Жұма, 29 наурыз 2013 0:47
Тыныштықтың қадірін тыныштықта білу керек. Тыныштық кеткен кезде оның қадірін біл, білме, кеш. Қазір ел шеті сөгіліп, тәртібі бұзылып жатқан мемлекеттерде береке жоқ. Сондықтан да шекарашылар: «Тыныштық, жүрекке тым ыстық», деп жиі айтады. Өйткені, ізгілікті іс шаралар шекарадан бастау алады. Осыған орай кеше бейбітшілік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың негізіне айналған елордада Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің Орталық Азия аймағы шекара ведомстволары басшыларының үшінші аймақтық кеңесі болып өтті.
Жұма, 29 наурыз 2013 0:47
Тыныштықтың қадірін тыныштықта білу керек. Тыныштық кеткен кезде оның қадірін біл, білме, кеш. Қазір ел шеті сөгіліп, тәртібі бұзылып жатқан мемлекеттерде береке жоқ. Сондықтан да шекарашылар: «Тыныштық, жүрекке тым ыстық», деп жиі айтады. Өйткені, ізгілікті іс шаралар шекарадан бастау алады. Осыған орай кеше бейбітшілік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың негізіне айналған елордада Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің Орталық Азия аймағы шекара ведомстволары басшыларының үшінші аймақтық кеңесі болып өтті. Жиналғандар әуелі өткен жылы желтоқсан айында ұшақ ішінде қайғылы қазаға ұшыраған шекарашыларға құрмет білдіріп, оларды бір минөт үнсіздікпен еске алды.
Кеңес жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан республикалары мен Ресей Федерациясы шекара ведомстволарының басшылары және Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметінің қызметкерлері қатысты. Мұнда сондай-ақ, ТМД атқару комитетінің, ТМД қатысушы-мемлекеттердің антитеррорлық орталығының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы хатшылығының және Ауғанстан Ислам Республикасы ішкі істер министрлігінің өкілдері болды.
Кеңеске қатысушыларға арнап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев сөз сөйлеп, Орталық Азия аймағы шекара ведомствосы басшыларының кезекті кеңесінің ашылуымен құттықтап, оларға Орталық Азия аймағы елдері шекарасының қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен жұмыстарына шынайы табыс тіледі. Қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге жалғыз-жарым қарсы тұру мүмкін емес. Бұл орайда ТМД қатысушы-мемлекеттері басшыларының алға қойған міндеттерін жүзеге асыра отырып, шекара бойына төнетін қауіптерге қарсы бірлескен көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Бұл қазіргі уақытта мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайтуға да әсерін тигізуде. Осы кеңес жұмысына алғаш рет Ауғанстан өкілдері де қатысып отырғандығы белгілі болды. Қай елдің болмасын тұрақтылығына төнетін қатер күш-жігерді топтастыру қажеттігін білдіреді. Әсіресе, террористік, лаңкестік күштердің әл жинай бастауы алаңдатпай қоймайды. Мұндай террористік топтардың қызметі есірткі контрабандасымен тікелей байланыста жатқаны белгілі. Сондықтан да Ауғанстаннан ағылған контрабандалық есірткі заттарына барынша тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Демек, мұндай жағдайда аймақтық қауіпсіздік үшін қатерге қарсы нақты стратегиялық шаралар қабылдануы қажет.
Кеңесте сондай-ақ, Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі ұйымдастыру қызметінің төрағасы міндетін атқарушы генерал-лейтенант В.Неищенконың «ТМД қатысушы-мемлекеттері шекаралық ведомство басшыларының екінші аймақтық кеңесі қаулысының орындалу барысы туралы» хабары тындалды. Аталған кеңес жұмысы барысында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің Орталық Азия аймағының сыртқы шекарасындағы жағдай қаралып, шекара қауіпсіздігін сақтау барысына сай жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың бірлескен шаралары талқыланды.
Мұнда негізгі мәселелер ретінде, біріншіден, ТМД қатысушы-мемлекеттері шекара басшыларының 2012 жылы 28 ақпандағы өткен екінші аймақтық кеңесі қаулысының орындалу жайы қаралды. Екіншіден, ТМД қатысушы мемлекеттерінің Орталық Азия өңірлері сыртқы шекара аймақтарындағы жағдай барысы сараланып, Орталық Азия аймағындағы шекара қауіпсіздігіне төнетін қауіп пен жаңа қатерлерге қарсы тұрудың бірлескен шаралары пысықталды. Сөйтіп, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдерінің шекара қызметі ведомстволарының мемлекеттік шекараны нығайту мәселесі жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдардың өзара іс-қимыл тәжірибесі жөнінде кеңінен сөз болды. Мұндай алғашқы аймақтық кеңес 2011 жылы наурыз айында Бішкек қаласында өткен. Екінші аймақтық кездесу 2012 жылы ақпан айында Душанбе қаласында өткізілген болатын.
Жалпы, ТМД қатысушы-мемлекеттердің Орталық Азия аймағы шекара басшыларының өңірлік кеңесі ТМД қатысушы-мемлекеттерінің 2011-2015 жылдарға арналған келісілген шекара саясаты тұжырымдамасын орындау шаралары жоспарын және «Сыртқы шекарада қауіпті жағдай туа қалған кезде оны реттеу мен көмек беру мақсатындағы ТМД қатысушы-мемлекеттерінің шекара және басқа да ведомстволарының өзара әрекетін ұйымдастыру жөніндегі ережені бекіту туралы» қаулыны жүзеге асыру болып талбылады. Осыған орай бұл басқосудың мақсаты – ТМД Орталық Азия аймағындағы сыртқы шекара жағдайын пайымдау, жағдайға сараптама жасау және ТМД қатысушы-мемлекеттерінің шекара арқылы террористерді, қаруды, оқ-дәріні, есірткі заттарын, заңсыз мигранттарды, контрабандалық құралдарды өткізбеу және аймақтағы елдердің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірлескен көмек көрсету, сөйтіп, жаңа қауіп пен қатерлерге қарсы күрестің біріккен шараларын қабылдау болып отыр.
Сөйтіп, аталған кеңес барысында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің Орталық Азия аймағының сыртқы шекарасындағы жағдай туралы сыңдарды пікір алмасу болды және оның даму қарқыны талданды. Кеңеске қатысушылар аймақтағы шекара қауіпсіздігіне келетін қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі бірлескен шаралар кешенін жасау туралы ұсыныс білдірді, сондай-ақ Орталық Азия бағытында шекара қауіпсіздігіне төнетін жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың тиімділігін арттыру үшін шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің аясында халықаралық және аймақтық ұйымдардың ”БҰҰ, ШЫҰ, ҰҚКҰ және басқалары” жұмысшы құрылымдарымен ынтымақтастықты белсенді жандандыру қажеттілігін қолдады.
Кеңес барысында шекара ведомстволарының басшыларымен шақырылған тұлғалар шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 2012 жылы іске қосылған жедел ақпарат алмасудың автоматтандырылған жүйесінің мүмкіндіктерімен танысты. Ал кеңестің қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды, онда көрсетілген ұсыныстарды Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің Украина елінде өтетін 69-шы мәжілісінде қарау жоспарланды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдердің Орталық Азия аймағы шекара ведомстволары басшыларының үшінші аймақтық кеңесіне Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Н.Жоламанов төрағалық етті.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».