• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Маусым, 2019

Заманауи өнер: түсініксіз мейнстрим

1698 рет
көрсетілді

Заманауи өнерден түсетін табыс криптовалюта саудасынан да жоғары десек, сенер ме едіңіз? Әлбетте, бұған бірден илана қоюыңыз екіталай. Десе де мына бір қызықты қараңыз, былтыр Лондондағы Сотбис (Sotheby’s) аукционында арт өнердің саңлағы Бэнкси «Шар ұстаған қыз» жұмысын 1, 04 млн фунтқа немесе 1, 4 млн АҚШ долларына сатқан. Артынша ол қашықтықтан жойылып, бұл перформанс концептуалды туындының бағасын 50%-ға жоғарылатып, картинаның құны 2 млн фунтқа өскен деседі.

Арт индустрияны кім басқарады?

 Максим картиналар сатады. Оның әкесі де картина сатумен айналысқан. Атасы да осы салада жұмыс істеген. Максим бұл іспен әлем бойынша ауқымды деңгейде шұғылданады. Жақын күндері ол Нью-Йоркке екі суретшіні апарып қайтпақ. Олардың жұмыстарын маған да көрсетті. Шеберлердің жасы шамамен 80-ге таяп қалған. «Суретшілер бақилық болғанда жұмыстарының құны аспандап кететін шығар», деген әзіліме Максим қысқа да нұсқа былай деп жауап берді: «Өлгеннен соң танымал болады деген бизнес-модель ескіріп қалған. Суретшілер дүние салысымен еңбектерінің құны керісінше арзандайды. Шындығына келгенде, бұл салада алыпсатарлық жүйе басымдыққа ие. Егер де суретші кәсіби коллекционерлермен жұмыс істесе, тіп­ті мардымсыз туындыларын аук­цион, галереялар арқылы жасанды саудамен жоғары бағада сатуына болады». Бұл – ресейлік криптоинвестор Михаил Жуховицкий­дің фейсбукте қалдырған жазбасы. Осы мазмұндағы пікір­лер әлеуметтік желіде сап түзеп тұр. Рас, бүгінгі заманауи өнер­дегі конъюнктура бағалы қағаз­дар немесе цифрлы валюта нары­ғындағы ахуалға жетеғабыл. Бірақ та мұндағы инвестиция­лық климатты суретшілер емес, тіс қаққан коллекционерлер жасап жүр. Мәселе мынада, әлдебір сатып алушы яки жалған коллекционер бір жұмысқа ақшаны миллиондап төгеді. Әлгі шығар­ма туралы қауесет лезде тарайды. Шым-шытырық саудаға кәсіби мамандар да тартылып, бәске тігілген жұмысқа инвестиция құ­йылады. Демек, аталған ең­бек­тің бағасы шарықтаған са­йын қы­зы­ғу­шылардың да қатары арта берері анық.

Міне, осы тұста бай-бағ­ландар құны жоғарының бар­лығын қалдырмай бірінші болып иемденеді. Ал бұдан тек алыпсатардың ғана ұпайы түген­де­летін көрінеді. Нәти­же­сінде картинаның капиталы осылайша қалыптасады. Мейлі Сальвадор Дали немесе Пабло Пикассодан кем түспесеңіз де ол маңызды емес. Мәселе көркем мұра­ңызды кім иеленіп, кім спекуляциялық әрекеттер жасайды?! Гәптің бәрі осында жатса керек.

– Бұл нарықта алыпсатар­лар­дың болуы – заңды құбы­лыс. Қалай дегенмен, оларсыз өнер әлемі бәсеңдеп қалуы мүмкін. Бел­гілі деңгейде алыпсатарлар суретшілерді насихаттап жүр. Әлбетте кейбір әрекеттері көңіл көншітпейді. Олардың құ­ры­ғына түспеу үшін адамның эсте­тикалық талғамы және интел­лек­туалдық қабілеті биік болуы қажет. Өнерден хабарсыз болған соң дәулеттілердің коллекционерлерге малданып қалған сәттері аз кездеспейді. Себебі бизнестің қыр-сырын жақсы білетін адам, өнерде түк түсінбеуі мүмкін. Бұл –  қалыпты жағдай. Сондықтан да арт-диллерлерге оларды көн­ді­ру аса қиынға соқпайды. Алайда ауқатты жандар да бұл жақсы бизнес екенін түсініп, атал­ған ба­ғытқа қаржы құя бастады. Же­ке галереялар ашып, көр­ме­­лер ұйым­дастыруды қолға алды, – дейді Ресейдің Санкт-Петер­­бург шаһарында еңбек етіп жүр­ген қандасымыз, жас мүсінші Мей­рам Баймұқанов.

 

Ең бай суретші

Әйтсе де арт-индустрияда өз атын қалыптастырып, өнерде соңғы трендтерді енгізген тұлға­лар да баршылық. Олардың қата­рынан британдық Дэмьен Херст ойып тұрып орын алған. Оның бір ғана «Құдайдың махаб­ба­ты үшін» жұмысы қоғамда әжеп­тә­уір резонанс тудырды және суретшінің қоржынын 100 млн АҚШ долларына толтырған. Бұл әзірге ең қымбат заманауи өнер туындысы. Адамның бассүйегі пішініндегі экспонат пла­тинадан жасалып, сырты түгел­дей 1106,18 карат болатын гау­һартаспен безендіріліпті. Ұзын саны 8 601 бағалы тас жұм­сал­ған. Мейрам Баймұқанов, Херс­тің бұдан бөлек жұмыстары да қоғамның қызу талқысына түс­ке­нін айтып Contemporary art-тағы (Заманауи өнердегі) жалпақ жұрт­қа беймәлім қырларымен бөлісті.

– Дэмьен Херст шығар­ма­шы­лы­ғының басты тақырыбы – өлім. «Жан санасындағы ажалдың физи­­калық мүмкінсіздігі» («The Im­pos­sibility of Death in the Mind of Someone Living») атты жұмы­сы­на қарасаңыз, формалинге толтырылған аквариумдегі аку­ланың бейнесін көресіз. Осы арқылы автор қауіп пен өлім­нің символын әспеттегісі келді. Атал­ған инсталляция жайлы түр­лі әңгімелер таралған. Бірде ин­вес­торға аквариумдегі акула­ның бейнесі ұнамай, британ­дық шебер оны басқасына ауыс­ты­ру­ға бел буады. Бірақ тапсырыс беруші райынан қайтып, жырт­қыш балықты орнына қайтаруды сұрайды. Сөйтіп өлі акуланың бағасы еселене түскен деседі. Ес­туім­ше, бұл еңбекті Стив Коэн есімді коллекционер 12 млн дол­лар­ға сатып алған, – дейді ол.

Батыстық таблоидтардың дере­­­гінше, Херст әлемдегі ең бай сурет­шілердің қатарына жатады. Оның жеке қоры 1 млрд доллардан асады екен. Ол «Beau­ti­ful Inside My Head Forever» атты толық жинағын Sotheby's аукцио­нында 198 млн долларға сатып, жалғыз өзі аукциондағы рекордтық көрсеткішке қол жет­кіз­­ген. Ұлыбританиялықтан бас­қа ең ауқатты суретшілердің сана­­тына Джеф Кунс, Такаси Мура­ками, Джаспер Джонс сынды май­талмандар кіреді. Жуырда Нью-Йорктегі Christie's аукцио­нында Кунстың «Қоян» атты мүсіні 91, 1 млн долларға сатылыпты. Блумберг агенттігінің мәліметінше, қымбат экспонатқа АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучиннің әкесі, коллек­цио­нер Роберт Мнучин ие болған.

 

Қазақ суретшілері әлемдік көшке ілесе ала ма?

Отандық мейнстримге тоқ­тал­сақ, біздегі арт-индус­трия­ның күретамырына енді ғана қан жүгіргендей. Мұны сарапшылар елдің экономикалық әл-ауқатымен және мәдени интегра­циялық үде­ріс­термен байланыс­тырады. Әзірге қазақстандық авторлардың ара­сынан әлемдік деңгейдегі бе­дел­­ге Алмагүл Меңлібаева ие. Жаңа медиа, атап айтқанда фото әрі видеоинсталляция бағы­тын­да жұмыс істейтін оның шы­­ғар­машылығы әсіресе шет мем­­­лекеттерде жоғары баға­ла­­­нады. Қазақ суретшісінің «Кур­ча­тов 22» секілді эко­ло­гия­­лық тақырыптағы еңбектері өнер әлемінде кең танымал. Ав­тордың бір картинасы шама­мен 100 мың долларға дейін баға­ланады. Еуропаға қоныс аудар­ған отандасымыз бірнеше биеннале, сол секілді Берлин, Милан, Париж және Лондон сынды қалалардағы ауқымды көрмелерге жиі қаты­сып келеді. Одан өзге Рашид Нұрекеев, Асхат Ахмедьяров, Сәуле Сүлейменова, Мол­дақұл Нарымбетов, Саид Атабеков және Эдуард Казарян­дай өнер иелері де бұл салада табысты еңбек етіп жүр. Қазақ­стан­дық суретшілердің ішкі нарық­та­ғы кіріс айналымы 40-100 мың доллардың айналасында. Дей тұрғанмен, отандық шебер­лер­дің жұмысына сырттан қызы­ғу­шы­лар көп сыңайлы. Сол себепті бұдан артық тауып жүрген авторлар да жоқ емес, дейді сарапшы­лар.

– Қазақстанда аса танылмаған суретшілер, кейде шет мемлекет­тер­де жақсы бағаланады. Сол сияқ­­ты басқа елдің суретшісі қазақ елінде атақты болуы мүм­кін. Бұл шебердің қай бағытта жұ­­мыс істеуіне де байланыс­ты. Бізде коммерциялық және социа­лис­тік реализм бағытында айна­лысатын авторлардың ең­бек­­тері кең сатылымда. Ал зама­науи өнер жөнінде айтсақ, бұл өнер саласы енді ғана қанат жа­йып келеді. Жасыратыны жоқ, оны біздің қоғам әлі жете тү­сіне бермейді. Жаңа бағыттың лайықты бағаланбауының себебі осында шығар. Тиісті дәрежесін алу үшін халықтың мәдени сауа­тын көтеру керек. Осы ретте өнер­танушылар күш салу керек. Әр өнер иесі өз заманында абыройға кенелуі тиіс. Елімізде түрлі жанрдағы еңбектерді саудалайтын орындар жеткіліксіз. Мысалы, Алматыдағы «Есентай молл» сауда-мәдени кешені, сон­дай-ақ ел астанасындағы сәу­лет ғимараттарын алып қара­йық. Көбінесе шетелдік май­тал­мандардың жұмысын бай­қай­сыз. Әрине қазақ қылқалам шеберлерінің, мүсіншілерінің де туындылары қойылған. Бірақ өзге елдің жаңа бағыттағы еңбек­те­рі көптеп кездеседі. Соған қара­ғанда біз оған мұқтажбыз. Біз мұны талқылап жатқанда өзге мемлекеттің суретшілері көрер­мендерімізді жаулап жатыр. Аталған істі сөзсіз тездетіп қолға алғанымыз жөн болады. Тұтастай айтқанда, өнерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту – бүгінгі заманның талабы. Өйткені өнер – дәуірдің бет бейнесі, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батан.

Кәсіби коллекцияларды жи­нақ­тайтын ұйымдарды айтсақ, Қазақстанда олардың саны көп емес. Елордадағы «Хас Санат», алма­тылық «Ұлар», «Tengri Umai» және Ark сынды гале­рея­­лар аталған индустрияда кәсіп­те­рін жолға қойған. Десек те, бұл көшке ілескен коммерциялық ұйым­дардың да қатары жыл санап артып келе жатыр. Қалың топтың арасында әсіресе Aspan Gallery, TSE заманауи өнер галереясы, Art Future, Artmeken және Kazarian Art Center нарықтағы орындарына нық жайғасқан. 2000 жылдардың басында ресми органдардың көмегімен Ұлы дала суретшілері әлемдік кеңіс­тік­ті жаулауға тырысып көрді. Christie's және Sotheby's аукцион үйлерінде 100-ге жуық қазақ­стандықтың шығармалары қойыл­ғанымен, одан айтар­лық­тай нәтиже болмаған сыңайлы. Де­ген­­мен, отандастарымыз жеке­ле­­ген арт-студиялар арқылы бұ­­дан шығатын амалды тапқан сияқты.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»