Университеттің құрылыс тобында 20 жауынгер бар. Ал БҚМУ-дың 120 адамдық «Жасыл ел» командасы 2001 жылдан бері республикалық деңгейде үнемі биіктен көрініп, талай мәрте «Үздік команда», «Үздік сарбаз», «Үздік сардар», «Үздік университет» атақтарын жеңіп алған. Биыл да жаз айында еңбек етіп, облыс орталығын абаттандырғалы отырған жас жауынгерлерге Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әділгерей Зұлхаров, Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Альфия Жақсығалиева, Орал қаласы ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Болатбек Сахиев келіп, еңбек маусымына ақ жол тіледі.
2019 жыл – Жастар жылында Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Аккредитация және рейтинг тәуелсіз агенттігінің шешімімен (НААР) халықаралық институционалдық аккредитациялаудан табысты өтті. Агенттік шешімі 7 жылға жарамды. 90 жылдық тарихы бар, бүгінге дейін 70 мың маманды түлеткен қара шаңырақтың халықаралық деңгейде танымал болғанын естіген студенттер қуана қол соқты.
Студент жастардың жазғы еңбек маусымына шығуына арналған салтанатты жиынға ардагер ұстаздар Жұбанышқали Жәрдемов, Владимир Салов, Абат Қыдыршаев қатысып, жастардың еңбек майданына табыс тіледі.
Батыс Қазақстан облысы