• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 24 Маусым, 2019

Серт пен сенім

763 рет
көрсетілді

Жаңадан сайланған Пре­зидент ел билігін енді ғана қолға алып, атқарар ісі­нің жоба-жоспарын жариялап жатқан тұста халықтың арасында «ертеңгі күніміз қалай болар екен?» деген сауалдың тууы заңды. Мұндайда би­лікті мақтайтындар да, оған көңілі толмайтын­дар да табылады ғой. Де­мократиялық құнды­лықтарды қадір тұ­татын қоғамда «бәріңнің ойла­ған­дарың неге бірдей емес?» деп кінә тағу да қи­сынсыз. Әрбір пікірге, таңдауға түсіністікпен, сыйластықпен қараған абзал. Біз де бас­қалардың ұстанымына құрметпен қа­рай отырып, өз байла­мымызды, өз тұжыры­мы­мызды ортаға салып отырған жайымыз бар. Бас­қалай айтқанда, Президентпен сырттай бол­са да сыр-сұхбат құрғанды жөн санадық.

Сөздің дұрыс болғаны игі, Әрекет батыл болса игі.

Конфуций

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті қызметіне ресми кі­ріс­у рәсіміндегі сөйлеген сөзі­нен кейін дипломат Кемел­ұлының «Беласуын» қайтадан қолға алып, Мемлекет басшысының өмір жолына қайта бір үңілдік. Халықаралық саясат әлеміне деген алғашқы қадамы Алматыдағы №25 мектептен басталған Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қаты­настар институтының студенті атанып, араға жылдар салып БҰҰ Бас хатшысының орынбасары деңгейіне көтерілді. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын іргелі ұйым төрағасының орынбасары болу дегеніңіз бұрын-соңды қазақ баласының пешенесіне жазылмаған. Қазақ перзентінің есімі әлемнің тұғырлы тарихына осылайша таңбаланды. Алаш ұлының дипломатиядағы іргелі асуы бұл.

Жас Қасым-Жомарттың Син­га­пур елінен басталған дипло­мат­тық қызметі елді Ли Куан Юдің реформалық өзгерістер жаса­ған кезімен тұспа-тұс кел­гендігі тағы бір олжа. Атал­ған ре­форманың арқасында Син­гапур бүгінде күллі дүниеге та­ныл­ды, дәулетті де әлем жұрт­шылығы таңдай қағатын іргелі мемлекетке айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлының жаһандық биік мінберлерден көрінуіне бастау болған сол елді ерекше ілтипатпен еске алатыны да сол. «Осы бір ырысы шалқыған жерден мен кеткелі де көп уақыт өтті. Сингапур тұ­рақ­ты про­гресс жолында. Бұл мен үшін де қуанышты. Өйткені ең ал­дымен, бұл өзі Азияның көп­­теген мәдениеті астасқан бі­регей ел. Сингапур басшылары ұлт­аралық татулықты сақтай бі­луге және тіпті оны нығайтуға қол жеткізді. Күні бүгінге дейін әр­түрлі ұлт өкілдері осы ел­дің беделін нығайта отырып, мем­­лекеттік және қаржы құ­ры­лым­дарында қоян-қолтық еңбек етеді» деп жазады өзінің ме­муар­лық шығармасында.

Басқасы басқа, Сингапурды Ли Куан Ю басқарған тұста ол жүргізген реформалардың астарына жан-жақты үңіле білген, жетістігін жадына тоқыған кешегі дипломат, бүгінгі Президент Қ.То­қаевтың сингапурлық би­лік­тің басқару үлгісін ендігі жер­де қазақ қоғамына енгізуге толық­қанды мүмкіндігі бар. Ли Куан Юдің «бір ұлт, бір ха­лық, сондай-ақ әртүрлі ұлыс­тар мен тілдердің болуы кем­ші­лік емес, қайта Сингапур қоға­мының үлкен мақтанышы еке­нін ұғындыруы» қазіргі кезде Қа­зақстан Президентінің сөйлеген сөзінде «әртүрлі пікір, бір ұлт» болып қайта жаңғыруы да сол сингапурлық өмір мектебінің тағылымы екені айқын. Ендеше, елдік мәселенің өркениетті әлем­нің озық үлгісімен ұштасуы қазақ­стан­дықтардың да көкірегіне үміт отын себелейтіні белгілі.

«Еліміздің әр азаматының мүд­десін қорғау – менің бас­ты мақсатым. Оларды саяси көз­қарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайрат­керлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінің орайын осылайша бір қайырған-ды. «Халқы қаласа, хан түйесін сояды». Бұл бабалардан бізге дейін жеткен аманат-қағида. Елінің сөзіне құлақ қоятын, ұлтының уәжіне тоқтай білетін басшыға қарата айтылған халық даналығы. Жылдар жөңкіліп, уақыт шіркін өзгергенімен, ұрпақ бабалар дәстүрін ұлықтауды ес­те сақтағаны жөн. Қоғам қан­ша­лықты ғылымның қанжы­ғасына бөктерілген формация­лар түріне көшкенімен, халық­тың санғасырлық дәстүрін жоқ­­қа шығара алмасы анық. Ұлттың қуаты да мызғы­май­тын дәстүрі мен мента­ли­те­ті­нің өміршеңдігінде ғой. Пре­зиденттің «Еліміздің әр аза­ма­тының мүддесін қорғау – менің бас­ты мақсатым» деген сөзінен осындай тұжырым жасадық.

 Қазақстан Президентінің айтқанына ден қояр болсақ: «Уә­де бермей, орындау шарт! Мұн­­дай ережені барлық Үкімет мүшесі және әкімдер ұстану­ла­ры тиіс». Үлкенді-кішілі бас­шыларға қойылатын батыл-ақ талап. Бұрын-соңды уәдені үйіп-төгіп, «орындаймыз», «қаты­ра­мыз» деген құрғақ уәдемен қан­ша әкім мен қанша министр атқарылатын шаруаның аяғын құрдымға жіберді десеңші. Ми­нистрлер мен әкімдердің лауа­­зымдық қызметіне, берген уәдесі мен атқарған шаруасына алдағы күндері толыққанды мониторинг жүргізілетін болса, атқамінерлер өздерінің міндет­теріне қаншалықты жауап­кер­шілікпен қарайтыны тайға таңба басқандай көрінер еді-ау. «Уәде – құдай аты» дегенді есінен шығарғандарға қойылатын талапты күшейткен болар еді...

Алқалы топ алдында Прези­дент уәде мен міндет ұғымына бір­неше мәрте тоқталды. Биік мінберден, оның үстіне ел өмі­рінде өзіндік орны бар тарихи жи­ында «уәдеге» басым­дық беру тұлғаға үлкен жауап­кер­ші­лік жүктейді. Яғни, жаңа­дан сай­ланған Президент өзіне осындай жауапкершілік алып отыр деген сөз. Мемлекет басшысының ха­лыққа арнаған сөзі де билік тарапынан алдағы күнде атқарылатын міндеттердің аясында өрбіді. «Би­лік өзінің халық алдындағы уәде­сін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған сая­ды. Тек осылай ғана ұлт бір­лігі мен елдегі тұрақтылықты ны­ғайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асырудың тақырыптық жос­пары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті». Осы бір сөйлемнің ішінде мем­ле­кеттік бағдарламаның түпкі түйіні жатқандай. Яғни, ел Кон­с­титуциясының 3-бабының 1-тар­мағындағы «Мемлекеттік билік­тің бірден-бір бастауы – халық» екендігін айта отырып, «билік өзінің бастауына» адал қызмет етуі тиіс екендігін Президент кезекті мәрте өз сөзімен бекемдей түсті. Бұл да ұлттың жоғын тү­­гендеуге арналған ұмтылыс деп ай­туға болатындай.

Қасым-Жомарт Тоқаев прези­денттік қызметіне ресми кі­рісу рәсімінде сөйлеген сөзін­де өзін толғандыратын 10 ба­ғыт тө­ңі­регіндегі орамды ойла­рын ор­­­таға салды. Соның ішінде, сы­­­байлас жемқорлықты жоюға бай­­­ланысты Президент: «Жем­қорлық – мемлекеттің дамуын те­жейтін кесел. Бұл – қоғам­дағы өз­ара сенімге, жалпы мем­ле­ке­тіміздің қауіпсіздігіне қатер төн­діретін құбылыс» деген болатын.

«Мемлекетіміздің қауіпсіз­ді­гіне қатер төндіретін құбылыс» демекші, жоғарыда біз сөз еткен Ли Куан Юдің жемқор­лыққа қарсы аяусыз күресі Син­гапурдың жоғары қарқынмен дамуына, әлемдік деңгейде мемлекет беделінің асқақтауына ерек­ше ықпал еткендігі мәлім. «Өкі­меттік иерархияның барлық қабатын, мемлекет басшысынан бастап ұсақ шенеуніктерге дейін жемқорлық жайлап алған күнде проблема асқына түседі. Тазалау мен дезинфекцияны жоғарыдан бастап, ең төменге дейінгі аралықта жүйелі түрде жүргізу керек. Бұл ұзақ және қиындыққа толы жұмыс, оны тек адалдығы мен моральдық беделі ешқандай күмән тудырмайтын өте күшті көшбасшылар тобы ғана еңсере алады» деген Ли Куан Ю басқарған көшбасшылар тобы өзі айтқандай, сыбайлас жем­қорлықты еркін еңсере білді. Соның арқасында Сингапур Азия құрлығындағы ең «таза» ел ре­тінде танылды. Олай болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында сингапурлық тәсілді отандық тәжірибеге енгі­зу­дің нәтижесі де жемісті болар еді. Қазақстан Президенті «Мемлекеттің дамуын тежейтін кеселді» осылай ауыздықтаса, биліктің халыққа берген уәдесінің орындалғаны деп қа­­былдаған болар едік. Қасым-Жомарт Кемелұлының 10 ба­ғы­тының қан­ша­лықты «ондық­қа» дөп тиетінін уақыт-төреші көр­сете жатар.

Жаңадан сайланған Қазақстан Президентінің алдында асқаралы асу бар. Ол асудың жөні бөлек. «Бела­суда» жазылғандай көр­ген, білген, көңілге тоқыған тағы­лымды тәжірибені ендігі жерде Ел асуының кәдесіне жарататын сәт туды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы қоғамды Махатма Ган­ди айтатын «жеті әлеуметтік кү­нәдан» сақтандыра білсе, қа­зақ елінің ертеңіне сеніммен қа­рауға болады. Яғни принципсіз саясат; еңбексіз байлық; ар-ұят­ты жоғалтып рахатқа бату; ақи­қатсыз білім; имандылықсыз сау­да; ізгіліксіз ғылым; Құдайға құр­­бандықсыз құлшылық ету сияқты «күнәлардан» ада қо­ғам­ның биік белесті бағын­ды­рары сөзсіз. Әзірше Мемлекет бас­шысының бастаған қадамына, орамды ойларына, берген уәде­сіне «бәрекелді» деселік.

Кезінде Мырза Әлінің баласы Қадыр ақынның төмендегіше жыр­лағаны бар-ды:

«Гүлге де бөлер келешек ұрпақ құмайтты,

Замана бірақ біздерді бұрын мұңайтты.

Президенттің жүгі қашанда ауыр – білеміз,

Перзенттік парыз одан жеңіл деп кім айтты?!».

Ендеше, біз де Президенттің жүгі ауыр екенін, ал перзенттік па­рыздың одан сірә бір мысқал кем емес екенін пайымдаймыз. «Қазақстанның жарқын бо­ла­шағы үшін, халық үшін аян­бай еңбек етуге серт берген» Мем­ле­кет басшысының осы үде­ден шығатынына сенім білдір­гіміз келеді. «Антқа адал бо­лу, сертке берік болу – менің ха­лық алдындағы парызым» деген Пре­зидент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық алдын­дағы парызына, берген серт­іне сергектікпен қарайды деп ой­лаймыз.

«Сенімнің де эволюциялық жолмен келгені жақсы екен. Революциялық жолмен жүріп көрген елміз ғой» деп жазған еді бір мақаласында қазақ журна­листикасының сарабдал сардары Ержұман Смайыл ағамыз. Олай болса, эволюциялық жол қо­ғам­ның, халықаралық саясаттың тамыр бүлкілін терең білетін, уәде­сіне берік, сертіне адал Пре­зи­денттің арқасында жүзеге аса­­тыны сөзсіз. Ендеше, Қасым-Жомарт Кемелұлының «халқы үшін берген сертіне» елінің сені­мі серік болсын!