Бұл – казармалардағы бұзақылықтар мен әскердегі әлімжетікті жоюға оң нәтиже беретін жаңалықтың бірі. Одан басқа, рухани, мәдени тәрбие мақсатында демалуды ұйымдастыруда караокемен ән айту енгізілген. Бұл әскери жолдастықты дамытады және ұжымдағы бірлікті, достықты нығайтады.
Бүгінгі сарбаздардың жауынгерлік оқу үдерісінің қарқындылығымен қолы босамайды. Атап айтқанда, мемлекеттік-құқықтық дайындық, қарудың түр-түрімен ату жаттығу сабақтары, АК-74-тен, БРМ–1К, граната ату. Әскери топография, байланыс бойынша дайындық (командалық-штабтық машиналарды жаю және экипаждың байланысқа шығуы), арнайы-тактикалық дайындық (күндізі және түнгі уақыттарда нысандарды барлау, әуе-десанттық, таулы және сүңгуірлер дайындығы) сияқты арнайы дайындық сабақтарын оқиды. Машина жүргізуден, оның ішінде дөңгелекті, шынжыр табанды техниканы меңгеруден тәжірибелік сабақтар өткізіледі.
Мұның барлығы бөлімшелердегі, жалпы әскери бөлімдегі моральдық-психологиялық ахуалды сауықтыруға септігін тигізеді. Сарбаздардың әскерде қызмет ету ынтасын оятады деп ойлаймын. Мысалы, 2012 жылы 2-ші кезеңде мерзімді қызметтегі сарбаздардың 75-і келісімшарт бойынша қызметін өткеруге қалды. Ал биылғы көктемгі кезеңде 60 адам келісімшарт бойынша қызмет өткеруге тілек білдіріп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
––––––––––––––––––
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.