• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2019

Жас архившілердің жазғы мектебі ашылды

488 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Пре­зидент Архивінде ТМД елдері Жас архившілерінің ІІІ жазғы мектебі ресми түрде ашылды. Дәстүрге айнала бастаған архив қызметкерлерінің заманауи үлгідегі басқосуына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 100-ден аса жас маман қатысып, олар бес күн бойы архив және архив құжаттарымен жаңа тәсілде жұмыс істеу ісіне байланысты қызықты дәрістер тыңдайды. Биылғы Жазғы мектептің лекторлары ретінде Поль­­ша, Ресей және Қазақстанның ар­­хив ісі бойынша жетекші мамандары шақырылып отыр.

Президент Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырованың құттықтау сөзімен ашылған жиынға Ресей мемлекеттік гуманитарлық уни­вер­ситеті Тарих-архив инсти­тутының кафедра меңге­рушісі, профессор Михаил Ларин, Поль­ша Республикасының Алма­ты қаласындағы Бас консулы Ми­хаил Богданович, Ресей Феде­рациясының Алматы қаласындағы вице-консулы Багир Мамиев, Польшадағы Мария Складовская-Кюри университетінің архивтану және қосымша тарих пәндері кафедрасының доценті Артур Горак, Ақпарат және әкімшілік технологиялар институтының директоры, профессор Борис Жапаров посткеңестік елдерден жиылған жас архившілердің жұмысына сәттілік тілеп, өзара ынтымақтастықты арттырып, тәжірибе алмасуды әлі де тереңдете түсудің негізінде тиімді ортақ нәтижеге қол жеткізуге болатынына тоқталды.

Жас архившілердің жазғы мектебі ТМД елдері архив меке­мел­ерінің мамандары үшін жаңа заманауи форматтағы кәсіби білім алатын алаң болып табылады. Президент Архивінің бастамасымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған Жазғы мектеп қатысушы­ларының цифрлы ақпарат пен электронды құжаттарды архивтегі іс жүргізу жұмысына пайдаланудың төңірегінде бір-біріне үйретері аз емес. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы сағаттап, тіпті тәуліктеп күтуге мәжбүр болатын тапсырыс берушілердің сұраған кітаптары мен құжаттарын арбаға тиеп әкеп, тарататын тәсіл келмеске кетіп барады. Архив құжаттарын электронды нұсқаға көшіріп, қажетті құжатты қиналмай тауып алуға мүмкіндік беретін бүгінгі цифр­лы әдісті игеру ең алдымен архившілер үшін қажет екені әр тарихшының дәрісінде түрлі мысалдармен тарқатылып жатты. Бір сөзбен айтқанда, биылғы мектеп дәрістерінде архивтерді цифрлы жүйемен қамтамасыз ету, электронды құжаттардың сақ­талуы, күнделікті архив қыз­метінде заманауи ақпараттық техно­логиялардың енгізілуі мен пайдаланылуы мәселелеріне көп көңіл аударылған.

Іс-шара бағдарламасы аса бай, онда пікірсайыс-талқылаулар, шеберлік сағаттары, іскерлік ойындар, тұсаукесерлер, сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік архивтерімен таныстыру жағы қамтылған.

Қатысушылардың назарына заманауи архив жабдықтары мен компьютерлік техника­лар ұсынылды. Іс-шара қа­ты­сушыларына арнайы FeebMe мобильді қолданбасында жеке кеңістік ашылды. Оның көмегімен қатысушылар электронды тіркеу­ден өтіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізіп қана қоймай, спикерлерге онлайн сұрақтар қойып, пікірлер мен жазбалар қалдыра алады.

 

АЛМАТЫ