• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2019

Араласпаса ағайын да жат

558 рет
көрсетілді

Өңір басшылығы экономика, сауда-саттық салалары бойынша алыс, жақын шетелдермен берік қарым-қатынасты жүйелі түрде дамытуды басты бағдар еткен.

Оның жарқын бір үлгі­сі­не жуыр­да Өзбекстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Хорезм облысымен нақты әріп­тес­тік келісімге қол жеткізіліп, ал­ғаш­­қы қа­дам­дар жасалғанын айт­қан жөн. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «ауылы аралас, қойы қоралас» іргелес көр­ші елден кел­ген делегация­ны қабылдап, берік байла­ныс орнату сындарлы кез­де­­судің негізгі өзегіне айналды. Құмар Іргебайұлы өз сөзінде Қа­зақ­стан Өзбекстан үшін сенімді стра­те­гия­лық әріп­тес екенін атап өтті. «Біз өңірлік деңгейде жұ­мыс істеуге әркез әзірміз. Бір­лес­кен жобаларды жүзеге асы­ру­­дың мүмкіндіктері мол. Қызыл­жардың топырағы құ­нарлы. Жылына шамамен бес миллион тоннадай сапалы астық жи­налады. 2017 жылға қарағанда Өз­­бек­станмен сауда-саттық кө­ле­мі 55 пайызға ұлғайды. Көбіне бидай экспортталады. Ол жақтан мақта-мата өнімдері, жеміс-жидек тасымалданады», деді ол.

Хорезм облысы хокимінің бі­рін­ші орынбасары, делега­ция же­текшісі Кудратбек Игам­бер­ге­нов­тың айтуынша, облыс Орта Азия­да­ғы ең көне аймақтардың бірі сана­лады. Көлік инфра­құрылымы жақсы өркен­де­ген. Жемазық, жібек, әйнек, көлік шыға­ратын кә­­сіпорын­дар жұмыс істейді. Сырт­­қы сауда айналымы биыл 242 миллион долларды құраса, Қазақстанның экспорты 72 млн доллар. Жы­лына 250 мың тонна мақта, 490 мың тонна бидай, 1 миллион тоннадан астам көкөніс өнді­ріледі. Үргеніш, Хиуа се­кіл­ді туристік қала­ларды қа­зақ­­стандықтар жиі та­ма­ша­лай­ды.

Қос тараптық жүздесу ба­ры­­­сында біріккен өнді­ріс ошақ­та­рын салу, кәсіп­кер­лік са­лаға тың серпін беру мәсе­ле­лері де кеңінен тал­қы­ла­нып, бір­қатар ынты­мақ­тастық құ­жат­­тарға қол қойылды.

Екі өңірдің бизнес өкіл­дері қа­­тыс­­қан алқалы бас­қо­суда облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Марат Тас­мағанбетов ірі компания­лар­ды сенімді әріптес болуға ша­қыр­ды. Май­лы дақылдар алқабы бір миллион гектарға жетіп отыр. Жы­лы­на 555 мың тонна сүт, 56 мың тонна ет өндіріледі. Осыншама көл-көсір шикі­зат­ты өң­ду­мен айналысатын кәсіпорындар аз, дей келіп, Марат Иманбайұлы инвес­ти­­циялық ахуалы қолайлы өңір­дің артық­шылықтарына, же­ңіл­дікті субсидиялар жа­йы­на тоқталып өтті. Хо­резм облысы инвестиция­лар және сыртқы сауда бас бас­қар­­ма­­сының басшысы Анвар Дау­­ле­тов еркін экономикалық ай­­мақтар құрылғанын, инвес­тор­лар салық пен кедендік алым­дардан босатылатынын айтты. «Kazakhinvest» ҰК Сол­түстік Қазақстан өңірлік ди­ректорының орынбасары Данияр Шалабаев бірнеше проб­леманы тал­қы­ға салды. Бидай­ды терең­де­тіп өңдейтін, зығыр майын шығаратын зауыт­тар ауа­дай қажет. Бізде қант қы­зыл­­­шасын өсіруге барлық алғышарттар бар.Үйрек етін өндіру арқылы да қыруар табыс табуға болады, деді ол.

«В2В» форматында өт­кен іскер­лік диалогта «Янги­бо­­зор Томорқа хизмати» агро­фир­­масының өкілі Алимбой Мадрахимов облыс­тан асыл тұ­қым­ды ірі қара малы мен қой сатып алатынын мәлімдесе, «Сокирко С.Н.» ЖК дирек­то­рының орынба­са­ры Елена Кирьякова фирма мектеп формаларын тігумен ай­на­лысатынын, бұдан бы­лай жейделер, спорт­тық киім­дер, тағы бас­қа да­­йын тауарларды Хо­резмге импорт­­тай­тын­да­рын жеткізді. Шұ­лық шы­ға­­ра­тын жергілікті «Matex» серіктестігі балалар мен мектеп формаларын тігетін мата, жіп сатып алуға, Хорезм сауда үйін ашу­ға уағдаласты.

Өзбекстандық кәсіп­кер­лер облыс орталығында екі күн бойы ауылшаруа­шылық жәрмеңкесін ұйым­­дас­ты­рып, жеміс-жидек, бал өнімдерін, тоқыма және қыш бұйым­­­да­рын қол­жетімді бағаға ұсын­ды. Са­тылымға 55 мың тоннадан астам ауылшаруа­шы­лық өнім­де­рі шығарылып, қарбыз, қауын, өрік, шабдалы, шиеге сұраныс көп болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы