• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2019

Ұлт болып ұйысудың үлгісі

421 рет
көрсетілді

Әскери қоймада болған жарылыстарға байланысты шұғыл түрде көшірілген арыстықтарға жол-жөнекей көмек қолын созушылар көп болды. Жалпы, Арыстағы жағдай қазақылықтың қаймағы бұзылмаған дейтін Оңтүстіктегі ағайынның ынтымағын, қиын кезде қолұшын соза білетін жанашыр екендігін тағы бір байқатты. Жаздың ыстық күнінде бас сауғалап кеткен тұрғындардың алдарынан көрші аудан, ауылдың тұрғындары су, тамақ алып шығып, күтіп алса, бірі көлігіне мінгізіп алып кетіп жатты. Бейтаныс жандарды үйіне алып барып, қондырып жатқандар қаншама. Мұны сол зардап шеккен тұрғындардың өздері айтып отыр.

Күні кеше халықтың үрейін алып, әбігерге салған Арыстағы оқиға орнына барып, нақты жағдайды қаз-қалпында көрсетуді жөн санадық. Себебі әлеуметтік желі арқылы тараған алыпқашпа ақпаратқа алаңдаған әлеуметтің көзінде әлі қорқыныштың елесі тұрғандай.

Арыстағы жарылыстың екінші күні. Кешегідей емес, абыр-сабыр ба­сыл­ған. Елдің тұтастығын қорғайтын әскерилер Арыс қаласына кіреберісте үш автопост арқылы тұрғындардың қалаға рұқсатсыз кіріп кетуінің алдын алуда. Анығында, қалада әлі тазалау жұмыстары жүргізілуде. Снаряд түсіп, жалынға оранған нысандарда өрт түгелдей сөндірілген. Көшкен халықтың артында қалған дүние-мүлкін арнайы жасақ күн-түн демей күзетуде. Жарылыс ошағынан таралған сілкініс салдарынан қаладағы ғимараттардың, үйлердің әйнектері сынып, төбелері ортасына түскен.

Арыс жұртының басына түскен ауыртпалықты бекем көтерген аза­мат­тардың ізгі істері ел ішінде көптеп таралуда. Кеше Арыс пен Шымкенттің арасында жолаушыларды тегін тасыған такси жүргізушілерінің еңбегі бөлек.

Жарылыс аймағында видео арқылы атана-анасымен «қоштасқан» жауынгер Исатай Алибаевты оқшауланған аймақтан кездестірдік. Көзі қызарып, ісінген сарбаз апат аймағынан адамдарды түгелдей оқшаулап болған соң ғана шыққан. Айта берсек, мұндай ерлік жасаған азаматтар жетерлік.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтқандай, 45 мың халық тұратын Арыс қаласының халқын түгелдей көшіру дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім болды. Әйтпегенде, адам шығыны көп болуы әбден мүмкін еді. Ресми мәліметтерге қарағанда, арыстықтардың негізгі бөлігі өз күш-көліктерімен көшкен. Бірінші кезекте балабақшадағы бүлдіршіндер, ауруханадағы науқастар қауіпсіз аймақтарға жеткізілді. Осы себепті жарылыстың алғашқы күні кешкісін ата-ана баладан, бала ата-анадан адасып, біраз абыр-сабыр болды.

Балдырғандар Шымкенттегі мектептер мен мешіттерге жеткізіліп, еріктілер, білім саласының қыз­мет­керлері түні бойы жұмыс істеп, балаларды ата-аналарына табыстау­мен айналысты. Қауіпті кезеңде балдырғандардың біразы, тіпті көр­шілес Ордабасы, Қазығұрт, алыс­тағы Шардараға дейін кетіп қалған. Мәселен, Арыстағы «Лидер» бала­бақшасында тәрбиеленіп жатқан 70 балдырғанды Асқар Әбдіқалық деген 19 жастағы жігіт Шардара қаласына жеткізген. Сондағы оқу орнының ғимаратына орналастырылған балдырғандар ата-аналарына табысталуда. Кешегі күні Баян Байғондинова деген азаматша қос перзентінің бірін Ордабасы, бірін Қазығұрт ауданынан тапты. Тіпті, өз сәбиін жоғалтып алған арыстық әйел өзгенің баласын анасына апарып берген. Міне, бірдің басына түскен сынақты көптің көтере білгені деп осыны айтса керек.

Арыстан көшірілген тұрғын­дардың басым бөлігі Шымкент қаласына келді. Тұрғындарды Шым­кентке жеткізу үшін қала әкім­дігі тарапынан 100 автобус бө­лінді. Бұған қоса, Арыс бағытына кетіп бара жатып, Шымкентте тоқтатылған 6 пойыздың жолаушыларын Түркістан қаласына жеткізу үшін 43 автобус бағытталды. 24 мау­­сым күні осы автобустармен Түр­кістан қаласына 2500-ден астам адам аттанды. Мегаполиске жеткізілген арыстықтардың біразы қаладағы әлеуметтік нысандарға орналастырылды. Қазіргі уақытта олар ыстық тамақпен, жатын орынмен, басқа да қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкентте ауқымды «Көмек қолы» іс-шарасы жарияланды. Тез арада құрылған арнайы штаб тәулік бойы тәртіпте жұмыс істеуде. Оның құрамына Шымкент қаласы әкімдігінің, поли­ция және Төтенше жағдай депар­таменттерінің, Төтенше жағдай­лар құрылымдарының қызметкер­лері кірген. Осы күні Шымкенттегі мек­теп және колледжерде 15 эва­куа­циялық пункт ашылып, Арыс тұр­ғындары осы ғимараттарға орналастырылды. Азаматтар ыстық тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, көрпе-төсек, балаларға қажет заттар секілді керек-жарақты Шымкенттің көптеген тұрғыны да әкеліп жатыр. Азық-түлік эвакуация пункттеріне автокөліктермен жеткізілуде. Арыстан келіп жатқан тұрғындар санының көбеюіне бай­ланысты Шымкенттегі эвакуа­ция­лық пункттердің саны 31-ге д­ейін көбейтілді. Кешегі күнгі мәлі­мет бойынша, Шымкенттегі эва­куа­циялық пункттерге 2366 адам қабыл­данған. Оған қоса, тұрғындар мешіттер мен жатақханаларға орналастырылған, қала тұрғындары да арыстықтарды өз үйлеріне қонуға алып кетіп жатыр. Қазіргі таңда Шымкенттегі Көрме орталығы мен түрлі ұйымдарда азық-түлік пен киім-кешек секілді қажетті заттар жиналуда. Қаладағы жағдайды ба­қылау үшін патруль қызметі ұйым­дастырылған. Зардап шеккендерге көмектесуге 500 ерікті жұмылдырылған.

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, зардап шегушілерге медициналық көмек көрсету үшін 10 арнайы жедел жәрдем бригадасы құрылды. Стационар мекемелерде зардап шегушілерге арнал­ған қосымша 260 орын бөлінді. Кеше Шымкент қаласындағы ауру­ханаларға 96 адам келген, ара­сында балалар да бар. Дәрігер көмегіне жүгінгендердің арасынан 22 адам ауруханаға жатқызылып, екі адамға операция жасалды.

Көмек сұрағандардың көпшілігі (74 адам) қалалық №1 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі ауыр халде.

Шымкенттік дәрігерлер 57 жас­тағы Шәрбану Қожықованың өмі­рін сақтап қалды. Ол снарядтан жара­қат алып, шат сүйектері сынып, қаладағы ауруханаға түскен еді. Науқас көп қан жоғалтқан. Қала­лық №1 клиникалық ауру­хананың дәрігері Данияр Оразбаев бастаған ақ халаттылар 2 сағатқа созылған өте күрделі ота жасады. Науқас жансақтау бөлімінде жа­тыр. Қалалық Орталық мешіт пен «Бекжан» базарында 4 жедел медициналық жәрдем көлігі кезек­шілікте тұр. Темір жол вокзалында медициналық пункт ашылып, құрамындағы дәрігер мен екі медбике тәулік бойы жұмыс істеді. 122 қан, 165 плазма, 221 криопреципит дозасы әзірленген.

Бұған қосымша Арыс тұрғын­дары үшін №2 оңалту орталығында – 10 орын, №1 оңалту орталығында – 20 орын, «Ана мен бала» оңалту орталығында – 17 орын, Балалар үйінде 10 орын қарастырылған. «Медикер» секілді жекеменшік клиникалар да қосымша орындар ұсынып отыр.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, дәрі-дәрмек сатумен айналысатын бірнеше компания 20-25 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін тегін әкеліп берген.

Денсаулық сақтау басқармасы атынан осындай демеуші фир­маларға үлкен алғысымызды біл­діреміз. Қазіргі уақытта тұрғын­д­арға медициналық көмек көр­се­­тетін пункт­­терде дәрі-дәрмек жетіс­­пеушілігі жоқ,-деді басқарма бас­шысы. Қазіргі уақытта оқиға кезінде зардап шеккен 70 адам ауруханада жатыр. Олардың 30-ы облыстық клиникалық ауру­ханаға түскен. 4 науқастың жағ­дайы ауыр. Республикалық сани­тарлық авиациямен келген білікті дәрігерлер оларға көмек көрсетіп жатыр.

«Көп түкірсе көл болар» демек­ші, облыстағы, Шымкенттегі ұлттық мәдени орталықтар да көмектерін аяп қалған жоқ. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарды көшіру үшін Арыс қаласына автобус жіберді. Шымкенттегі Славян этномәдени орталығы тұрғындарды көшіру үшін 5 автобус пен 2 жүк көлігін жіберсе, Корей этномәдени орталығы түске дейін бір «Газель» ауыз су жөнелтті, түстен кейін 3600 бөтелке, сондай-ақ 3005 литрлік бөтелкелерді штабқа жеткізді.

Өзбек этномәдени орталығы 30 адамды тұрғын үймен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 150 адамға палау дайындады, сондай-ақ Хамза атындағы №53 мектепке эвакуацияланған адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етті, қосымша 50 дана төсек-орын жабдықтарын берді.

Ұйғыр этномәдени орталығы Нұрсат шағын ауданындағы эва­куациялық пунктіне 1000 гамбургер жіберді. Түрік этномәдени орталығы таңертең 1 «КамАЗ» су мен тамақ жіберіп, №52 мектепке көшірілгендерді азық-түлік өнім­дерімен, ауыз сумен және жая­лық­тармен қамтамасыз етті, сонымен қатар штабқа 30 жәшік қияр жі­берді. №56 және №87 мектеп­тердегі мұқ­таж жандарға көмек қолын созды.

Татар-башқұрт орталығы штаб­қа азық-түлік өнімдерін (макарон, ұн, жұмыртқа) әкелді.

Төлеби ауданынан Ассамблея жастар қанатының мүшелері штабқа 200 нан жеткізді, оның 100-і бірден Орталық мешітке жөнелтілді. Қол ұшын созған жекелеген кәсіпкерлер мен кәсіпорындар да жетерлік.

Ал кеше Өзбек этномәдени орталығы 1000 адамға дастархан жайды, штабқа 1000 шелпек жеткізілді. Шешен-ингуш орталығы штабқа ұнтақ, сабын, тіс пастасы мен щеткалар, басқа да гигиена заттарын жеткізді. Иран этномәдени орталығы сабын, ұнтақ, дәретхана қағазын жеткізді. Тәжік облыстық этномәдени орталығы да штабқа жеке гигиена құралдарын әкелді.

Абай ауданының түрік этно­мәдени орталығының төрағасы бір­неше отбасын «Қызылжар» ауылы тұрғындарының үйлеріне орналас­тырды.

Түркістан облысындағы төтен­ше жағдай бойынша облыстық штаб құрылып, тұрғындарды басқа жерлерге орналастыратын 48 орталық ашылды. Жалпы, Арыс қаласы мен ауылдарда 40 мектеп (18399 бала), 50 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді (5071 бала). Қауіпті аймақта 13 мектеп (11377 бала), 6 мемлекеттік 23 жеке­меншік балабақша (3278 бала) ор­на­ласқан, олардың барлығы қауіп­сіз жерлерге көшірілді. 6 ауданда (Шымкент, Түркістан қалалары, Сары­ағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Шар­дара, Отырар ауданы) орта мек­теп, колледж, балабақша, мек­теп-ин­тернаттарға көшіп келген азамат­тарға барлық жағдайлар жа­салған. Тұ­рғындар ауыз сумен, ыс­тық тамақ­пен, төсек орындарымен, киім-ке­шекпен және жеке ги­гиеналық зат­тар­мен қамтамасыз етілді. 25 мау­сымдағы ақпарат бойынша, 1149 бала ата-анасымен қауышты. Штаб жұ­мы­сын тәулік бойы атқарып жатыр.

Түркістан – Арыс – Шымкент

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, Нұршат ТӨКЕН, «Egemen Qazaqstan»