• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Маусым, 2019

Банктің «Бағалаушылар кабинеті» несиелік өтінімдерді қарастыру мерзімін қысқартты

354 рет
көрсетілді

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Бағалаушылар кабинетінің» іске қосылуы несиелік өтінімдерді қарастыру мерзімін қысқартты.

Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысын жүргізу және оны сатып алу мақсатында қазақстандықтарға бөлінген барлық несие көлемінің 59%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі. Банк өнімдерінің үлкен сұранысқа ие болуына байланысты ТҚЖБ клиенттерге қызмет көрсету уақытын қысқартудың жаңа шешімін енгізіп, банктік процесстерді автоматтандыруда, деп хабарлайды ТҚЖБ баспасөз қызметі

Солардың бірі – «Бағалаушылар кабинеті» арнайы бағдарламасы. Бүгінге дейін мұндай қызмет түрі Қазақстан мен көрші елдерде болмаған. «Бағалаушылар кабинеті» шұғыл түрде жылжымалы мүлікті бағалау есебін жасауға және оны онлайн-режимде банкке ұсынуға мүмкіндік береді. Осы қосымша іске қосылғаннан бері несиелік өтінімді қарастыру мерзімі айтарлықтай қысқарды. Мәселен, осыған дейін өтінімдер 15 күн ішінде қарастырылса, енді бұл процесс тек 3 күнде жүзеге асырылады.

Қазіргі сәтте қосымшада 216 бағалаушы компания бар. Бұған дейін аталған сервисті пайдалану үшін банк 2 500 теңге мөлшерінде комиссия алса, енді 2019 жылдың 17 маусымынан бастап бұл қызмет түрін тегін пайдалануға болады. Бұл жөнінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Алматы қаласында бағалаушы компаниялар өкілдерімен өткен кездесу барысында атап өтті. Ол, сондай-ақ, осы сәттен бастап банктің бағалаушы-серіктестері санының артатындығын, осылайша банк клиенттеріне қызмет көрсету сапасының әлдеқайда жақсаратындығын хабарлады.

– Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ең ірі кепілзат иесі. Портфеліміздің кепіл бағасы 2 триллион теңгені құрайды. Осы жылдың алғашқы бес айы ішінде біз шамамен 17 000 займ бердік. Бұл – банк тарихындағы рекордтық  көрсеткіш. Сондықтан, біз үшін тұрғын үйді бағалау жұмыстарының жылдам, сапалы әрі айқын түрде жүргізілуі өте маңызды. Алдағы уақытта «Бағалаушылар кабинетіне» қалған серіктестеріміздің де қосылатынына сенеміз. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 1 200 бағалаушы компания қызмет көрсетеді. Бәріміз бірге жұмыс істесек, азаматтарымызға ең қысқа мерзімде сапалы қызмет көрсетін боламыз, – деді Ләззат Ибрагимова.

АЛМАТЫ