Сонымен Ербол Шаймерденұлындай таланттың артында қалған мұрасын кейінгі буынға жеткізу, атын жаңғырту жұмыстары соңғы кезде қолға алына бастады. Өзін балапандай баулып, қырандай түлеткен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы ҚазҰУ-да дәрісханасы ашылды. Кіндік қаны тамған, алыптар елі Қызылжар өңірінде бәрекелді дегізер жұмыстар жалғасын табуда. Жақында сондай қайырлы қадамдарға куә болып қайттық. Оның біріншісі, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ақын жүректі қайраткер» атты дөңгелек үстел еді. Оған қарымды қаламгерлер Ж.Сүлейменов, Қ.Жиенбай, журналист-сазгер Қ.Ағыбаев, профессорлар Қ.Тұрсынов, А.Ыбыраева,З.Тайшыбай, Ж.Қадыров, мектеп мұғалімі Ә.Құлыбекова, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, Ербол Шаймерденұлының артында қалған ұшан-теңіз мұрасына жан-жақты талдау жасап, ол алдымен жыр дүлдүлі Тұманбай Молдағалиев айтқан ақындықтың әулие құсын қолына қондырғанын дәйектейтін өрнекті өлең жолдарымен алға тартты. Сол секілді қазақ көркем публицистикасында да өз қолтаңбасын қалыптастырғанынан, әнге сөз жазуда ұлттық үлгіні қатаң ұстанғанынан, аударма саласында да қыруар шаруа бітіргенінен, оған әлем ойшылдары мен философтарының қанатты қағидаларының қадірін кетірмей жұртымыздың кемел тілінде керемет сөйлеткенінен мысалдар келтірді. Шашау шықпасын деген ниетпен жиырма бес ғасырлық, бағзы заманнан бүгінге дейінгі даналық дарақтарын жинап «Қазақ афоризмдері» деген көлемді жинақты тұңғыш рет жарыққа шығарғанына, ондағы дара да дана ұлыларымыздың, яғни б.з.д.V ғасырдағы Анақарыс, Тоқсары, Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіннен бастап, Сағат Әшімбаевқа дейінгі ұлт жақсыларының айтқан ой орамдарына да кеңінен тоқталды.
Дөңгелек үстелден кейін оған қатысушыларды облыс әкімі Құмар Ақсақалов қабылдап, еңселі азаматқа құрмет көрсету абырой екенін атап, шығармашылығымен де, қайраткерлігімен де халқына шынайы қызмет еткен Ербол Шаймерденұлына деген ілтипатын жеткізді.
Екінші шара мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлы» тақырыбындағы оқушылар конкурсы облыстың Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау атындағы мектепте болды. Сайыс басталар алдында елдің еңсесін тіктейтін ұлт рәміздерін тұңғыш рет халыққа жеткізу, «Бұл төңіректегі асқар таудай қиын шаруаның бәрі жас қаламгер Ербол Шаймерденовтің мойнына жүктелді. Ол нағыз байқатпай жүріп ел мүддесіне еңбек ете білетін шын бейнетқорлық мінезін танытты. Ол мінезі жас тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан алғашқы жылдарында әбден көрінді», деп сөз зергері, ақыл данагөйі Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, Ербол ұлт жұмысын ақаусыз атқарып, ел тану ілімін қалыптастырғаны туралы ақиқат алға тартылды. Оқушылар арасындағы бұл сайыс төрт бағытта, нақтылай түссек 5-11-сынып оқушылары Отан, ел, жер, рәміздеріміз туралы патриоттық әндер айтып, өлең шығарып, сурет салып, эссе жазудан бақтарын сынады. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Осы арада Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушылары А.Бұғасов пен Ж.Тасқожин Ербол Шаймерденұлының шығармашылығы бойынша «Қаламгер мұрасы бізге өнеге» деген тақырыпта ғылыми жұмыс жазып, облыста жүлделі орынға ие болғанын айта кетелік. Осындай ғылыми ізденісте жүрген оқушыларға Күләш Шаймерденова арнайы сыйлық табыс етті.
Ерболдың атажұртында отырғандар мектептен оған арнап шағын бұрыш ашыпты. 95 жастағы алғашқы ұстазы Шарбан Хәкімқызы балалық шағынан есте қаларлықтай естеліктер айтты. Алдағы уақытта мәдениет үйінен музей жасақтау ниетінде екен.
Сөз түйініне келер болсақ, сан қырлы саңлақ, жұрт руханиятына өзіндік үлес қосқан қайраткер азамат Ербол Шаймерденұлына алдағы уақытта да осындай құрмет көрсетуді жалғастыра берсек жарасары хақ. Ендігі жерде өзі салған үлгімен тұңғыш рәмізтанушы, алғаш рет қазақ афоризмін жүйелеуші, Елбасының бірінші баспасөз хатшысы, қайраткер қазақ Ербол Шаймерденұлы атындағы іс-шаралар қатарында Отанымызда аталып өтілетін Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлы» деген тақырыпта республикалық конкурстар ұйымдастыруды қолға алсақ, ұтылмас едік. Біз атаған ұсыныс киелі Қызылжар өңірінде басталып та кетті. Енді ол байтақ еліміз бойынша жалғасын табарына сеніміміз мол.