• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Шілде, 2019

«Үркер»: үздіктер үзеңгі қағыстырды

841 рет
көрсетілді

«Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында абыро­йын асырып, мерейін үстем етер тамаша оқиға бар. Ол – «Үркер» ұлт­тық сыйлығының табыс етілер сәті.

Үздіктер үзеңгі қағыстырар айтулы байқау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен баспасөз, радио және интернет журналистика саласы өкілдері арасында биыл осымен үшінші жыл қатарынан ұйым­дастырылып келеді. Жыл сайын жүзден жүйрік шыққан жур­на­лиске құрмет көрсетіп, мара­пат­тауды бұлжымас қағидаға айнал­дыр­ған ұйымдастыру алқасы осы жы­лы да сол дәстүрін жалғас­тыр­ды.

Биылғы «Үркердің» бұрын­ғылардан бір ерекшелігі – тарихына ғасыр толтырып отырған ел газеті – «Egemen Qazaqstannyń» 100 жылдық мерейтойына арналып, жалпы 11 аталым бойынша таңдалған үздіктер қатарына «Egemen Qazaqstan» газеті атындағы арнайы сыйлық иегері есімінің қосылуы болды. Осы орайда іс-шарадан бір күн бұрын:

– Бүгін журналистер үшін ерекше күн. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін дербес тойлауды ұсынды. Енді 28 маусым – ресми түрде бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдерінің кәсі­би мерекесі. Тамаша сәтті пай­да­лана отырып, барлық жур­на­лис­терді айтулы күнмен, әсі­ресе 100 жылдық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газетін мерей­­­тойымен құттықтаймын. Жаңа жо­балар мен жетістіктер, естен кетпес кәсіби эмоциялар тілей­мін. Жүзден жүйрік шыққан әріптес­те­рі­мізге табыс етілер бүгінгі «Үр­кер» сыйлығы да осы қуаныш­тарыңызды еселей түседі деп сене­мін, – деп атап өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Үркер» сыйлығын тапсыруға арналған салтанатты жиында да баспасөздің рөлін ерекше атап отырып, журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады. 

Иә, тарихы сонау 1919 жылдан бастау ала­тын ата басылымның жүзжылдық шежі­ресі күллі қазақ баспасөзі үшін тағы­лымды. Осы­ған орай айтулы салтанатты жиын­ға «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы мен ардагерлері арнайы қатысты.

 – Қазақта «жол білген», «жөн білген» деген жақсы бір сөз бар. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің «Үркер» ұлттық сый­лығының арнаулы аталымын ел газеті – «Egemen Qazaqstan­nyń» ғасырлық то­йына арнауы шын мәнінде жөн біл­гендік, жол білгендік. Зор алғы­сымыз­ды білді­реміз, – деді өзінің құттық­тау сө­зінде Мәжіліс депу­таты Сауытбек Абдрахманов.

Сөйтіп, жүрек лүпіл қағып, же­­ңімпаздар есімі жария етілер сәт те келіп жетті. «Қазмедиа» орта­лығының концерттік залын­да өткен мерекелік жиын көз тар­тарлық салтанатымен есте қалды. Журналистер қы­зыл кі­леммен жүріп өтіп, марапаттау рәсімі өтер залға келіп жай­ғасты. Ұйымдас­ты­рушылардың айтулы шараға жылдағымен салыстырғанда тың­ғылықты дайындалғаны көрі­ніп тұр. Оның жарқын себебі – Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылдан бастап журналис­тер күні дербес тойланатындығы.

Ал байқауға қазылық еткен ма­мандар­дың айтуынша, «Үркер» иегерлерін анықтау өте тартыс­ты әрі қиын болыпты. Өйткені ұлт­тық журналистиканың дамуы­на үлес қосып, қоғамның қор­да­лан­ған өзекті мәселелерін ба­тыл кө­теріп жүрген қалам иеле­рінің қай-қайсысы да мықты. Бірін екін­шісінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Әйтсе де байқау болған соң, жеңімпазды анықтау қажет.

– Үміткерлерден материал­дар әртүрлі деңгейде түсті. Га­зет-журналдардан бас­тап, радио­бағ­дарламалар, интернет пор­тал жур­налистері де барынша белсен­ділік танытты. Әсіресе интернет басы­­лым­­дардың белсенділігі өте жо­ға­ры болды. Байқау материал­да­ры­ның көпті­гінен, тіпті қазы­лар ал­қасы мүшелерінің ара­сын­да қызу пікірталас туындады. Шын жүйрікке қиянат жасап алмау үшін де барын­ша әділетті болу­ға тырыстық, – деді қа­зылар алқа­сының мүшесі Ләззат Танысбай.

Сонымен көптен күткен ма­ра­пат­тау рәсіміне де келіп жеттік. Қа­зылар алқасының шешімі­мен, 11 аталым бо­йынша анық­талған үздіктер есімі жария етілді. Атап айтсақ, «Жыл­­дың үздік фотосуреті» – Әли Ос­пан (egemen.kz), «Жыл репор­­тажы» – Ксения Бондал («Капи­тал»), «Жыл сараптамалық мате­риалы» – Евгения Бодрова – (Informburo.kz), «Жыл жур­налистік зерттеуі» – Яцун Анас­тасия (Ноlanews.kz), «Жыл сұх­баты» – Жанна Ойшыбаева («Литер»), «Қазақстан туралы жыл­дың танымдық материалы» – Аян Өрібай («ҚазАқпарат» халық­аралық ақпарат агенттігі) бастаған журналистерге табыс­талса, «Жыл радиостансасы» аталымындағы жүлде – «Радио Классик», «Жыл ақпараттық порталы» – «Zakon.kz», «Жыл газеті» – «Время» газеті, «Жыл журналы» – «National Geographic», «Жыл new media-сы» аталымындағы жүл­деге Kaliyev-channel интернет арнасы лайық деп танылды. Ал «Ege­men Qazaqstan» газетінің 100 жыл­дығына орайластырылған арнайы сыйлық профессор, радиожур­налистердің бірнеше буын легін тәрбиелеген ұлағатты ұстаз На­мазалы Омашевке бе­рілді. Лау­реат атанған журналис­терге «Сыйлық жеңімпазы» ата­ғымен бірге «Үркер-2019» естелік мү­сіншесі және 1 млн теңге қар­жылай жүлде табысталды.

Сөйтіп байқау өтті. Мереке тойланды. Жеңімпаздар есімі жария етілді.

Көңілге қуаныш сыйлағаны – «Жылдың үздік фотосуреті» аталымында көпшілік арасында Әли Оспан бүркеншік атымен жақсы таныс фотограф Әлібек Ибраев есімінің жарқырай көрінуі болды. Жыл басында киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қаза болған қарағандылық қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің киіктің лағын сәбидей мәпелеп көтеріп тұрған мейірімге толы жарқын бейнесін қалың оқырман әлі ұмыта қойған жоқ. Көңіл қатпарларын қозғап, жүрек түкпіріне бойлатқан сол тамаша туындының авторы – Әли Оспан. Естеріңізде болса, газетіміздің 2019 жылдың 5 нау­рызында жарық көрген санында «Фотограф сыйлаған мәңгілік ғұмыр» тақырыбымен Әлидің жүлде алған фотосуреті жайлы кең көлемде арнайы сұхбат та жарияланған болатын. «Үркер» үздіктері қатарынан көрінген жас таланттың бұл жұмысы – шын мәнінде талассыз жеңіс.

Міне, осылайша көңілді сан түр­лі сезімге бөлеген «Үркер» бай­қауы да өз мәресіне жетті. Ал­дағы байқау бұдан да тартысты һәм әділетті өтеді деген сенім мол.