• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2019

Медициналық мекемелер жұмылдырылды

318 рет
көрсетілді

Арыстағы апат салдарынан медициналық көмекке жүгінген адамдардың саны белгілі болды. Өкінішке қарай, қаза тапқан адамдардың саны екеуге жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев және Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында хабарланды.

Вице-министр амбулаторлық және стационарлық емдеуге 165 адам жіберілгенін және түрлі дәрежедегі жарақатпен реанимациялық бөлім­шелерде 15 адам жатқанын мәлім­деді. Белгілі болғандай, жарақат­тан­ған тұрғындардың көпшілігіне Шымкенттегі облыстық клиникалық және облыстық балалар ауруханасында тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Жарақат алғандарға көмектесуге Түркістан облысындағы орталық ауруханалар да жұмылдырылыпты.

– Медициналық көмекті күшейту мақсатында Арыс, Түркістан, Кен­тау және Шымкент қалалары мен Орда­басы ауданынан 22 жедел ме­ди­циналық жәрдем бригадасы тартылып отыр. Қосымша 4 бригада Жамбыл облысынан жі­берілді. Бұдан бөлек тағы 12 бригада Жамбыл және Қызылорда облыстарында дайын тұр. Ем­делу­шілерді консультациялық көмек­пен қамту үшін Алматы және Шымкенттен құ­рамында реаниматологтар, трав­ма­тологтар, балалар реаниматологтары және нейрохирургтерден жасақ­талған бригада санитарлық авиация­мен аттанды, – дейді О.Әбішев.

Ведомство өкілі қазіргі уақытта ауыр халдегі барлық емделушіге көмек көрсетілгенін, сонымен қоса бір адамға ота оқиға орнында жасал­ғанын жеткізді. Сондай-ақ шұғыл тасымалдау бойынша қиындық тудырмас үшін санитарлық авиацияның 2 тікұшағы әзір екенін айтты. Аталған әуе техникасы барлық медициналық қондырғымен жарақталғанын нақ­тылады вице-министр.

Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, 25 маусымдағы жағдайға сәйкес әскери бөлімшенің аумағында жарылыс тіркелмегенін атап өтті.

– Ішкі істер министрлігінің 1200-ден аса адамнан тұратын құрамы және 180-нен астам техникасы оқиға орнында кезекшілік атқаруда. Ұзын саны 45 өрт ауыздықталды. Оның ішінде 21 факті жеке тұрғын үйдің аумағында болса, 9 дерек бойынша шаруашылық қора-жайлар өртенгені анықталды. Тағы 15 оқиға далалық аймақта снарядтар мен оқ-дәрілердің жарықшағынан пайда болған.

Түркістан облыстық ішкі істер департаменті және республикалық Ұлан сарбаздарының күшімен бұзақылық әрекеттің алдын алуда кезекшілік ұйымдастырылды. Нәтижесінде өткен тәулікте үш адам ұсталды. Бұзақылық бойынша екі дерек тіркелді. Қазіргі таң­да Қорғаныс министрлігі ұшқыш­сыз басқарылатын аппараттардың көмегімен қауіпті аймақта барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқ-дәрі қоймасының аумағында тұтануы ықтимал 9 ошақ табылған. Демек, жарылыстың қайталану қаупі әлі бар. Бірақ алғашқыдай ауқымды жарылыс болмайды деп сеніммен айтуға болады, – деді Ю.Ильин.

Ішкі істер министрінің орынба­сары, қаланы жарылмаған оқ-дәрілерден тазарту үшін саперлер жұ­мылдырылғанын айтты. Жүз адам­нан асатын инженерлік жасақ тиісті темір жолдың бойында, қаланың ішінде және әскери бөлімшенің маңында жұмыс істеуде.

«Минадан тазарту жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғындарды үйлеріне қайтарамыз. Материалдық шығынды есептейтін комиссия құрылады. Үкімет басшысы бекіткен арнайы жұмыс тобының басында Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс қасымбек тұр. Арнайы топ әкімдіктермен және құрылыс компанияларымен бірлесіп жеке үйлер мен инфрақұрылымға келген материалдық зардапты толық есептейді. Одан кейін қалпына кел­тіру жұмыстары жасалады», деді вице-министр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтің резервінен арнайы қаражат бөлінеді», деді Ю.Ильин. Министр орынбасарының айтуынша, Мемлекет басшысы 2-3 күнде минадан тазарту және қал­пына келтіру жұмыстарын аяқтауды тапсырған.

Ішкі істер министрлігі өкілі­нің пікірінше, жергілікті апаттан кейін халықты эвакуация­лау үшін қоғамдық көліктерді жұ­мыл­дырған екен. Артынша жа­қын ма­ңайдағы елді мекендерден де көлік­тер алдырылған. Кей азаматтар өздерінің жеке көліктерімен де жерлестеріне көмектескен.

 

Бауыржан МҰҚАН, Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»