• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2013

Шарайна

324 рет
көрсетілді

Шарайна

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 1:47

Рейханлыдағы жарылысқа кім кінәлі?

Түркия өкіметі Сириямен шекарада 46 адамның қаза табуына апарып соқтырған Рейханлы қаласындағы жарылысты ұйымдастырды деген күдіктілерді ұстады. Өткен сенбі күні Түркия ішкі істер министрлігі қылмысқа көрші Сирия кінәлі деп атаған болатын. Бірақ 12 мамыр күні терроршылардың түріктер екені анықталған.

 

Сейсенбі, 14 мамыр 2013 1:47

Рейханлыдағы жарылысқа кім кінәлі?

Түркия өкіметі Сириямен шекарада 46 адамның қаза табуына апарып соқтырған Рейханлы қаласындағы жарылысты ұйымдастырды деген күдіктілерді ұстады. Өткен сенбі күні Түркия ішкі істер министрлігі қылмысқа көрші Сирия кінәлі деп атаған болатын. Бірақ 12 мамыр күні терроршылардың түріктер екені анықталған.

Осыған байланысты Дамаск Анкараны шекарадағы жағдайға бақылау жасамайды деп айыптап отыр. Сирия аумағына Израиль әуе соққыларын жасағаннан кейін өңірдегі ахуал бұрынғыдан бетер шиеленісе түсті. «Хезболла» ұйымы болса Тель-Авивтің әрекеті Израиль оккупациялаған аумақтағы күресті жандандыруға таптырмас себеп деп түсініп отыр. Айта кету керек, Рейханлыдағы жарылыс 11 мамыр күні орын алған болатын. Соның салдарынан 46 адам қаза тауып, 120 адам түрлі дене жарақаттарын алды.

 

Болгария бұрынғы таңдауында қалды

Елдің экс-премьері Бойко Борисов басқаратын «Азаматтар Болга­рия­­ның еуропалық дамуы үшін» оңшыл центристік партиясы мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауында басым дауысқа ие болды. Бұл ақпарат алдын-ала алынған ресми мәліметтер негізінде таратылып отыр.

Үстіміздегі жылдың наурызында ТКШ қызметі бағасының өсуіне байланысты орын алған жаппай наразылықтар салдарынан отставкаға кетуге мәжбүр болған экс-премьердің жеңісі болгар астанасында жаңа наразылық акцияларын туындатты. Ұлттық мәдениет сарайы алдында оппозиция белсенділері мен полиция арасында қақтығыстар орын алған. Жүздеген наразылық білдірушілер құқық қорғау органдары өкілдеріне тас лақтырса, полиция өз кезегінде жиналған топты резеңке тоқпақпен ұрып таратпақ болған.

 

Бірлескен жаттығулар өткізуде

АҚШ пен Оңтүстік Корея 13 мамыр күні Оңтүстік Корея жағалаула­рында бірлескен әскери-теңіз жатты­ғуларын бастады. Бұл туралы жергілікті баспасөзге сілтеме жасай отырып, ВВС агенттігі хабарлаған.

Екі күнге созылатын жаттығуларға америкалық «Нимиц» атомды авиатасығышы бастаған соққы беруші топ қатысатын болады. Бұл топтың құрамына сонымен бірге екі зымырандық эсминец пен зымырандық крейсер кірмек. Өткен аптада Солтүстік Корея өкіметі КХДР-ға қарсы бағытталған ашық қоқан-лоқы және арандату деп атай отырып, жаттығулар өткізуге қарсылық білдірген  болатын. Онда «америкалық және оңтүстіккореялық жауларының ядролық соғыс белсенділігіне байланысты Корея түбегіндегі ядролық соғыс тәуекелі бұрынғыдан бетер өсе түсті», деп атап көрсетілген.

 

Иран Сирия жөніндегі конференцияға қатысуға дайын

Иран сыртқы істер министрі Али Акбар Салехи Ресей мен АҚШ ұсынған идея бойынша өткізілетін Сирия жөніндегі халықаралық конференцияға өз елінің қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Немістің Der Spiegel  газетіне берген сұхбатына Салехи  Иранның әлі күнге дейін конференцияға шақырту алмағанын, дегенмен өз елінің оған қатысуға дайын екенін айтқан. Оның мәлімдеуінше, Иран тарабы үкімет пен Сирия оппозициясы арасындағы келіссөздердің басталуына ықпал ете алар еді. Сондай-ақ Салехи Иранның кез келген тараптың жаппай қырып-жоятын қару пайдалануына принципті түрде қарсы екенін де жеткізген.

 

Министрдің орынбасары қамауға алынды

Грузия ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Гела Хведелидзені 12 мамыр күні ІІМ бас инспек­ция­сының қызметкерлері тұтқынға алған. Ми­нистр­лік баспасөз қызметінің ақпаратынша оған Грузия қылмыстық кодексінің 157-бабы, 2-бөлігінде қарас­тырылған қылмыс бойынша айып тағылып отыр.

Тергеу Гела Хведелидзенің журналист Георгий Паресашвилидің жеке өмірі туралы бейнематериалды интернетте заңсыз  таратқанын анықтаған. Ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвилидің айтуынша, Гела Хведелидзе өз кінәсін мойындаған көрінеді. Ал бейнекадрларды таратуға келсек, ол БАҚ-тарда ІІМ мен оның жеке өзіне қатысты жала жабу науқаны басталғаннан кейін ол осындай қадамға барған. «Біртұтас ұлттық қозғалыс» өкілдері Хведелидзе тұтқындалғаннан кейін өзге де адамдарға қатысты тергеу әрекеттері жалғасатын болады деп күтуде.

 

КХДР-да қорғаныс министрі ауысты

Генерал-полковник Чан Чон Нам Солтүстік Корея халық қарулы күш­терінің жаңа министрі болып таға­йындалды. Ол осы міндетті сегіз айға жуық атқарған генерал Ким Кек Сикті алмастырды. Бұрынғы министр­­дің неліктен отставкаға кеткені әзірге белгісіз.

Ким Кек Сик қорғаныс министрі лауазымына өткен жылдың қазан айында тағайындалған болатын. Шетелдік бақылаушылардың пікірінше, отставкаға кеткен министр әскери басшылықта қатаң тәртіп ұстанушылардың бірі болған. Кейбір тұжырымдар бойынша КХДР басшысы әскери басшылықты жасарту мақсатында осындай қадамға барып отыр. Өйткені, Ким Кек Сиктің жасы  75-те болса, оның орнына келген министр 50-де.

 

Кеннедиді өлтірген кім?

Америка Құрама Штаттарының президенті Ричард Никсонның бұрынғы көмекшісі Роджер Стоун өзінің жаңа кітабында Джон Ф.Кеннедиді қатыгездікпен көпшілік алдында өлтіруге бұйрық берген адамның есімін атаған.

Роджер Стоунның айтуынша, президент Кеннедидің ажалына оның Даллас аумағы бойынша қозғалу бағытын тікелей өзі бекіткен Линдон Б.Джонсон кінәлі. Оның үстіне Джонсон Кеннедиді өлтірді деп танылған Ли Харви Освальдтің ажал құшуына себепкер болған Джек Рубимен де байланыста болған көрінеді. Роджер Стоунның Кеннеди өлімінің құпиясын ашқан кітабы үстіміздегі жылдың қазан айында саудаға түсетін болады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.