• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Маусым, 2019

Алматыда «Жас түлек-2019» фестивалі өтті

647 рет
көрсетілді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жыл сайынғы «Жас түлек-2019» фестиваліне қатысып, мектеп бітіруші түлектерді аттестат алуларымен және «Алтын белгі» иегерлерін мерейлі жетістіктерімен құттықтады. Мегополисте биылғы жылы орта мектепті 8250 түлек бітірген болса, олардың ішінде 478 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған.

– Сендердің білімге деген құштарлықтарың, табанды әрі ерен еңбектерің жоғары марапат – «Алтын белгімен» бағалануда. Араларыңда оқушылардың республикалық, халықаралық олимпиадаларының, шығармашылық және зияткерлік конкурстардың, спорт жарыстарының жеңімпаздары бар. Сендер тәуелсіз Қазақстанда туылған біздің болашағымызсыңдар. Барлық мұғалімдерді, әрине ата-аналарыңды құттықтаймын әрі оларға алғыс айтамын. Балаларының биік межелерден көрінулері үшін олар аянбай тер төкті және қаншама түндерді ұйқысыз өткізді. Балаларының жетістіктері олардың махаббатына, төзімділігі мен қамқорлығына берілген марапат болсын»,  – деді жиналғандар алдында Бауыржан Байбек.

Фестивальге арнайы келген көптеген халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпаздары Ержан Максим, Данэлия Тулешова және Жан Макин түлектерді құттықтады.

Айта кетерлігі, Алматыда соңғы 5 жыл ішінде білім саласын қаржыландыру екі есеге өскен. Қаланың барлық мектептері физика, химия, биология және лингафонды-мультмедия кабинеттерімен 100 пайыз жабдықталған. 78 мемлекеттік білім нысанына сейсмикалық күшейтілу жұмыстары жүргізілген.

Қалада соңғы үш жыл ішінде 3 мың орынды үш жаңа мектеп ашылды, оның екеуі жеке инвестицияны тарту есебінен МЖӘ аясында бой көтерген. Алты мектеп жанынан 4 мың орынды қосалқы нысан пайдалануға берілді. Биыл күзде Алатау ауданында 600 орынды тағы бір жаңа мектеп ашылады. Екі мектеп жанынан 1300 орынды қосалқы нысандар бой көтереді. Елбасының тапсырмасы бойынша шаһарда 7900 орынды тағы 8 жаңа мектеп салынады деп жоспарланған.

АЛМАТЫ