Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:37
Өркениетке ұмтылған елімізде аймақтардың барлық салада жан-жақты дамуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының камтамасыз етілуі, мемлекет мүддесінің қорғалуы – заңдылықтың сақталуына байланысты. Алматы облысының прокуроры Ғабит МИРАЗОВ осы орайда ой бөліседі.
– Ғабит Төреұлы, еліміз тәуелсіздігін алғанда қол жеткізген жетістігіміздің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету болса, прокуратураның басты міндеті оны бақылауда ұстау емес пе?
Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:37
Өркениетке ұмтылған елімізде аймақтардың барлық салада жан-жақты дамуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының камтамасыз етілуі, мемлекет мүддесінің қорғалуы – заңдылықтың сақталуына байланысты. Алматы облысының прокуроры Ғабит МИРАЗОВ осы орайда ой бөліседі.
– Ғабит Төреұлы, еліміз тәуелсіздігін алғанда қол жеткізген жетістігіміздің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету болса, прокуратураның басты міндеті оны бақылауда ұстау емес пе?
– Облыстық прокуратураның негізгі күші азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті бұзбауға, сондай-ақ аймақтағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға жұмылдырылды. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында мемлекеттік органдар жұмысында заңдылықтың сақталып, мүмкіндігінше жастарды молынан қызметке тарту жөнінде тиісті орындарға ұсыныс енгіздік. Мемлекеттен бөлінген қаражатты қымқыруға жол бермеу шаралары атқарылуда. Нәтижесінде жұмысшыларына айлық жалақыларын дер кезінде төлей алмай қарызға батып отырған кәсіпорындар саны заңға сәйкес қысқартыла келіп, облыстағы он үш кәсіпорынның бесеуі қалды. Сөйтіп, жұмысшыларға берешек айлық жалақының, яғни 811 млн. теңгенің 466 млн. теңгесі бүгінгі күнге дейін төленсе, ендігі берешегі алдағы уақытта төленеді. Соның ішінде «Трансстроймост» акционерлік қоғамының 1113 жұмыскердің алдындағы берешегі 194 769 289 теңге болды. Бұл кәсіпорындарда еңбек еткен азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалып, адал еңбектерінің өтеуін толығымен алғанша прокурорлық қадағалауда болады.
Криминагендік жағдайға келсек, жасалған қылмысты тәптіштей тізіп, тәртіпті күшейту жұмысы еселенгенде облыста тіркелген қылмыс саны 12,5 мыңнан 20 мыңға өсті. Бұл көрсеткіштің өсуі қылмыстарды тіркеу тәртібінің дұрыс жолға қойылғандығының дәлелі болады. Ағымдағы жылы нәзік жандыларға қатысты қылмыс көрсеткіші 43,1 пайызға өсіп отыр. Тіркелген зорлық 19,2 пайыз. Мал ұрлығы бойынша 1876 қылмыс тіркеліп, көрсеткіш 52,0 пайызға артты.
Қоғамда белең алған осындай қылмыстардың жолын кесу үшін әкімдіктермен, полицейлермен бірлесе отырып құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жасаудамыз. Басты мақсат – түзеу мекемелерінен босап келген азаматтарға баса назар аудара отырып, пәтерлер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу. Бұл міндет учаскелік полиция инспекторларының мойнында. Белгіленген штаттық кестеге сай учаскелік инспекторлар саны жетіспесе де статистикалық мәлімет бойынша олар 752 қылмысты ашқан, соның ішінде 102 қылмыс жеке тұлғаларға қатысты болса, 17-сі аса ауыр дәрежедегі қылмыс. Сондай-ақ, 27467 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Облыстық әкімдік азаматтарды еңбекке орналастыру және тағы басқа шараларды атқаруда. «Еңбекақыны уақтылы төлеу» атты арнаулы бағдарлама аясында төрт мыңнан астам азаматқа 500 млн. теңге көлемінде айлық жалақылары төленді.
– Конституциямыз бен республика заңдарына сәйкес, біртұтас мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен келісе жұмыс істей отырып, оларға құқықтық әдістермен ықпал ету және мемлекеттік тәртіптің қатаң сақталуын қадағалау барысы қалай жалғасуда?
– Бұл – өте жауапты жұмыс. Біріншіден, функциялық міндетімізге сай құқық пен Конституция үстемдігін қамтамасыз ету парыз. Екіншіден, мемлекет мүддесін қорғау тұрғысында маңызды тапсырмаларды мүлтіксіз орындау, әлбетте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тағы бар. Осы құндылықтарды мүлтіксіз орындау барысында прокурорлық қадағалау актілері бойынша әлеуметтік-экономикалық құрылымға баса назар аударылуда. Бұл сала қызметкерлері тарапынан 30 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 2,5 мың қадағалау актісімен 24 мың азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, 1,9 млрд. теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Кәсіпкерлік субъектілерін қорғау барысында бизнес құрылымдарын тексеруге бағытталған 454 тексеру жұмысы тоқтатылды. Сөйтіп, төл міндетімізді адал атқарумен қатар, мемлекеттік мекемелер әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан да ықпал етілуде. Мемлекеттік «Ауыз» су бағдарламасын орындау барысында бірқатар заңсыздықтарға жол берілгені анықталып, әкімдіктердің лауазымды тұлғаларына қатысты 4 қылмыстық іс, 18 әкімшілік іс қозғалды. Мемлекеттік сатып алу құрылымы бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша облыстық құрылыс басқармасының бастығы және осы басқармада еңбек еткен төрт бөлім бастығы құрықталды. Сондай-ақ, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы бастығының орынбасары мемлекеттік тапсырысқа орай сатып алу барысында мемлекеттік бюджеттен 8,5 млн. теңгені қымқыруымен тоқталмай, тағы да мемлекеттік бюджетке 8 млн. теңге шығын келтірген.
– Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаралар атқардыңыздар?
– Былтырғы жылы экономика саласында облыс бойынша 286 іс тіркелді. Мемлекетке келтірілген зиянның біраз бөлігі қайтарылды. Прокуратура органдары тарапынан экономикалық қылмыс бойынша 17 қылмыстық іс қозғалды. Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеу басқармасымен бірлесе «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік партиясы идеяларымен әрекет еткен 8 тұрғынға қарсы 12 қылмыстық іс қозғалды. Кеден маңындағы құрылымдарда ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында есепте тұрған 26 адам ұсталды. «Қорғас» кеден бекетінен құқық қорғау органдарына көп уақыттан белгілі кесте бойынша контрабандалық тауарлар өткізбек болған топтың жолы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) органымен бірлесе әрекет ету нәтижесінде кесілді.
– Кәсіпкер құқығы қалай қорғалуда, олардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы қандай дәрежеде?
– Прокурорлық қадағалаудың талдамалы тәжірибесі көрсеткендей, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері арақатынасының күрделілігі бүгінгі қоғамда сақталып тұр. Мұны жай және логикалық тұрғыда күрделі факторлар бойынша заңдылықты қолдану мен құқықтық кезең деп екіге бөлуге болады. Прокуратура органдары тарапынан жүргізілген жұмыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар тарапынан лицензиялау, рұқсат беру, бақылау және тағы басқа жұмыстарын жүргізу барысында кәсіпкерлерге әкімшілік салмақ салуды төмендету, тоқтату болып табылады. Былтырғы жылдың сегіз айында прокуратура органдары 74 тексеру жүргізіп, 1223 заң бұзушылықты анықтады, яғни құзырлы органдар 766 рет кәсіпкерлерді заңсыз тексеріп, әр сала бойынша 186 тұлғаны жауапкершілікке тартқан. Бұл заңсыздыққа прокурорлар араласып, 348 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды.
Прокуратура органдары тарапынан жүргізілген тексерулер нәтижесін сараптасақ, мемлекеттік органдар кәсіпкерлер жұмысына заңсыз кірісіп, құқықтарын бұзу фактілерінің өсуі – жекелеген кәсіпкерлердің құқықтық сауатының төмендігі, қажетті құжаттарға құлықсыз қарауы себеп болып отыр. Ал осы мәселенің екінші қырын зерделесек, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы тексеру құқығына ие мемлекеттік органдардың 15666 тексеру шаралары жоспарланыпты. Жөн. Бірақ мемлекеттік органдарда қалыптасқан дәстүр бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсету арқылы құқықтары бұзылған. Бір ғана мысал келтірсем, Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесі бір кәсіпкердің соңына түсіп, үш рет тексеру жұмысын жүргізіп, ешқандай заң бұзушылық таба алмаған соң енді тоқсан сайын есеп беріп тұруға мәжбүрлеген. Бұл жерде негізгі мәселе мемлекеттік органдағы қалыптасып, қатып қалған шенеуніктік кеудемсоқтықпен қайтсем кәсіпкерді тұқыртып, бір нәрсе аламын деген мақсат жатыр. Әрине, заңгерлік тұрғыда дәлелденбеген факторлар (қажет болса нақты дәлел де табылады) сан рет қайталап тексеру және кәсіпкердің алтын уақытын алу, жүйкесін жұқарту болып тізбелене береді. Нәтижесінде сол кәсіпкердің құқықтық сауаттылығы танылып, прокуратура органына дейін жетіп конституциялық құқығын қорғай алуын үлгі тұтқан дұрыс.
Әңгімелескен
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.