• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2019

Шыңғырлауда «Ақжайықтың Ақкербезі» ән байқауы өтті

1006 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында «Ақжайықтың Ақкербезі» атты республикалық әнші-термеші қыз-келіншектер байқауы өтті. Байқауға жергілікті әншілермен қатар Қостанай, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан 12 үміткер қатысып, бақ сынады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші Қалампыр Рахимованың 70 жылдығына арналған республикалық байқау 18 бен 45 жас аралығындағы, Қазақстанның өнер саласындағы ресми атағы жоқ, бұрын термешілер байқауында бас жүлде алмаған жыршы-термеші қыз-келіншектерге арналған болатын. Өнер сайысын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Сәуле Таудаева жетекшілік еткен қазылар алқасы қадағалады.

Шара барысында байқауға қатысушылар мен меймандар Шыңғырлау ауылының орталық саябағында орналасқан Қалампыр Рахимова ескерткішіне гүл шоғын қойып, аудандық өлкетану музейінде өңір тарихымен танысты.

Екі кезеңнен өткен ән сайысында әншілер Қалампыр Рахимованың үнтаспада жазылған әндерін, термелерін ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап, жыршылық-термешілік өнерді кейінгі ұрпаққа қалыбын бұзбай жеткізіп келе жатқанын көрсетті. Байқаудың бір мақсаты – әншінің есімін мәңгі есте сақтау болса, ол үдеден жетті деуге болады.

Құрамында Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Ержан Тұрмағамбетов, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі, дәстүрлі әнші Баян Қабиева және республикалық әншілер байқауларының жүлдегері, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Ернар Өмірәлі бар қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі – 500 мың теңге оралдық әнші Назгүл Қабиеваға тиді.

Әрқайсысы 150 мың теңгелік І орын жүлдесіне қызылордалық Нұрайым Ерталапқызы мен Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданынан келген Лаура Мұхамбетжанова лайық деп танылды. 

Оралдық Әмина Ғайнеденова мен ақтөбелік Ғазиза Әбдірова ІІ орын алғаны үшін 125 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Ақтау қаласынан келген Айнұр Омарова, қостанайлық Айжан Санай, оралдық Ақмарал Кемелханова әрқайсысы 65 мың теңгелік ІІІ орын сыйлығын иеленді.

Байқауға қатысқан өзге әншілер де құр қол қалмады. Ақтөбе қаласынан келген әнші Жұлдыз Орынбековаға, оралдық Әдемі Әділгерееваға, БҚО-ның Сырым ауданы атынан қатысқан Гүлнафис Ихласоваға және шыңғырлаулық Индира Нығметоваға ынталандыру сыйлығы – 50 мың теңгелік сертификат табыс етілді.

Батыс Қазақстан