Жұма, 26 сәуір 2013 1:49
Қылмыскер ақталса қалай болады?
Қырғыз елінде қызық сот болып жатыр. Әлемге әйгілі «заңдағы ұры» Қамшыбек Көлбаевтың, лақап аты «Қырғыз Коля», ісі сотта қаралуда. Сарапшылардың пайымдауынша, оның ақталып шығуы әбден мүмкін көрінеді.
Жұма, 26 сәуір 2013 1:49
Қылмыскер ақталса қалай болады?
Қырғыз елінде қызық сот болып жатыр. Әлемге әйгілі «заңдағы ұры» Қамшыбек Көлбаевтың, лақап аты «Қырғыз Коля», ісі сотта қаралуда. Сарапшылардың пайымдауынша, оның ақталып шығуы әбден мүмкін көрінеді.
Бір қылмыскерге сот болып жатыр екен, онда тұрған не бар, қай жерде қылмыс жоқ, соны саяси оқиғадай сөз етудің қажеті бар ма деуге болар. Шын мәнінде оның саяси астары болып отыр. Бұл қылмыскердің елдің саяси өміріне ықпалы болғаны және әлі де барлығы даусыз. Мұны бүкіл ел мойындаған. Бір ғана мысал. Осыдан екі жыл бұрын жаңа парламенттің спикері болып Ахматбек Келдібеков сайланды. Ол өзінің үлкен қызметке тұруын «Қырғыз Колямен» бірге, оның достарының ортасында «атап өтті». Онымен бірге Дубайға барып, бірнеше рет демалып та қайтқан. Мұның бәрі әшкереленіп, қылмысты дүниемен байланысы болғаны үшін спикер Келдібеков депутаттардың дауыс беруімен орнынан алынды. Бұл жайында кезінде жазғанбыз.
Бір ел парламентінің төрағасы соған бола орнынан алынып жатса, Көлбаевтың қылмыскер екеніне тағы қандай дәлел керек?! Бұл аз десек, ол түрмеде «көтеріліс» ұйымдастырмақ болып, тағы да жазалы болды. Іс насырға айналған соң, ол қайтадан Дубайға қашты.
Жалпы, қылмыстық дүние қырғыз ағайындарға қаттырақ тиіп жүр. Сонау Асқар Ақаевтың заманында қылмыскер Рысбек Ахматбаевтың беделі күшті болды. Ол басқаларға өз дегенін істетті. Қамшыбек Көлбаев сол атақтының немере інісі еді. Бірге әрекет етті. Бірақ көп кешікпей екеуінің арасында дау туып, інісі ағасына қастандық ұйымдастырды. Әупіріммен тірі қалған Ахматбаев өзінің соңына түскеннен кейін Көлбаев бас сауғалап шетелге қашты.
Өкінішті жағдай – бұл елде биліктегілердің біршамасы қылмыскерлерге арқа сүйеді. Ахматбаев алғашқы президенттің отбасына жақын болса, Ақаев қуылған соң, оның орнына келген Бакиевтерге жаңа «адам» керек болды. Билікті тыңдамай бара жатқан Ахматбаев 2006 жылы өлтірілді де, оның «орнына» Көлбаев шақырылды. Сол Бакиевтердің көмегімен Мәскеу мафиясы, атақты «Хасан ата» Усоян оны бүкіл Орталық Азия қылмыскерлерінің басшысы етіп тағайындады. Көлбаев сондай-ақ қылмыскерлер тізімінен шығарылды. Жұрт үкіметтегі мәселелерін шешу үшін «Қырғыз Коляға» баратын болды.
Елде тағы революция жасалып, Бакиев қуылғанда, Көлбаев биліктен жаңа адам іздеді. Тапқаны – жоғарыда айтқан Ахматбек Келдібеков болды. Қисыны бар еді. Елде парламентаризм үстемдік құрады деген соң, «Қырғыз Коля» бар билік парламент басшысының қолында деп есептеді. Бірақ олай болмай шықты. Тағы да шетелге қашуға тура келді. Сөйтсе де, жұрт оның өткен жылдың қарашасында қайта оралып, билікке «берілгеніне» таңданған. Оның да сыры бар. Бұл кезде қырғыз еліне ресейлік криминалдық дөкей Илья Самсониа деген келіп, қылмыскерлерге билік жүргізе бастаған. Көлбаев соған да арқа сүйеді-ау дейді жұрт.
Сөйтсе де, оның шын сыры қазіргі соттың алғашқы күндері-ақ ашылғандай. Қамшыбек Көлбаев өзіне тағылған барлық айыптан бас тартып отыр. Ал оның қорғаушысы Сергей Манукян деген оның қылмысын дәлелдеңдер, дейді. Тіпті, оның ешқандай қылмысы жоқ, ол елге сөзі өтетін «құрметті ақсақал» деді. Және сотқа алдымен Көлбаевтан емес, одан жапа шекті дегендерден жауап алыңдар деп талап қойды. Ал сот оның талабына көніп, күні кеше оны айыптағандардан, куә болғандардан жауап алмақ болғанда, олардың көпшілігі бұрынғы сөздерінен қайтып, тіпті өтініштерін де қайтарып алыпты. Көлбаев бес ай бойы түрмеде бос жатпаған көрінеді. Ол ақталады деп, жұрт одан қорқа бастаған.
Осы тұста тағы бір оқиға болды. Кезінде Ахматбаевқа қарсылас болған, тіпті Бакиевтерге бағынбаған, кісі өлтірген (депутатты), есірткі саудасымен айналысқан, тәртіпсіздік ұйымдастырған чешен Азиз Базукаев қамаудан босатылып, туған қаласы Грозныйға чартерлік рейспен ұшып кетіпті. Қалайша деп жұрт таң. Бұл үшін депутаттық комиссия елдің бас прокуроры Аида Салянованы, вице-премьер Шәміл Атахановты уақытша орнынан алу жөнінде шешім қабылдады.
Қылмыскерлердің ықпалы осындай болған соң, «Заңдағы ұры» Қамшыбек Көлбаев 39 жасында «құрметті ақсақал» атанып, соттан ақталып шығады-ау деген сөзде негіз бардай көрінеді.
Пиночетті пір тұтқан үміткер жеңіске жетті
Оңтүстік Америкадағы шағын ғана ел Парагвайда оңшыл көзқарасты ұстанған қайраткер Орасио Кортес президенттік сайлауда жеңіске жетті. Бұл сайлаудың ерекшелігі де сонда. Өйткені, соңғы біраз жыл шамасында бұл аймақта солшыл бағыттағылар жеңіске жетіп келген.
Соңғы кезде солшылдыққа сыни көзқарастың артқаны да анық. Бұрынырақ, сонау 90-шы жылдардың аяғында бұл құрлықтағы әскери диктатураларға қарсы халықтық сипат алған күрес социалистердің жеңісін жеңілдетсе, енді жағдай өзгеріп отыр. Енді Парагвайда олар қатты жеңіліске ұшырап, ашық оңшыл қайраткерге жол берді. Ал елдің бұрынғы президенті социалист Фернандо Луго мерзімі аяқталған соң емес, парламент сенімсіздік білдірген соң орнынан кеткен.
Орасио Кортес – осынау кедей елдегі ең бай адамның бірі, оңшыл бағыттағы «Колорадо» партиясының көсемі. Ашып айтатын бір жай – ол сайлаушыларға арзан уәде бермей, экономикасы тұралаған елді аяғынан тұрғызу үшін қатаң саясат жүргізетінін мәлімдеді. Және барша жұртқа аты белгілі диктатор Аугусто Пиночеттің экономикалық жолын ұстанатынын да жасырған жоқ. Көзіқарақты жұрт Пиночеттің демократияны қанға бөктіргенімен қатар, Чилидей елдің экономикасын биікке көтергенін де біледі. Енді сол қайраткердің жаманын тастап, жақсысын аламын деген Кортеске жұрт сенді. Оған сайлаушылардың 46 пайызы дауыс берсе, қарсыласы либерал Эфраин Алегрені 36,8 пайызы қолдады.
Парагвай – шағын ғана кедей ел. Халқы 6-ақ миллион. Теңізге шығар жолы да жоқ. Ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 940 доллар ғана. Халқының 36 пайызы кедей. Енді осы елді даму жолына түсіру үшін, Кортестің пікірінше, қатаң тәртіп керек. Жалпы, жаңа президент – тәртіптің адамы. Ол тек Пиночетті ғана пір тұтып қоймай, осы елді 35 жыл билеген генерал Альфредо Стресснердің жолын да қолдайды. Жаңа президент диктаторларды ғана пір тұтатындай көрінгенмен, оның негізгі сүйенері бизнестегі өз тәжірибесі болса керек. Осы кедей елде ол үлкен бизнеске жол ашты. Оның ойынша, бүкіл елді де сол жолға түсіруге болады.
Көршілермен қарым-қатынаста Парагвайдың жолы болыңқырамаған. Көрші елдер оны өзі құрылтайшысының бірі болған «Меркосур» бизнес ұйымынан да шығарып тастаған. Содан да Кортес, ең алдымен, экономикалық әріптесті алыстан іздеуге мәжбүр. Бұл ретте оған АҚШ қол созуы ықтимал. Тіпті, саясат үшін де.
Кортес үшін табысқа жетудің бір жолы бар. Ол – жемқорлықпен күрес. Қазір ел ІЖӨ-сінің жартысын көлеңкелі экономика құрайды. Соларды жарыққа шығара алса, жаңа президенттің ойы жүзеге асады. Бұл үшін расында да оған диктаторлардың қаталдығы керек шығар.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».