Сенбі, 8 маусым 2013 1:36
Путин зайыбымен ажыраспақ
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өзінің зайыбымен ажырасатыны туралы хабарлады. Президенттің айтуынша, бұл Людмила Путинамен екеуінің бірлесіп қабылдаған шешімі.
Сенбі, 8 маусым 2013 1:36
Путин зайыбымен ажыраспақ
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өзінің зайыбымен ажырасатыны туралы хабарлады. Президенттің айтуынша, бұл Людмила Путинамен екеуінің бірлесіп қабылдаған шешімі.
Өткен бейсенбі күні кешкілік олар Мемлекеттік Кремль сарайында «Эсмеральда» балетінде болған. Балет аяқталған соң олар «Россия 24» телеарнасының тілшісіне сұхбат беріп, онда өздерінің некелерінің аяқталғанын хабарлаған. Менің бүкіл қызметім қалың жұртшылық ортасында өтеді. Ал мұндай жағдайға мүлде үйлеспейтін адамдар да бар. Міне, Людмила Александровна сегіз, тіпті тоғыз жыл бойы вахтада тұрды, деп атап өткен В.Путин. Оның зайыбы да мұндай шешімге олардың бірлесіп келгенін мәлімдеген.
АҚШ түпкілікті қорытынды шығарған жоқ
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Дженнифер Псаки Құрама Штаттардың Франциядан Сирияда химиялық қару қолданылғаны туралы олар жинаған мәліметтерді алғанын, дегенмен әзірге түпкілікті қорытынды жасамағанын, әлі де айғақтар жинау жалғасуда екенін айтқан.
Президент пен мемлекеттік хатшы бізге сенімді де дәлелденген дәйектер табу қажеттігін айқын түсіндіріп берді. Біздің одақтастарымызбен, оның ішінде Франция да бар, бірлесіп жұмыс істеуіміз, ақпараттар алмасу осы процестің бөлігі болып табылады. Біз БҰҰ жүргізіп жатқан тергеулерді қолдадық және қолдай беретін боламыз. Қорытынды шығару қажет болғанда біз оны шығарамыз, бірақ әзірге біз ондай сатыда емеспіз, деп атап көрсеткен Псаки ханым брифингте.
Ауғанстанда грузин әскерилері қаза тапты
Терроршы-жанкешті Ауғанстанның Гильменд провинциясында грузин бітімгерлік контингентінің базасына шабуыл жасаған. Бұл туралы Грузия қорғаныс министрлігінің өкілі Иракли Дзнеладзеге сілтеме жасай отырып ВВС агенттігі хабарлаған.
Министрлік өкілінің айтуынша, терроршы әскери базаның жанында жарылғыш бекітілген жүк көлігін жарып жіберген. Соның салдарынан жеті әскери қызметші қаза тауып, тағы тоғыз адам жарақаттанған көрінеді. Қазіргі уақытта жараланғандардың өмірлеріне қатер төніп тұрған жоқ, олар медициналық қызметкерлердің бақылауында, деп хабарлаған әскери базадағы офицерлердің бірі. Грузия президенті Михаил Саакашивили 7 маусымды қаралы күн деп жариялады. Азаматтарға теледидар арқылы жасаған үндеуінде мемлекет басшысы террорлық актіні «ел үшін және бүкіл грузиндер үшін қасірет» деп атаған.
Қытай қарсы шара қабылдады
Қытай өкіметі Еуропадан келетін импорттық шараптарға демпингке қарсы тексеру жүргізуді бастады. Мұндай шешім Еуропа биліктері тарапынан қорғаныштық баж салығын енгізуге жауап ретінде қабылданып отыр.
Қытайдың ең жоғары деңгейдегі шенеуніктері Қытай өндірушілері шығарған күн панельдеріне қарсы тарифтер енгізу туралы шешім қарсы іс-әрекет туындатады деп бірден-ақ ескерткен болатын. Қытайдың сауда министрлігі қабылданған шараларға қарсы ҚХР-дың қатаң қарсылық білдіретінін мәлімдеп отыр. Айта кету керек, Еуроодақтан Қытайға шарап экспорты 2012 жылы 63 млн. еуроны құраған болатын.
Исламистер сұлулық байқауына қарсы
Индонезия мұсылмандарының радикалды ұйымдары осы жылдың қыркүйегінде Индонезияда жыл сайынғы бүкіләлемдік «Әлем аруы» байқауын өткізуге өздерінің қарсы екендерін мәлімдеп отыр.
Конкурсқа қолдау жасау әйелдер денесін саудалауға қолдау жасаумен бірдей, деп мәлімдеген «Хизбут Тахрир Индонесиа» ұйымының ресми өкілі Исмаил Юсанто. «Исламды реформалау жолындағы қозғалыс» ұйымы басшыларының бірі Чеп Хернаван да дәл осылай ойлайды. Оның айтуынша, байқауға қатысушылар сексті және моральға қарсы іс-әрекеттерді насихаттайтын киімдер киетін болады. Исламистер жаппай наразылық акцияларын өткізуге уәде беріп отыр.
Лукашенко әкімшілігі 25 пайызға қысқармақ
Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко өз әкімшілігі қызметкерлерінің төрттен бірін қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып «Белапан» агенттігі хабарлаған.
Құжатқа сәйкес президент әкімшілігі мен оның құрылымдары туралы ережелердің жаңа редакциясы да бекітілген. Баспасөз қызметінің хабарында атап көрсетілгендей, мұндай шара қызметкерлер санын қысқарту жағдайында президент әкімшілігінің одан арғы жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді.
Топан су құрбандарының саны он беске жетті
Соңғы мәліметтер бойынша, Орталық Еуропадағы су тасқыны салдарынан қаза болғандар саны 15 адамға жеткен. Қазіргі уақытта 4 адам із-түссіз жоғалып кеткендер қатарына қосылып отыр.
Он бес адамның сегізі Чехия аумағында, төртеуі Германияда, екі адам Австрияда және бір адам Словакияда қаза тапқан көрінеді. Ал чех құтқарушылары 19 мың адамның су басып кеткен аудандардан басқа жерлерге көшірілгені туралы хабарлап отыр. Еске сала кетейік, нөсер жауын салдарынан Дунай және басқа да орталық еуропалық өзендер жағалауларынан шығып, көптеген өңірлер топан су астында қалуда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.