• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2013

Ойыны осылған олигарх

386 рет
көрсетілді

Ойыны осылған олигарх

Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 1:55

Сөйтіп… Аспан астын, жер үстін ақ боран мен қара дауылға ұшыратып, жүрген жеріне құйындай тиетін айрықша жан – Борис Березовский де көп пенденің бірі екенін білдіріп, өзінің соңғы 13 жылдағы тұрағы Лондонның түбіндегі Аскот деген қалашықтағы үйлерінің бірінде 23 наурызда, 68-ге қараған шағында бұл өмірден өте шықты. Өлмеуге болатын бір адам болса, тап осы болар еді, өлмеудің жолын таба алатын адам болса, тап осы табар еді.

 

Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 1:55

Сөйтіп… Аспан астын, жер үстін ақ боран мен қара дауылға ұшыратып, жүрген жеріне құйындай тиетін айрықша жан – Борис Березовский де көп пенденің бірі екенін білдіріп, өзінің соңғы 13 жылдағы тұрағы Лондонның түбіндегі Аскот деген қалашықтағы үйлерінің бірінде 23 наурызда, 68-ге қараған шағында бұл өмірден өте шықты. Өлмеуге болатын бір адам болса, тап осы болар еді, өлмеудің жолын таба алатын адам болса, тап осы табар еді.

Әлемдегі екі алып елдің бірі және оның азуы алты қарыс қауіпсіздік қызметінен қорықпай бір кезде: «Осы елде мен маймылды да президент жасай аламын», деп асқақтаған Березовский еді ол. Қауіпсіздік қызметінен қорықпаған деген не, бір кезде тіпті оның бастығы болып, астына ерттеп мініп те алған еді ғой. Сол жылдары Ресей Федерациясындағы бірде-бір үлкен шара оның қатысуынсыз, араласуынсыз өтпейтін. Биліктегі адам­ның «отбасылық досы» деген бел­гісіз, бірақ бәрін шешетін мәртебені де жалғыз өзі иеленген. Ресей сияқты әлемдегі ең алпауыт елдің қаражат табу мүмкіндігі мол компаниялары мен акционерлік қоғамдарының да иесі осы болып алған еді. Бұған бағынғысы келмей, қарсы шыққан адамдар болса, әртүрлі белгісіз жолдармен қазаға ұшырайтын. Бірнеше жылға созылған орыс-чешен соғысынан да олжа тапқан аз адамдардың бірі және бірегейі осы болғаны белгілі. Екі жақтың да тілін тауып, ортасында өзі олжаға кенеліп жүргені туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде болған неше түрлі «сары төңкерістердің» де қасынан «теңавтор» ретінде осы табылған.

Айрықша, тым айрықша жан еді ол. Тіпті, түр-тұлғасы да ұзақ уақыт ұмы­тылмайтын шығар. Тұла бойындағы құдайдың құдіретімен берілген ақылдың, сезімнің, болжамның, түйсіктің, пайым­ның күші бір арнаға тоғысып, жұмылған жұдырықтай болып жүретін еді. Ағыл-тегіл сөйлеп кеткенде осы күштердің қайсы бел алатынын да сез­бейсің, әй­теуір, барлық жақтан ағылған қуатты лебіз тасқын судай лақылдайтын. Тіпті, дене күші де соларға үйлесіп, бұлшық еттері үнемі түюлі болатын рингке шық­қан боксшыдай жинақылықпен, аяғын атылатын тағыға ұқсап басатын.

Бәлки, адамға берілген барлық осынау мүмкіндіктерді ол бір мезгілде те­гіс қозғалысқа келтіре алатын аз жан­дардың бірі болған шығар. Бірақ солары адамзатқа пайдасы тиген рационалды қызмет емес, көбінесе басқаларға, соның ішінде мемлекетке зиян келтіретін, жеке басының пайдасын ғана көздеген иррационалды реңкте жарқырап жүрді. Сондықтан да, оған «халықаралық дең­гейдегі алаяқ», «жауыз данышпан» секіл­ді атақтар таңылды. Тіпті, сыртынан сотталып, бірнеше жылға түрмеге кесілді.

Бүгінгі күні Интернет беті оның өлімі туралы алыпқашты әңгімелерге толып кеткен. Соның ішінде оның қазасын бас пайдасына жаратып, атын шығарып қалғысы келген адамдардың да жасанды пайымдары қаптап жүр. Ажалы адамның қолынан келетін адам болса, Березовский бұдан бірнеше жыл бұрын жоқ болар еді. Біреулердің алты рет жасаған қастығынан аман қалған оны күзетшілері бар өзінің үйіндегі ваннада «мойыншәлімен тұншықтырылған» деген болжамына күлгеннен басқа не айтарсың? Сондай-ақ, адвокаты Алек­сандр Добровинский дегеннің «өзіне өзі қол салған» дегеніне де сену қиын. Жауырыны жер иіскегенше айла жасауға бейім адамның өмірден күдер үзердей шарасыздыққа немесе күйзеліске түсуі мүмкін емес сияқты.

Әзірге ең жақын адамдары оның өлімі ажалы жеткеннен табиғи жолмен болды дегенді ғана айтып жүр. Ешкімнен ығып, ештеңеден жасқануды білмейтін Британия полициясы өздеріне берілген сансыз сұрақтарды жауапсыз қалдырып, зерттеу толық аяқталғанша ешқандай болжам айтпайтынын айтып, міз бақпауда. Бүгінге дейін марқұмның мәйіті табылған үйден химиялық уландырғыш заттардың ізі табылмас па екен деген болжаммен ұңғыл-шұңғылдың бәрі тексерілгені белгілі болып отыр. Одан кейін ДНК-сынан алынған сынама ядролық қарудың ғылыми-зерттеу орталығына жіберіледі екен. Қанында плутоний қалдығы бар-жоғын солар анықтайды.

БАҚ-тарда Березовскийдің жүрек талмасынан кеткені туралы болжамдар да көп айтылуда. Ондай болса, Британия мамандары бірден айтар еді ғой. Әзірге бұл болжам да ресми түрде қуатталмады. Тек, осы жолдар жазылып жатқан кезде ғана полиция оның тынысы бітіп, тұншығудан қаза болғандығы туралы болжам айтты. Бірақ бұған басқа адамның қатыстылығы жоқтығы ескертілді. Бірақ бұл болжам да әлі ресми емес.

Өлімінің өзі жарты әлемнің жағын талмай жырлауына себеп болған Березовский дегеннің өзі кім еді дегенге тоқталып көрелікші.

Өмірі мен өрісі

Борис Березовский 1946 жылдың 23 қаңтарында мәскеулік инженер-құрылысшы, еврей халқының өкілі Абрамның отбасында өмірге келген. Шешесі Анна Александровна КСРО Медицина ғылымдары академиясының педиатрия институтының зертханасында еңбек еткен. Борис жасынан өте алғыр бала болса керек, ата-анасы оны алты жасында-ақ мектепке берген. Алтыншы сыныпта ол ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепке ауысады. Олигархтың ағылшын тілінде заулатып сөйлейтіндігінің сондай сыры бар.

Мектепті жақсы бітірген соң ол ММУ-дің физика факультетіне түспек болады. Бірақ, өзінің айтуына қарағанда, еврей ұлтының өкілі болғандықтан, оған қабылданбайды. Сосын Мәскеудің орман шаруашылығы институтының электроника және есептегіш техника­лар факультетіне түседі. Бұл инс­ти­тутты бітірген соң, 1968 жылы КСРО Жабдықтар жасау, автоматтан­ды­ру құралдары және басқару жү­йесі министрлігінің мәшинелерді, жаб­дық­тарды сынау жөніндегі ҒЗИ-інде қа­рапайым инженер болып бір жыл жұмыс істейді. Одан Гидрометерология ҒЗИ-іне ауысады, одан КСРО ҒА басқару проблемалары институтына ауысып, сонда біршама тұрақтайды. Осыған қарап-ақ оның жасынан жанын жеп, олжалы жерді тапқанша орын таппай секіре беретін жанкештілігін көруге болады. Сөйтіп жүріп, 1973 жылы ММУ-дің механика-математика факультетін сырттай оқып, бітіріп алады. Одан кейін басқару проблемалары институтының аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертация қорғайды. 1983 жылы ол айтуының өзі адамның басын шатастыратын «Жоба алды шешімдерді қабылдау алгоритм­деуінің теориялық не­гіздерін әзірлеу және оларды қолдану» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, техника ғылымдарының докторы атанады. Жұрттың көбі оны математик деп ұғады, шын мәнінде, Березовский техника ғылымдарының докторы еді.

Егер ғылыммен шұқшия айналысып, еңбек торысы болса, оны кім білер еді? Осыны ескерген Березовский сол жылдарда газеттерге проблемалық мақалалар жазып, түрлі ұсыныстар жасап жан таппай, атын шығарып жүреді. 1978 жылы комсомолдың сыйлығын да алады. Ал 1991 жылы Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне сайланады. Ол 100-ден артық ғылыми мақалалар мен бірнеше монографиялардың авторы болып табылады.

2008 жылы Борис Березовскийді үстінен сегіз қылмыстық іс қозғалуына байланысты Ғылым академиясының мүше-корреспонденттігінен шығару туралы әңгіме көтеріледі. Бірақ акаде­мияның жарғысына сәйкес бұл атақ өмірлік болып берілетіндіктен, ұсыныс қабылданбайды. Ғылым академиясының президенті Юрий Осипов кезінде Трофим Лысенко мен Андрей Сахаровты да академия Орталық комитеттің қысымына қарамай өз қатарынан шығармаған, сондықтан біздің де ешкімді шығаруға қақымыз жоқ деген уәж айтады.

Борис Березовскийдің қыз-келін­шектерге қырғидай тиетін «өнері­нің» де үстем екені жалпақ жұртқа белгілі. Оның Лондонда жүріп-ақ орыстың жас сұлуларын ұшақпен алдырып, қызыққа батып жүретіні туралы талай жазылған. Еліміздің Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Нұр мен көлеңке» кітабында олигархтың мұндай «өнерін» көргенін айтып кеткен. ТМД-ның Атқарушы хатшысы болып жүрген күндерінің бірінде, 1999 жылдың күзінде ол ресми сапармен Астанаға келе қалады. Сыртқы істер министрі ретінде Қ.Тоқаев оны әуежайдан қарсы алуға барады. Швейцариялық айырым белгісі бар арнаулы ұшақтан алдымен қаптаған күзетшілер түсті, одан кейін спорттық формадағы жоғары лауазымды шенеунігіміз шықты деп еске алады ол. «Ұшу кезінде де дене шынықтырумен айналысқан сияқты. Жанында түр-түсі келісті бойжеткен бар» делінген естелікте. Аузы барынша ауыр дипломаттың сыздықтатып айтқан шыны барша әлем айтып жүретін сырды білдіріп-ақ тұр…

Сөйтіп жүрсе де Б.Березовский үш рет ресми түрде үйленіп, әрбір әйелінен екі баладан алты ұрпағын өмірге әкелген. Қазір алты немересі де бар көрінеді. Бірінші әйелі Нина Коротковамен институттан кейін, 70-ші жылдардың басында үйленеді. Одан туған екі қызы қазір үйлі-баранды. Екінші әйелі Галина Бешаровадан Артем есімді ұл мен Анастасия есімді қызы бар. Галина Березовскиймен 1993 жылы ажырасып, Лондонға күйеуінен бұрын қоныс аударған. Бірақ 2000 жылы соңынан келген күйеуімен ажырасу үдерісі 2011 жылға дейін созылып, ақырында ол Березовскийден Британияда бұрын- соңды болып көрмеген 220 млн. фунт стерлингке жақын дүние мен ақша өндіріп алады. Кейбіреулер Березовскийді осы ұтылыс пен Роман Абрамовичті сотта жеңе алмаған өкініш қатты күйзелтті дегенді айтады.

Березовский соңғы жұбайы Елена Горбуновамен 20 жылға жуық отасқан. Бұл некеден Арина есімді қыз бен Глеб атты ұл бар. Ерлі-зайыптылар отбасылық қатынастарын ресми түрде рәсімдемеген, тек азаматтық некеде тұрып келген. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында, дәл 67-ге толған жасында Березовский бұл әйелімен де ажырасады. Горбунова да сотқа арыз беріп, олигархтан бірнеше млн. фунт стерлинг талап еткен. Әрине, мұндай соққылар ет пен теріден жаралған адам болған соң қанша мықты болса да Березовскийге оңай тимегені анық. Бірақ, білетін адамдар Березовскийдің байлығы құмға сіңген судай болып жоғалып бара жатқанын көрген соң Е.Горбунова өзіне тиесілі үлесті сот арқылы қамтып қалмақ мақсатпен ажырасқан деген болжамдар айтады. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, Р.Абрамовичпен соттасқаннан кейін оның барлық шығындары үшін 70 млн. фунт стерлинг берешек болған Березовский өзінің біраз мүлкін сатуға шығарыпты.

Бизнес пен билік жолында

Жеке меншік іскерлікке рұқсат беріле бастаған 1980-ші жылдардың аяғынан қуаты бойына, идеялары басына сыймай жүрген Б.Березовский бизнеске күмп береді. Бірақ оны жақсы білетіндер Березовскийдің бизнесті нақты жүргізуге шорқақтығын еске алады. Оның басында тек идеялар болатын. Ол соларды іске асыратын адамдарға иек артты дегенді айтады олар. Бұл сөздердің де жаны бар сияқты. Қалай десе де, 1989 жылы Березовский кейін атағы бүкіл КСРО-ға белгілі болған «ЛогоВаз» компаниясын құрады. Мұның мақсаты шетелдік автосалондарда тұрған «ВАЗ» автомобильдерін ішкі рынокқа әкеліп, сату болған. 80-ші жылдардың аяғында халықта ақша көп, бірақ алатын зат тапшы еді. Шет-елдерде өтпесе де «ВАЗ» машиналары елдің ішінде аттай шауып, иелерін табатын. Соны бірден аңғарған ол өтімді затты елдің ішінде көтерме бағамен сатып, шаш-етектен пайдаға кенеледі. Ал 1991 жылы «ЛогоВаз» немістің ең жақсы автосы Mercedes-Benz-ті КСРО-да сатуға ресми түрде рұқсат алып, диллер мәртебесін иеленеді. Кооперативтік қозғалыс шарықтап, көп жұртта артық ақша пайда бола бастағанда бұл машинаны сату да өте тиімді болған.

Көп ақшасы бар адамдар сол жылдары «ақшамен ақша табу» үшін банк ашумен айналысқан. Березовский де бұл үрдістен қалмай, әріптестерімен бірге 1991 жылы «Бірлескен банк» дегенді ашады. Мұнда Березовскиймен бірге оның Н.Глушков, Б.Патаркацишвили және т.б. жақын әріптестері құрылтайшы болған. Швейцариялық «Анрос» компаниясы да оның 8 пайыздық үлесін иеленген. Бұл банк 2003 жылы ғана жабылды. Оның соңғы уақыттарда Березовскиймен еш байланысы болмағанына қарағанда, олигарх мұндағы үлесін сатып жібергенге ұқсайды.

1994-97 жылдары Б.Березовский «Автомобильный Всероссийский Альянс» (АVVА) атты жобаны ұсынып, халықтық арзан автомобиль құрастыратын зауыт саламыз деп жаһаннамға жар салды. «Е, мынау дұрыс екен», деген талай адам ақшаларын салып, оның акцияларын сатып алды. АVVА басшылары біраз уақыттан кейін 20 млн. доллар көлемінде ғана қаражат жиналды, бұл біздің елде зауыт салуға жетпейді деген әңгіме таратты. Енді оны Латын Америкасы немесе Египетте салатын шығармыз деп көңірсітіп, ақыры су аяғын құрдымға жібереді. Акцияны сатып алғандар өздерінің алданғандарын біліп, ұзақ уақыт Березовскийді қарғаумен болды. Оған жасалған 1994 жылғы алғашқы қастандық та осы оқиғаға байланысты дегенді айтушылар бар.

1995 жылы Березовский Ресейдің қоғамдық теледидарын құру (ОРТ) ісіне белсене араласып, оның директорлар кеңесінің мүшесі болды. Дәл сол кезде Мәскеудің «ТВ-6» атты тәуелсіз арнасын да ашып үлгерді. Одан басқа бірнеше өтімді газет, журналдардың, радиолардың, соның ішінде «Независимая газета», «Огонек», «Наше радио» бар, басын қосып, «Коммерсант» баспа үйінің де қожайыны атанып, шын мәніндегі медиа-магнат болып алады. Сол жылдары бір БАҚ-та Березовский туралы жағымсыз хабар айтылып жатса, екіншісінде, оның еңбегі асыра бағаланатын. Осының өзі БАБ (қысқартып алынған есімі) туралы кереғар пікірлер туғызып тұрса да, әйтеуір атын ауыздан түсірмеді. БАБ-қа керегі де сол болса керек. Ол атын шығарып, өз басының «маңыздылығын» көрсету үшін бұдан басқа да қитұрқылықтарға барып тұрған. Мәселен, Президент Б.Ельцин күзетінің басшысы В.Коржаков оның өзіне жиі келетінін, қабылдамай қойса, сағаттар бойы қабылдау бөлмесінен шықпай, ондағы қызға түрлі сыйлықтар жасай отырып, қызмет телефоны арқылы «керек адамдарына» хабарласатынын, сөйтіп, Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) АТС-тің нөмірін көрсете отырып, «мен Коржаковтамын» деу арқылы өзінің маңыздылығын көтеретінін айтады. Ол-ол ма, кабинетіне кірсе де ұзақ уақыт түрлі себептермен шықпай, уақытты ұзата түсу үшін «тамағым кеуіп қалды» деп шәй сұрататынын да айтады.

Осының бәрі оның жоғарыдағылармен «жақындығын» басқаларға көрсетудің амалы екен. Кез келген жұрт мұндайда Березовскийді қауіпсіздік қызметімен маңызды шаруалар шешіп жатыр деп ойлайтыны анық. Бірақ артынан ол мұндай арзан трюктерден асып кетіп, президенттің жанына дейін жетіп, жо­ғарыда айтылған «отбасының досы» мәртебесіне қол жеткізді. Бұл уа­қыт­­та оған «сұр кардинал» деген де атақ таңылады. Өйткені, Мәскеудегі «ЛогоВАЗ»-дың қабылдау үйінде (БАБ-тың ресми кеңсесі) елдегі ең жоғары лауазымдарды тарату мәселелері шешіліп, ол жерге Ресей истеблишментінің барлық өкілдері бас сұғып отырған. Осы кездерде ол табыстың көзі мұнай екеніне көзі жетіп, «Сибнефть» компаниясының да ірі акционері болып алады. «Аэрофлот» компаниясына да қол салып, оның біраз дүниесін де қақшып кетеді.

Сол жылдары Ресей астанасын басып алған ұйымдасқан қылмыстық топтардан қорғану үшін жеке басын күзету мәселесін де БАБ түпкілікті шешіп алған. Оның АТОЛЛ күзет фирмасы туралы да ақиқат пен аңыздар күні бүгінге дейін жұрттың аузынан түспейді.

1996 жылғы Ресейдегі президенттік сайлауда коммунистер көсемі Г.Зю­гановтың жеңіп кетіп, елдегі реформалар тегершігін кері бағытқа айналдыруынан қорыққан олигархтар Б.Ельцинді қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасағаны белгілі. Бұрын КСРО қол астында көп айтыла қоймайтын политтехнологтар осы кезден қатты әрекет етті. Сайлауалды науқанын жаңаша ойлауға бейім А.Чубайсқа басқарту арқылы Б.Бе­резовский бастаған олигархтар Ельциннің жеңуі үшін өздерінің үлестерін белсенді түрде қоса алды. Дауыс берудің бірінші турында 15 пайыздық үлес алған А.Лебедьті де өз дауыстарын екінші турда Б.Ельцинге беруге үгіттегендердің бірі БАБ екені аз айтылған жоқ. Соның арқасында 54 пайызға жуық дауыс жинаған Ельцин президент болып сайланып, А.Лебедьті Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады. Ал БАБ оның орынбасары болып шыға келді. Бұл қызметтің саяси салмағы Ресейдің жаңа тарихының түрлі кезеңдерінде әр түрлі болды. А.Лебедь басқарған кезде ол барлық әлеуетті құрылымдарды тыпыр еткізбей ұстап, зор бедел иеленді. Міне, осы кезде Березовскийдің чешен жанкештілерінің тұтқынына түскен біраз адамдарды, соның ішінде шетелдік журналистерді құтқарып, ұмытылмастай болып көзге түсті. Бірақ оның бұл әре­кеттерін мансұқтаушылар да көп. Соның бірі генерал Г.Трошев өзінің «Моя война. Чеченский дневник окопного генерала» деген еңбегінде Березовскийдің тұтқынға түскен Ресей солдаттарын бо­сатуына күмән келтіреді. Сонымен қатар, Трошев Шәміл Басаевтың өз әскерлерімен Дағыстан аумағына басып кіруін Березовский 1 млн. доллар беріп қаржыландырған дегенді айтады.

Қалай десе де, бұл жылдар Бере­зов­скийдің бағы жарқырай жанып, атағы аспанға шығып тұрған кезең еді. Соның арқасында ол, 1998 жылы, ТМД орталық органына Атқарушы хатшы болып та сайланды. Жоғарыда аталған Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегіне сүйенетін болсақ, ол бұл қызметті керек те қылмай, Қап тауына баратын құпия жүрістерін көбейтіп жүре беріпті. Минскідегі ТМД-ның штаб-пәтеріне де анда-санда бір соғады екен. «Березовскийді бәрінен бұрын мұнай мен газ саудасы, сондай-ақ чешен мәселесі толғандыратын. Құжаттармен жұмыс оны қызықтыратын нәрселерден мүлдем алшақ еді», деп еске алады дипломат. Соған қарағанда, бұл қызметті де ол тек өзіне пайда табу құралы еткен.

Б.Березовскийдің саяси мансабы 1999-2000-жылдары Қарашай-Черкес республикасынан Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануымен аяқталды. Бұл мандаттан артынан ол өз еркімен бас тартты.

Өзінің айтуына қарағанда, БАБ В.Путиннің билік басына келуі жолында біршама тер төккен. Бірақ екеуінің арасында 2000-шы жылдары салқындық пайда болды. Билік басына келген соң Президент В.Путин өзінің сайлау алдындағы «равноудаление олигархов от власти» делінген ұрандарының бірін іске асыра бастады. Билікті белден басып жүретін Березовскийге бұл ұнамай қалды. Сол кездері «Медиа-Мосттың» басшысы В.Гусинскийдің тұтқынға алынуын ол қатты сынап, ашық хат жазды. Бірақ бұл кезеңде өзінің басына да қауіп бұлты үйірілген еді. Билік Березовскийге тиесілі ОРТ компаниясының 49 пайыздық үлесін мемлекетке қайтаруды талап етті. Ол уақытта бұл арна билікті қатты сынайтын. Осыдан басталған кикілжің Березовскийдің үстінен бірнеше қылмыстық істің қозғалуына ұласты. Бұл олигархтың елден қашып шығып, Англиядан саяси баспана сұрауына соқтырды. Осыдан кейін ол Англияда жатып Ресейдегі билікті күшпен басып алуды қаржыландыратыны, т.б. туралы бірнеше утопиялық мәлімдемелер жасап, жұрт назарын өзіне аударатын болды. Бұлары Ресей билігінің шамына тиіп, ерін мойнына алып тулатудың ғана әдістері секілді. Прокуратура да бірнеше қылмыстық іс қозғап, Англия билігінен оны экстрадициялауды талап етіп жатты. Бірақ «саяси босқын» мәртебесі берілген оны еліне қайтара алмады. Сондай-ақ, Лондонда жатып Украинадағы және басқа елдердегі «сары төңкерістерге» түрлі жолдармен бағыт-бағдар сілтеп, көмек берген болды. Мәселен, ол БАҚ-тарға Украинаның төңкерісін қолдауға, яғни «демократияны дамыту ісіне көмекке» 30 млн. доллар аударғандығы туралы құжат көрсеткен.

Сайып келгенде, бұлар Б.Бе­резов­скийдің алыс-жақынды тез болжап, көре білетін, түйсігі терең сұңғыла сая­саткер емес, тек ұсақ тірлікті көздеген қарапайым пенде екендігін көрсеткен істер болды. Ол саясатты тек ақша табудың кезекті құралы деп санағанға ұқсайды.

Қылмысты істер. Күйреу

Борис Березовскийді ресейлік БАҚ-тардың «тапсырыс беріп кісі өлтіруші» деп сынамаған кезі жоқ, бірақ соның бірі де дәлелденген емес. 1996 жылы «Новый взгляд» газеті А.Коржаковтың Б.Березовский өзінен В.Гусинский, Ю.Лужков, И.Кобзон және басқалардың көзін жою туралы үгіттегені туралы мәлімдемесін жариялады. Бірақ оның да рас-өтірігін анықтаған адам жоқ. Б.Березовскийдің соңына шырақ алып түскен журналистердің бірі Forbes журналының орысша нұсқасында қызмет еткен Пол Хлебников болды. Ол БАБ-ты чешен мафиясымен байланысты болды, тапсырыстар беріп кісі өлтірді, соның ішінде журналист Владислав Листьевті өлтіртті деп кінәлады. Бірақ БАБ оның үстінен Лондонның сотына шағым берген еді. Сот В.Листьевтің өліміне жазықты деген кінәны жалған деп тапты. Басқа дүниелер бойынша мақаладағы кінәларды алған жоқ және журналиске кешірім сұрату туралы шешім шығарған жоқ. Соның өзінде БАБ-тың бақылауындағы БАҚ-тар Forbes-тің жеңілгенін жер-көкке сыйғызбай жария­лап жатты. Ал енді сол П.Хлебников 2004 жылы Мәскеуде жұмбақ жағдайда қаза тапты…

Б.Березовскийдің үстінен «Аэрофлот» компаниясының «ақшасын жеуіне байланысты» қылмыстық іс бірнеше рет қозғалды. Алғаш рет 1999 жылы қозғалып, ол жабылды. Екінші рет 2000 жылдың аяғында қайтадан қозғалды. Бұл уақытта олигарх Лондонға кетіп үлгерген. 2001 жылдың қыркүйегінде «Аэрофлот» оқиғасы қайта қайталанып, олигархтың сыртынан қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс 2007 жылғы 29 қарашада ғана аяқталып, Мәскеудің Савельев аудандық соты БАБ-ты «Аэрофлоттың» 214 млн. рублін жымқырған деген айыппен сырттай 6 жылға бас бостандығынан айыруға шешті. Бірақ бұл сотқа Березовский пысқырған да жоқ, керісінше, оны ойыншық деп санап, адвокаттарын да қатыстырмады. Ал Ресейдің Бас прокуратурасы Березовскийдің үстінен Нидерландыда, Францияда, Бразилияда, Швейцарияда түрлі қылмыстары үшін іс қозғалғаны туралы бірнеше мәлімдеме жасады. Солардың ішінде Швейцариядағы істің соңы олигарх үшін шығынды болды. Осы елдің сот трибуналы 2008 жылдың 27 қазанында Швейцария банктерінің бірінде бенефициарларының бірі Березовский болып табылатын бір есеп-шоттан бірнеше млн. франкті тәркілеп, 2010 жылы соның 52 млн. долларын «Аэрофлоттың» есеп-шотына аударды.

Осылай бола тұра БАБ өзі туралы жалған сөйлеген, жала жапқан бірнеше адамды да сотқа тартып, моральдық шығын өндіріп алып жүрді. Мәселен, «Альфа-Групп» қожайыны Михаил Фридманнан 50 мың, «Еуробизнес» журналынан 10 мың және т.б. фунт стерлинг өндіріп алды. Мұның бәрін Березовскийдің ағылшын сот істерімен тығыз айналысып, өзінің өміріндегі ең басты тартыс – Роман Абрамовичтен 5 млрд. доллар өндіріп алу үшін соттасуға дайындалып жүргені сияқты көруге болады.

2011 жылдың қазан айында БАБ өзінің бұрынғы әріптесі Р.Абрамовичтен 5 млрд. өндіріп алу жөнінде Лондонның жоғарғы сотына шағымданды. Шағымның мазмұны – Ресейден қуғынға түсердің алдында өзінің Абрамовичтің алдауына түсіп қалып, «Сибнефть» және «Русал» компанияларының акцияларын оған арзанға сатып жібергеніне және сол себепті 5 млрд.-тан артық табыстан айрылып қалғанын айтуға саяды. 3 айға жуық іс қараған сот ақыры Абрамовичтің пайдасына шешіліп, Березовскийдің талап-арызы қанағаттандырылмады. Оның үстіне жеңілген жақ ретінде жүз миллиондаған фунт стерлинг тұратын сот және қарсыласының шығындарын өтеу міндеттелді.

Осы оқиғадан кейін 2012 жыл бойы Б.Березовскийдің дыбысы шықпай қалған-тын. БАҚ-тар оны банкротқа ұшырап, оңалмас жағдайға түсіпті деген дақпырттар таратып жатты. Израиль мен Англияда ем қабылдап жүргендігі туралы да айтылды.

«Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек», деп Абай айтқандай, дүниенің бар қызығын көріп, ұрттап ішіп, шайқап төгіп жүрген Борис Березовскийдің өмірден өтерде өзегін өкініштің өртегені анық. Тіпті, жаны шығып, дүниемен қоштасарында соңғы сөзін еститін қасында тірі жан да болмаған екен. Тұрмыс қанша шалықтатса да, пенде артық асқақтамай, өз орнын ешқашан ұмытпағаны дұрыс-ау… Көп асқанға – бір тосқан» дегенде қазекем осындайларды айтқан ғой.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».