• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2013

Бір де бір бюджеттік теңге бос жұмсалмайды

376 рет
көрсетілді

Бір де бір бюджеттік теңге бос жұмсалмайды

Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:23

«Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтудің жаңа тетіктерін белгілеп берді. Соның ең бастысы, бұл мәселедегі заңнаманы жетілдіру болып табылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерді реформалау одан әрі жалғасатынын айтты. Биылғы жылғы құқық қорғау органдарының өткен жылғы жұмыс қорытындыларына арналған кеңесте Президент Н.Ә.Назарбаев жүйені жаңғыртудың басты бағыттарының бірі – жемқорлыққа қарсы күрес стратегия­сын әзірлеу деп атап көрсетті.

Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:23

«Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтудің жаңа тетіктерін белгілеп берді. Соның ең бастысы, бұл мәселедегі заңнаманы жетілдіру болып табылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерді реформалау одан әрі жалғасатынын айтты. Биылғы жылғы құқық қорғау органдарының өткен жылғы жұмыс қорытындыларына арналған кеңесте Президент Н.Ә.Назарбаев жүйені жаңғыртудың басты бағыттарының бірі – жемқорлыққа қарсы күрес стратегия­сын әзірлеу деп атап көрсетті.

Жоғарыда айтылғандай, бұл міндет те ең алдымен жемқорлыққа қарсы заңдылықтарды жетілдіруден бастау алмақ. Мұның сыртында, бүгінгі күні өңірлік және салалық деңгейдегі жемқорлыққа қарсы күрес органдарының іс-қимылын жаңа міндеттерге жұмылдыру талабы да өткір қойылуда. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясының бастығы Айдар Балтағұловпен әңгімелестік.

– Айдар Ізбасарұлы, Елбасы қойып отырған тың міндеттердің мәні мен маңызын қалай түсінесіз?– Әрине, қандай іске де мақ­саткерлік пен жүйелі сипат тән болса нәтижесіз қалмайды. Елбасының құқық қорғау органдарының алдына қойып отырған талабы да осы екеуінің бірлігінен туындайды. Ал мұндағы кешенді реформалардың қазіргі жай-күйіне келсек, оның қысқа уақыт аралығымен шек­телмейтін ерекшелігіне сай аралық қо­рытындыларды ой елегінен өт­кізіп саралап сараптап отырудың орны бөлек. Осындай көзқарас тек орталық органдарға ғана емес, сонымен бірге, өңірлік буындарға да қажет деп санаймын. Мұндай кезде Елбасы атап көрсеткендей, жетістіктерге сыни тұрғыдан баға беріп, проблемаларды жасырмай ашық айтып айқындап отырса, сыбайлас жемқорлықпен күрес со­ғұрлым нәтижелі бола түспек.Кешенді реформа, кешенді көз­қарас дегеннен шығады. Жем­қорлыққа қарсы күрес стратегиясы халықтың құқықтық санасының деңгейін көтерумен бір мезгілде іске асатын болса ғана алға қой­ған мақсатына жете алады. Сон­дықтан да біз өңірлік деңгейдегі іс-қимылдарды тұрғындармен бір­лескен жұмыстың әртүрлі жолдары мен әдістерін дамытумен байланыс­тыра жүргізуге қам жасап отырмыз. Сөз жоқ, мұндағы басты мақсат – ашықтық пен жариялылыққа қол жеткізу. Соған жол ашу. Түптей келгенде біз бәріміз күнделікті күй­кі тіршіліктегі ұсақ-түйектер емес, үлкен стратегиялық маңызы бар міндеттерді орындау қамында жүргенімізді терең түсіне де, терең түйсіне де білуге тиіспіз.– Енді әңгімемізді өзіңіз қыз­мет атқарып жүрген өңірдегі эко­номикалық қылмыстардың жай-күйіне қарай бұрғанымыз жөн секілді. Жүйелі саралау мен сарап­таудың ұдайы керектігі жөнінде айтып өттіңіз. Ендеше, дәл осы тұрғыдан аймақтағы экономикалық қылмыстарға тән сипат қандай деп ойлайсыз?– Экономикалық қылмыстар қоғам мен азаматтардың заңмен қорғалатын экономикалық мүд­де­леріне әжептәуір зияны мен ке­­сірін тигізеді. Оның өзіне тән қылмыстық сипатын да осылай бей­нелей аламыз. Біздің басты мін­­детіміз – экономикалық қарым-қатынастардағы азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. Мұның сыртында тұтастай мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді аса жауапты да күрделі міндеттер тұр. Бұған дейінгі жа­салған талдаулар Орал өңі­рінде ашылған экономикалық қылмыстардың елеу­лі бөлігі ауыр са­наттағы қыл­мыстар екенін көр­сетеді. Осы қылмыстардың салдарынан 6 миллиард 400 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Соның 128,3 миллион теңгесі өндіріліп алынды.– Залал мөлшері қомақты бол­ғанымен, экономикалық алаяқтардан өндіріліп алынған қаражат көлемі тым аз екен. Мұны қалай түсіндіресіз?– Сұрағыңыз орынды. Аталған ауыр экономикалық сипаттағы қылмыстардың дені жалған кә­­сіп­керлік жасау жолымен келтірілген зияндар. Қаржы полициясы тәжірибесінде дәл осындай жолмен жасалған қылмыстарды әшкерелеу күрделі болып табылады. Оның үстіне бірқатар жеке тұлғалар осындай жалған кәсіпорындарды өз атына емес, өзге тума-туыс­қан­­­дарының атына тіркейтіні де байқалып жүр. Көптеген жағ­дайларда олар­дың тәркілейтін дүние-мүлік­тері бола бермейді. Содан соң кел­тірілген зиянды өндіру ісі ұзақ­қа созылып күрделене түседі. Мұн­дай деректер департамент қызметкерлері іс-әрекетсіз отыр екен деген ұғымды білдірмейді. Тер­геу жұмыстары жүргізілуде. Эко­номикалық алаяқтардың жалған кәсіпорындарды тіркеп, салық тө­леуден жалтару көріністері анық­талу үстінде.Облыстағы экономикалық қыл­мыстарға тән тағы бір ерекшелік мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан туындайды. Өткен жылы осындай сипаттағы қылмыстардың 11-і ашылып осын­дай теріс іс-әрекеттерге жол берген ЖШС жетекшілеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Олар бұған дейін айтып өткеніміздей, кәсіпкерлікті заң талаптарымен мүлдем сыйыспайтын жымысқы іс-әрекеттер арқылы жүргізіп, жалған бухгалтериялық құжаттар жасаған. Мұнай өнімдерін көтерме сатып алу бағытында да дәл осындай көріністер орын алған. Осылайша мемлекетке салық төлемей 325 миллион тең­ге көлемінде шығын келтірген. Сон­дай-ақ, ЖШС басшыларының бірі кедендік баж салығы салынбайтын көлемі 810 тонна шикі мұнайды темір жол арқылы республиканың кедендік шекарасынан заңсыз түрде өндіруге екі рет әрекет жасаған. Әрі заңды құжаты жоқ шикі мұнайды алу, тасымалдау, сақтау және сату деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды.Облыста көлеңкелі экономикамен күрестің тағы бір көрінісі жасырын әрі заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу болып отыр. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық спорттық покер федерациясы қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасына қатысты қозғалған қылмыстық іс облыс прокуратурасына жолданды. Ол спорттық покерден турнир өткіземіз деген желеумен Орал қаласындағы азық-түлік дүкендерінің бірінің жертөлесінде жасырын казино қыз­метін ұйымдастырған. Осы ны­санды тергеу кезінде покер үстелдері жә­не ойын фишкалары мен карталары, жүздеген мың теңге алынып тәркіленді.– Мемлекет тарапынан өңірлерде жүзеге асырыла­тын инвестициялық және ин­новациялық жобаларды қар­жыландыруға қажетті мөл­шерде қаражаттар бөлініп келеді. Осы қаражаттар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында ке­тіп қалмасына кім кепіл? Оның тиімді түрде пайдаланылуына тек­серулер жүргізу қажет деп есеп­­тейсіз бе?– Әрине, қажет. Қаржы полициясы департаменті тарапынан мұндай тексерулер бірнеше дүркін жүргізілді. Соның нәтижесінде табаны күректей тоғыз қылмыс дерегі анықталды. Осының ішінде индустриялық-ин­новациялық да­­­­­му бағдарламасы аясында «Ин­фра­құрылымы дамыған қазіргі за­манғы мал бордақылау алаңын құру» жобасы бойынша «Grown Батыс» ЖШС директоры Евгений Алиевке, сонымен бірге, Зеленов ауданындағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұрлан Ақаевқа қатысты қылмыстық істер қозғалды. Оларға мемлекеттен кәсіпорынға құрама жемның бағасын арзандату үшін бөлінген қаржылай көмекті талан-таражға салды деген айып тағылуда.– Облыстағы сыбайлас жем­қорлық сипатындағы қыл­мыстарға қатысты не айтар еді­ңіз?– Бұл үшін біз алдағы жылдарға арналған аймақтық бағдарлама жасаған болатынбыз. Бүгінгі басты сүйенеріміз осы іргелі құжат. Өткен жылы департамент сақшылары көмегімен ашылған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қыл­мыстардың саны өсті. Сондай-ақ дерек­тер ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны артқанын көрсетеді. Алдыңғы жылмен са­лыстырғанда пара алу деректері бойынша ашылған қылмыстардың саны екі есе өскенін көреміз. Қазір мұндай қылмыстық істер тергелу үстінде.Өткен жылы қаржы полициясы департаменті облыс аумағындағы мемлекеттік сатып алулар тәртібі мен заңдылықтарының сақталуына тиісті тексерулер жүргізді. Оның нәтижесі бойынша 11 қылмыс ашыл­ды. Мысалы, бүгінгі күні 100 пайыз құрылтайшысы Орал қаласының әкімдігі болып табылатын «ЖайықБизнесЦентр» ЖШС-ның директоры Қазтай Сахиповқа қатысты қылмыстық іс сотта қа­ралу үстінде. Оған қызмет бабын асыра пайдаланып облыс ор­та­лығында әлеуметтік маңызы жо­ғары тамақ өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылуда.Қазіргі уақытта өңірде жер те­лімдерін бөлу және беру жөнінде сыбайлас жемқорлық көріністері белең алып отырғаны жасырын емес. Өткен жылы осы мәселеге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде бір қылмыстық іс бойынша жер телімдерін заңсыз берген Бөрлі ауданындағы Қы­зылтал ауылдық округінің әкімі Са­парғали Сиражев бір жылға бас бостандығынан айырылды.– Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі сіз ұстанатын басты қағида қандай?– Бұл сұрағыңызды жеке адам­ға қатысты телімей, жалқыдан жалпы түрге орайластыра отырып бергеніңіз жөн болатын еді. Сондықтан бұл сауалыңызға жауапты бір адамның емес, тұтастай қаржы полициясы департаменті атынан қайтарғанды ыңғайлы көремін. Осы орайда біз үшін бас­ты ұстаным – бір де бір бюджеттік теңге бос жұмсалмауы тиіс деген қағидаға арқа сүйеуі керек деген ойдамын. Яғни біздің барлық күш-жігеріміз бен кәсіби шеберлігіміз бюджеттік қаражаттардың өз мақса­тына жұмсалуын бақылау болып қала бермек.– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар