Ұлт арысы Алла мен адам жайлы ой толғап, иман келтірудегі ибалы істі жыр тілімен алға тартады. Құран Кәрімнен бастау алатын адалдық, адамдық қағидаларына тереңдеп барып, тебірене сөйлегенде данышпан адам осындай-ақ болар дейсің. Тіпті кей толғамдары бүгінгі күнмен ұштасып, найзағай ұшқынындай жарқ еткенде көкірек көзің ашылып, кейде қалғып кететін санаң сергіп, рухың серпіледі.
Әсіресе, «Білімдіге бес сауал» деген беташар сөзінде: «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек... Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын; ол ойымды дұрыс көрсеңіз, жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміттенемін. Бес сауал мынау:
Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не? Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін? Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма? Ең жақсы адам не қылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?
Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?
Шаһкарим Хұдайберді оғлы», дейді.
Оқығаны көп, тоқығаны мол, атақ-лауазымы жететін бүгінгі біздерге – осы бес сұраққа жауап беріп, түйін жасай алдық па...
Өлеңдерді оқып отырғанда адамдықтың арғы жағында иман тұратынын алға тартады. «Адамдық борышың атты өлеңінде: «Адамдық борышың – Халқыңа еңбек қыл... Мақтанға салынба, Мансаптың тағы үшін. Нәпсіңе билетпе, Басыңның бағы үшін» десе, одан кейінгі өлеңінде «Адамның айуаннан айласы мол, Қит етсе, қиянатқа қояды қол. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол» депті. Шәкәрім адам болудың төрт жолын айтса, бізге бұрыннан мәлім ағасы Абай бес нәрсені білуді өсиет етіп айтқан еді. Екі ұлының ұлағаты тоғыз болды. Осы тоғызды естен шығармасақ, иман жолынан ауытқымасымыз айдай анық.
Иманын жоғалтпаған адам туралы: «Қиял емес, тілегім шын, Бұл иманнан табылмас мін, Көрер едің талай сырын, Жүрегімді жарып тілсем» дейді. Ал адасып барып иманға шын берілгендерге айтары: «Ақылдан ойға сыр тартып, Үміттің шамы жанған күн... Ескі иманды отқа өртеп, Асыл иман алған күн, Асыл жарды таптым деп, Хақиқатқа нанған күн», деп бұл шын жолдан адаспаудың бағытын көрсетеді. Тағы бірде иман ісінде іркілудің кеселін: «Адамның ең асылы – Қиянатсыз ақ пейіл. Ең зиянкес жасығы – Тайғақ мінез, екі тіл» деп көрсетеді.
Осы төрт жол өлеңге ой жіберсең пенденің болмысын айқын дәйектейді.
Сол секілді «Қырықтан соңғы иманым, Отыз жылдай жиғаным. Көп ғалымның сөзінің, Ақылға алдым сыйғанын» деген түйінінен хакім-философтың ұлылығын аңғару қиын болмаса керек. Ол осы түйінін: «Қазақтан мендей ұл туса, Осындай түзу жол қуса, Хақиқат іздеп бел буса, Ол да бір жақсы ырымды», дейді.
Шынында, әр адам ұлы ғұлама секілді өзіне есеп беріп, тәубесіне келсе, оның үлгісі кейінгіге сабақ болары хақ.
Кітаптың жарық көруіне мүмкіндік жасаған, қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры, оның президенті, рухани құндылықтарымыздың жоқшысы, профессор Ғарифолла Әнес екенін айтуды парыз деп білеміз.