• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Маусым, 2019

Түркітілдес мемлекет жастары арасында халықаралық әзіл фестивалі өтті

667 рет
көрсетілді

Жайдарман – қазақ елінің ғана емес, әлемнің түркі тілдес мемлекет жастарының басын қосатын жоба. Осы мақсатты негізге алып, «Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасы ММ» мен «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі фестиваль ұйымдастырды. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, көршілес мемлекеттің жайдарманшыларын қонақ ететін бұл жобаға қатысушылар саны да артып келеді.

Үш күнге созылған халықаралық жайдарман фестивалі арнайы бағдарламалық жоспар негізінде жүзеге асты. Фестивалдің алғашқы күні шет елдің жастары мен қазақстандық топтарды табыстыру мақсатында ашылу салтанаты өтті. Жастар сарайының төрінде белгілі жайдарманшылардың жүргізуімен концерттік бағдарлама қойылды. Сондай-ақ, фестивалдің екінші күні шетелдік қатысушылар үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Қала ішінде орналасқан зәулім ғимараттар мен мұражайларды,  «Бәйтерек» пен «ЭКСПО» кешендерін және театрларды аралатты. Шара барысында қонақтарға қазақ елінің тарихы баяндалып, салт-дәстүрлері жайлы мәліметтер айтылды.

Фестивалдің  үшінші күні қатысушы түркі тілдес мемлекеттерден келген командалар мен қазақстандық топтар арасында жайдарман сайысы ұйымдастырылды. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен додаға барлығы 10 команда қатысты. Оның 6 шетелдік, 4 қазақстандық топ. «Қазақстан халқы ассамблеясының құрамасы» (Нұр-Сұлтан қаласы),  «Баян өлке» құрамасы (Моңғолия), «Біз қазақпыз» командасы (Екібастұз қаласы),  «Қарақалпақстан құрамасы» (Өзбекстан Республикасы, Нөкіс қаласы),  «Башқұртстан құрамасы» (Ресей Федерациясы, Уфа қаласы),   «Ноғай құрамасы - Алтын орда» (Ресей Федерациясы, Ноғай ауданы),   «Бүгін.kz» (Шымкент қаласы), «Татарстан құрамасы» (Ресей Федерациясы,  Қазан қаласы),  «Миллион»  - «Нұр-Үміт» өнер орталығы (Шымкент қаласы), «Позитифф» (Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласы) командалары өз Отандарының намысын қорғады.

Өнер көрсеткен командаларға қазылар тиісті ұпай сандарын үлестіріп, жеңімпаздарды анықтады. Қазылар алқасының әділ шешімімен «Баян өлке», «Қарақалпақстан», «Башқұртстан» құрама командалары ІІІ орынға лайық деп танылып, 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Жүлделі ІІ орын иегерлері үшін 300 мың теңге ақшалай сыйлық берілді, бұл тұғырға «Бүгін.kz» және «Позитифф» команадалары көтерілді. Үш күнге созылған халықаралық әзіл фестивалінің жеңімпазы «Ноғай құрамасы - Алтын орда» командасы атанды. І орынды иеленген Ноғай ауданының намысын қорғаған жастарға 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді.

«Үздік ойыншы» аталымына «Татарстан құрамасының» ойыншысы – Наиль  Салаxов лайық деп танылды.

Әсем ТАҢАТАР

ЕҰУ-дің журналистика факультеті студенті