Екі ұлымыз университет пен колледжде, қызымыз мектепте оқиды. Кенжеміз балабақшаға барады. Өзім жүргізуші болып жұмыс істеймін. Әйелім биыл жүрек талмасы кеселіне ұшырап, жұмыстан қол үзуіне, екі рет ота жасатуға тура келді. Пәтер жалдап тұрып жатқан жайымыз бар. Кезекке тұрғанымызбен, қашан жетеріміз белгісіз. Азын-аулақ табыс баспана төлемінен, бала-шағаның тамағы мен киімінен артылмайды. Nur Otan партиясының облыстық филиалы өтінішіме құлақ асып, университетте білім алатын баламның бір жылдық оқу шығынын өтеп беруге көмектесіп, үлкен шарапатын тигізді.
Тығырықтан шығудың жолын әркім өзінше іздестіріп, жақсы өмір сүруге қарай талпынады ғой. Бәлкім отбасылық жағдайымыз түзеліп кетер, әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпалы тиіп қалар деген үмітпен несие алып едік, шыны керек, үлкен қиындыққа тап болдық. Банк алдындағы қарызды уақытылы қайтара алмай, әбден әуре-сарсаңға түстік. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, не істерімізді білмей жүргенімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы отбасылардың, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған жандардың шағын несиелеріне жеңілдіктер қарастыру туралы Жарлығын естіп, бастапқыда сенер-сенбесімді білмей, әрі-сәрі күй кештім. Үлкен ұлым мән-жайды түсіндіргеннен кейін ғана көңілім байыз тауып, орнына түсті. Мен бұл қадамды тұрмысы ауыр отбасылар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған зор қамқорлық деп түсінемін. Бәрінен де денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік алуға құжаттарын өткізіп қойған әйелімнің қуанышын айтсаңшы! Ол қазір өзін құлантаза жазылып кеткендей сезініп, жүзіне күлкі үйіріле бастады. Дастарқан басындағы әңгімеміз де жарасып, енді несие алмақ түгілі атын да атамаспыз деп қалжыңдасып қоямыз.
Еліміз бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 100 мың адамның несиесін өтеуге орай шығарылған Президент пәрмені көңілдерге жылылық сәулесін шашып, банктер алдындағы берешектері ақысыз-пұлсыз өтелеріне қатты қуанышты.
Құттыбай ӘБІЛЕВ,
көп балалы әке
Солтүстік Қазақстан облысы