• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2019

Багаевтан қалған бағалы шежіре

455 рет
көрсетілді

Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақстандық белгілі фотограф-өлкетанушы Дмитрий Багаевтың үздік деген жұмыстарының «Бір сәт және бүкіл өмір» атты көрмесі ашылды.

1884 жылы туып, 82 жас­қа келіп қайтқан Дмитрий Поликарпович ақсақал өзінің күн­­делігінде: «Фотосурет бос ермек емес, фотосурет ол – ғы­­лым, өнер, фотосурет – уа­­­қыт­­тың дәлелі» деп жаз­ған екен. Айтса айтқандай, өт­­­кен ғасырдың басында оның фото­аппаратының объе­ктивіне ілін­ген қас-қа­ғым сәттер қазақ да­ласының ше­жіресіне айналған. Фото­графтың Павлодардағы үй-музейі қорынан көрмеге 50 фотосурет ұсынылыпты. Онда ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының күнделікті тұрмысы, ескі Павлодардың көріністері, кең даланың, Баян­ауыл тауларының көркем пей­зажы бейнеленген.

– Дмитрий Поликарпович еңбектерінде қойылымдық кадрлар жоқ. Сол кездегі фо­то­пластинкалардың жарық сез­гіштігінің жоғары болуы­мен қатар, фотограф өзінің кәсіби шеберлігінің арқасында болып жатқан оқиғалардың әр сәтін сол күйінше түсіріп жа­риялаған, – дейді облыстық та­ри­хи-өлкетану музейінің қыз­мет­кері Бақытгүл Мұрат­бекова.

Фотосуретке түсірумен ба­ла жасынан айналысқан Дми­трий Поликарповичтің өмірі де қазақ даласындағы аса ірі оқиғалы кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Ол қазақтың көшпелі өмірі тарих қойнауына кетіп бара жатқанын түсініп, оны аса ынтызарлықпен тү­сіре­ді. Сонымен қатар оның шы­ғармаларынан Қазақстанда болған төңкеріс, аштық, Ұлы Отан соғысы сияқты тарихи оқиғалардың барлығы да көрініс табады.

1908 жылы Багаевтың «Жер аударылғандарды ар­нау­­лы қарауылмен айдау», «Жер диірмендері», «Айырбас ала­ңы» және тағы да басқа су­реттері Павлодардан тысқа­ры жерлерде де лайықты құрметке ие болады. 1912 жылы Дми­трий Багаев бүкілресейлік бай­қаудың бас жүлдегері атанды. Дмитрий Багаевтің «Ошақ басындағы әйел», «Тайды ұс­тау», «Бесік тербеткен ана қия­­лы», «Алтыбақан», «Екі­бас­тұз шахтері» сияқты фото­жұ­мыстары әлемдік фотосурет мұрасы болып саналады. Ең бастысы, олар қазақ дала­сының шежіресіне айналуымен де құнды еңбектер.

 

ҚОСТАНАЙ