Жұма, 25 қаңтар 2013 7:08
Бір аптадан аса уақыттан бері Ресейдің, сондай-ақ біздің де кейбір ақпарат құралдарымыз посткеңестік кеңістіктегі қылмыстық дүниенің ең беделді қайраткері Аслан Усоянның (лақап аты Хасан ата) өлтірілуін барынша қазбалап көрсетті. Оған әлемдік БАҚ та біраз назар аударды.
Жұма, 25 қаңтар 2013 7:08
Бір аптадан аса уақыттан бері Ресейдің, сондай-ақ біздің де кейбір ақпарат құралдарымыз посткеңестік кеңістіктегі қылмыстық дүниенің ең беделді қайраткері Аслан Усоянның (лақап аты Хасан ата) өлтірілуін барынша қазбалап көрсетті. Оған әлемдік БАҚ та біраз назар аударды.
Оның атына қосылып айтылатын сипаттама көп: орыс мафиясының королі, «Әлем ұрыларының ұлы патриархы», заңдағы №1 ұры. Біреулерге бұл ғайбаттап айтылғандай көрінер, ал Ресей қауымында аса үлкен бедел. Оған оқ атылып, жараланғаны белгілі болғанда, сол жерге Мәскеу полициясының бастығы Олег Баранов, РФ Тергеу комиссиясының Мәскеу бойынша бас тергеу басқармасының бастығы Вадим Яковлев жан ұшырып жеткен. Бәлкім, басқа бір белгілі қоғам не өнер қайраткері қаза тауып жатса, бұлар бармауы да мүмкін. Ал Хасан ата өліп жатқанда, бармай тұра алмайды.Оның өмірбаяны тек қылмыстан тұрады. Отыз жасында «заңдағы ұры» тәжін киеді. Бұдан кейін оған ешкім тимейтін болған. 1994 жылы Санкт-Петербургке орнығады. Кәдімгі қызметке орналасқандай. Құқық қорғау орындары ғана емес, қала басшылары да, ел басшылары да оның қылмысты әлемнің жетекшісі екенін біледі. Бірақ оған ешкім тиіспейді. Бұлар жасырынбайды да, ең қымбат шетел көлігі солардың тақымында. Жасаулы үй-жай солардікі. Жалғыз жүрмейді, мәшинелер эскортымен қозғалады.Құқық қорғау органдары тиіспегенмен, бұл елдегі қылмыстық патшалықта оның бақталастары жетерлік. Қауіп солардан. Хасан атаға бұған дейін де қастандық жасалып, 2010 жылғы қыркүйекте бұл елдің ақпарат құралдары біраз шулаған. Оқ тигенмен, атақты Боткин ауруханасының дәрігерлері оның жанын сақтап қалды. Сонда ауруханада жатқанда сол медициналық мекеменің ішінде қылмыскерлер мафиясының королін Ресейдің ең озық полиция бөлімдері мен арнаулы қызметінің және бандиттердің жүз қаралы адамы қорғауға алды.Бұл жолы Ресейдің медицинасы, осы елдің қылмыстық әлемінің қаржылық құдіреті Хасан атаны құтқара алмады. Енді оны жерлеу ғана қалған. Бұл жерде де қылмыскерді құрметтеудің, ұрыны ұлықтаудың «өнегесі» көрсетілді. Мәскеудің Троекуров зиратында азаматтық жаназасын шығару өткізілді. Оған бірнеше мың адам қатысқан. Арасында қылмыстық әлемнің басшылары бар. Бұл зиратқа барар жолда ең қымбат шетелдік көліктердің кептелегі болған.Жаназасын қылмыстық дүниенің орталығында шығарғанымен, Хасан атаның өсиетімен оны туған жері Грузияда жерлемек болады. Ұлы ұрының мүрдесі салынған ұшақ солай қарай ұшады, сірә, орыс мафиясы королінің мұрагерлері оны туған жері құшақ жая қарсы алады деп ойласа керек, бірақ қылмысқа қарсы қол көтерген Грузия оны қабылдамады. Мұрагерлер амалсыз қылмыстыларға құрмет көрсететін жерге қайта оралуға мәжбүр болды.Хасан ата Мәскеудің Хован зиратында жерленді. Ұлы ұрыны ұлықтау, қылмыскерді құрметтеу тағы жалғасты. Тағы да оған қылмыстық дүниенің қайраткерлері қатысты. Олар ешкімнен қорықпайды, бой тасаламайды. Қазір баспасөзде ұлы ұрының жақын серіктерінің, мұрагерлерінің аты-жөні жазылып жатыр. Олар барлық жерде бар көрінеді. Астапыралла, бізде де бар екен! Аты-жөні курд-езид Гади Калоян. Оны біздің орындар да білетін шығар. Білмесе, бұлар шошқа тағалап жүр ме дейсің. Ал білсе, неге тұқымын құрытпайды. Бұлар да ұлыны ұлықтай ма деген сұрақ туындайды.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».