Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:00
Былтырғы жылдың қорытындысымен Семей қалалық сотының төрайымы Гүлшат Мұсақажықызы Амодилова Шығыс Қазақстан облысының ең үздік соты деп танылды. Бұған қоса ол өзі басқарып отырған ұжым азаматтық істерді қарау көрсеткіші бойынша аудандық, қалалық соттар арасынан және үздік деп танылып, лайықты бағаларын алды. Өзі де, ұжымы да үздік деп танылған қалалық сот төрайымымен сөз ең алдымен өткен жылдың қорытындысы туралы әңгімемен басталған еді.
Сейсенбі, 12 ақпан 2013 7:00
Былтырғы жылдың қорытындысымен Семей қалалық сотының төрайымы Гүлшат Мұсақажықызы Амодилова Шығыс Қазақстан облысының ең үздік соты деп танылды. Бұған қоса ол өзі басқарып отырған ұжым азаматтық істерді қарау көрсеткіші бойынша аудандық, қалалық соттар арасынан және үздік деп танылып, лайықты бағаларын алды. Өзі де, ұжымы да үздік деп танылған қалалық сот төрайымымен сөз ең алдымен өткен жылдың қорытындысы туралы әңгімемен басталған еді.
– Былтырғы жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда сот өндірісіне түскен өтініш үш мыңға жуық артық, – деді Гүлшат Мұсақажықызы. – Соған орай жұмыс та көбейе түсті. Нақтылап айтсақ, бізде 9211 іс бойынша шешім шығарылды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Соның ішінде 4701 азаматтық іс бойынша талап-арыз қанағаттандырылды. Ал 300-ге жуық іс негізіндегі талап-арыз қанағаттандырылудан бас тартылды. Сырттай 4 мыңдай іс қаралып, оның ішінде 80-ге жуық шешім тараптардың өтінішімен бұзылды, 1,5-тен астам іс бойынша іс жүргізу қысқартылды. Осы жылы мемлекет кірісіне төленген мемлекеттік баждың сомасы біршама артты.
Қазір бізде 18 судья қызмет атқарады. Олардың арасында азаматтық іс және өтініштер «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі» арқылы бөлінеді. Судьялардың әрқайсысы орта есеппен 74 іс пен өтінішті қарады. Ал оның алдындағы жылы жүктеме 61-ден айналған еді. Осы деректердің өзі біздегі жұмыс ауқымының біршама арта түскендігін аңғартса керек. Мұндай оңды мысалдарды көптеп келтіруге болады.
– Құқықтық реформа талаптарына орай өз жұмыстарыңызды қалайша ширатып жатырсыздар? Соған орай сіздердегі өзгеріс-жаңалықтар туралы сөз қозғасақ…
– Бірінші кезекте халықтың мүддесін қорғау, сотқа жүгінген адамдардың конституциялық құқығын сақтау, қорғануына жәрдемдесу, сот төрелігін жүзеге асырудағы қолжетімділік, осылайша, жекелеген азаматтардың сотқа, жалпы заңға сенімін арттыру біздің басты міндетіміз болып табылады.
Ал одан кейінгі жерде сот жүйесінде жариялылықты дамыту да басты назарымызда. Осы мақсатпен бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайта түсіп келеміз. Ашықтық, қалың бұқарамен емен-жарқын әңгіме адамдардың заңға, сотқа деген сенімін арттыра түсуде.
Енді өзіміздегі өзгеріс-жаңалықтарға келетін болсақ, міне, бізде бұқаралық-ақпараттық мүйістердің ашылғанына екі-үш жыл болды. Сот төрелігіне жүгінушілер сол жерден өздеріне қажетті анықтамаларын алуда. Бұған қосымша ғимаратымызда электронды мониторинг орнатылған. Одан да көп мағлұмат алуға болады. Осыдан екі-үш жыл бұрын енгізілген «Электрондық үкімет» порталы жұмысымызды одан әрі жақсарта түсті.
Сот тәжірибесінің бір көрсеткіші – құжат айналымының қағаз түрінен толықтай бас тартып, заманауи сот процесінің арқауы болатын электрондық технологияларға өту болып отыр. Енді талап-арыз сотқа жазбаша нысанда, яки электрондық құжат нысанында беріледі. Арыз электрондық құжат нысанында берілген кезінде ол талап қоюшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін талап-арызға АІЖК-нің 151-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі. Қазіргі таңда қалалық сотта электрондық цифрлық қолтаңба пайдаланылып, «Е-суд» электрондық үкімет порталы арқылы берілген электрондық талап-арыздар қабылдануда. Өткен жылы қалалық сотқа электрондық портал арқылы 600-ге жуық арыз қабылданды. Ал биылғы жылдың алғашқы айының өзінде жүзден астам талап-арыз қабылданып отыр. Мұның өзі азаматтардың уақытын үнемдеуіне жол ашуда.
Өткен жылдың көктемінде Жоғарғы Соттан сот барысын толықтай жазып алу туралы тапсырма түсті. Облыстық соттың төрағасы Абай Жамбылұлы Рахметуллин бұл тапсырмаға ерекше мән беріп, оның орындалуын қатаң түрде өз бақылауына алды. Соның нәтижесінде сол былтырғы жылдың қыркүйек айына дейін өзіміздегі 11 залдың бәрінде сот барысы толықтай жазылып алынатын болды. Осының бәрі қосыла келгенде сот жүйесін ширата түсуге үлкен септігін тигізуде.
– Аз уақыт болса да кешегі кеңес заманында да сот төрайымы болған екенсіз. Ал еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі жерде өзіңізге жүктелген осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып келесіз. Осыған орай екі кезеңдегі айырмашылық туралы не айтар едіңіз?
– Өткенге тас лақтырған дұрыс болмас. Әрі-беріден соң заңгер мамандығына сол кешегі заманда ие болдым. Алғашқы еңбек жолымыз да сол кезде басталды. Сондықтан, өткенге өкпем жоқ. Солай дей тұрып, екі кезеңнің өзіндік өзгешелігі баршылық екендігін айтпасқа болмайды. Айталық, кеңес заманында партияның сот ісіне жөнсіз араласып жататыны рас еді. Қайбір шешіміміз соның салдарынан жоғарыдан бұзылып жататын. Оған ішіміз ашитын. Өйткені, адам тағдырына білместікпен араласып, сенің шешіміңді өзгерту дұрыс емес қой. Ал қазір ондайдан арылдық. Яғни, түрлі деңгейдегі әкімдердің сот жұмысына араласуы мүмкін емес. Ал мұны неге үлкен өзгеріс демеске!
Сонсоң тоқсаныншы жылдардың ортасынан ауа соттар Елбасының арнайы Жарлығымен тағайындалатын болды. Бұл да сот жауапкершілігін арттыра түсті деп білемін. Ал соттарды сайлау мәселесіне келетін болсақ, оның да өз уақыты болар. Егемен ел атанғаннан бергі жерде еліміз өзгеріс-жаңалықтан кенде емес қой. Ендеше, әр нәрсе өз уағында. Сондықтан мұндай жауапты сәттерде асығыстықтың қажеті шамалы.
– Гүлшат Мұсақажықызы, оқырман бір облыстың үздік сотының өмір жолын тереңірек білгісі келуі мүмкін ғой. Айтпақшы, сіздің алғашқы мамандығыңыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі деп естиміз. Сол рас па?
– Иә, сіздер бәрін естіп, біліп отырасыздар. Мектепте оқып жүргенде әдебиетші мұғалім болғым келгені де, аздап өлең жазатыным да рас. Бірақ, мектепті бітірген бетте оқуға түсе алмадым. Сонсоң, Аягөз аудандық халық сотына хатшы болып жұмысқа орналастым. Ал келер жылы Семей педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түстім. Өзімше әлі де әдебиетші боламын деп жүрмін ғой.
Бірақ, өмір-өзен арнасы мені басқа салаға алып кетті. Арада бірер жылдан соң аудандық сот мәжілісінің хатшысы, тағы бір-екі жылдан соң аудандық соттың кеңсе меңгерушісі болдым. Ол кезде пединститутты сырттай оқып бітіріп алған болатынмын. Енді мені заң қызметі қызықтырып әкетіп бара жатқан соң, Свердловскінің заң институтына сырттай оқуға түстім. Ал ресми түрде заңгер болып шыққан соң Семейге келіп, адвокаттар алқасында қызмет еттім. Арада үш жылдан соң Үржар аудандық сотының төрайымы болып тағайындалдым. Бұдан кейінгі жерде өзімнің туған жерім Аягөзде, сонсоң, Бородулиха ауданында сот төрайымы болдым. Ал 2009 жылдан бері Семей қалалық сотының төрайымы болып қызмет етіп жатқан жайым бар. Жалпы, сот саласында еңбек ете бастағаныма биыл 40 жыл толып отырса, сот төрайымы қызметін атқарып келе жатқаныма 25 жылға жуықтап қалыпты. Ешкім де сот болып тумайды. Халқымызда тура биде туған жоқ, тума биде иман жоқ деген ұлағатты сөз бар. Міне, осы сөзді күнделікті жұмысыма басшылыққа алғандықтан болар, тәубе деп айтайын, ешкімнің қарғысына қалған жоқ сияқтымын.
– Өмір ағысы өз өзгерісін жасап, сот болып кеттік деп жатырсыз. Ал бәрібір алғашқы мамандығыңызды да ұмытпаған боларсыз. Соған орай сот жүйесіне мемлекеттік тілді енгізуге байланысты не айтқан болар едіңіз?
– Сіз нанасыз ба, нанбайсыз ба, өзіңіз біліңіз. Біз өзімізге түскен өтінішке орай оның иесінің қай ұлттың өкілі екендігіне қарамай жауапты екі тілде жолдаймыз. Іс қағаздары да екі тілде жүргізілуде. Ал сот мәжілісі талап-арыздың қай тілде жазылғанына қарай өтеді. Осы орайда қайсыбір адвокаттарға өкпеліміз. Ондайлар өзі мемлекеттік тілді білмеген соң арызды орысша жаздыртып жатады. Алдағы уақытта осы тіл мәселесіне байланысты адвокаттармен дөңгелек үстел өткізейік деп жатырмыз. Ал біздегі судьяларға келетін болсақ, соның бір екеуі ғана тілге шорқақтау. Оларды оқытып жатырмыз. Біздегі тіл кабинеті соған орай өз жұмысын ширата түсуде.
Осы орайда бір нәрсенің астын сызып айта кетсем деймін. Кейде заң талабының өзіне мойынсынбайтындарға мақалдап, мәтелдеп, орнымен сөз қозғасаң, жерге кіріп кете жаздайды. Өйткені, халқымыз сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді деп жатады ғой. Сөздің, ана тілінің құдіреті міне, осында!
– Өлең жазуды қойып кеткен жоқсыз ба? Сүйікті ақындарыңыз кім?
– Бүгінде өлеңді өзім үшін ғана жазамын. Мұқағали ағамызды, Фариза, Күләш апаларымыздың жырын сүйіп оқимын.
– Отбасыңыз туралы қысқаша айта кетсеңіз…
– Тоғыз баланың сегізіншісімін. Әкем Мұсақажы құрметті теміржолшы атанған адам. Аягөзде ол кісінің атында көше бар. Атамыз Қырықбай ерте заманда Меккеге барған атақты адам екен. Әке жолын қуған ағамыз Болат Алматыда депо бастығы. Ол кісі де құрметті теміржолшы.
Жолдасым Кенжеғали полицияда қызмет етті, запастағы офицер. Ұлымыз Жанат Бесқарағай ауданының прокуроры. Қызымыз Эльмира да заңгер. Бір сөзбен айтқанда, әулетімізбен заңгерміз. Немерелеріміз желкілдеп өсіп келеді. Соған шүкіршілік дейміз.
Әңгімелескен
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист.
СЕМЕЙ.