Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:43
Қитұрқылық әрекетімен аты әлемге жайылған Мұхтар Әбіләзов туралы ұзын-сонар әңгіме айтуға болады. Соның бәрі қаржылық әрекетке қатысты екенін баса айтқан жөн. Мәселен, ол кезінде банк билігін қолына ұстаған тұста Мәскеу облысының Подольск ауданында жалпы көлемі 2 млн. шаршы метрден асатын жерге құрылыс нысанын салу үшін «Тортуга Лимитед» компаниясына бір күн ішінде 200 млн. доллар көлемінде несие берген. Осындай жолмен Ресейдегі, Украинадағы және өзге де шетелдегі бизнесін өркендету үшін БТА банктен қаржы бөліп келген. Естеріңізде болса, ол кезінде «КЕГОК» акционерлік қоғамын да 557 665 683 теңгеге шығынға батырған болатын.
Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:43
Қитұрқылық әрекетімен аты әлемге жайылған Мұхтар Әбіләзов туралы ұзын-сонар әңгіме айтуға болады. Соның бәрі қаржылық әрекетке қатысты екенін баса айтқан жөн. Мәселен, ол кезінде банк билігін қолына ұстаған тұста Мәскеу облысының Подольск ауданында жалпы көлемі 2 млн. шаршы метрден асатын жерге құрылыс нысанын салу үшін «Тортуга Лимитед» компаниясына бір күн ішінде 200 млн. доллар көлемінде несие берген. Осындай жолмен Ресейдегі, Украинадағы және өзге де шетелдегі бизнесін өркендету үшін БТА банктен қаржы бөліп келген. Естеріңізде болса, ол кезінде «КЕГОК» акционерлік қоғамын да 557 665 683 теңгеге шығынға батырған болатын.
М.Әбіләзовтің бастамасымен Мәскеудегі Кутузов даңғылы бойында БТА банктің ғимараттары бой көтергенін де атап өткен жөн. Осы ғимарат жөнінде БТА банк АҚ пен «Аист» ЖШС 2008 жылдың қарашасында келісім-шарт жасасты. Бұл құжат негізінде «Аист» ЖШС 24 млн. долларды несие ретінде БТА банктен алып, Кутузов даңғылындағы 1464 шаршы метрлік ғимарат пен компанияның 100 пайыз үлесін үш ай ішінде ресімдеп, кепілге қоюы керек болатын. Алайда, «Аист» ЖШС кепілге қою туралы міндеттемені орындаған жоқ және несиеге алған қаржыны оффшорлық компаниялар арқылы өз кәделеріне жаратып жіберді. Нақты айтқанда, Әбіләзов қарамағындағы алаяқтар БТА банк пен Темірбанк несиелерін жеке фирмаларына пайдаланған. Осының салдарынан БТА банк қаржылық міндеметтемелерін орындай алмай, жағдайы тұйыққа тірелген. Берекесіздікті қалпына келтіру үшін 2009 жылдың ақпан айында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры банк акцияларының 78,14 пайызын сатып алып, 2 млрд. доллардан аса қаражат құйды. Ал осы былыққа тікелей кінәлі М. Әбіләзов пен оның айналасындағыларға қатысты БТА банк және Темірбанктің 560 млн. доллар капиталын жымқырған деген айып тағылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Іле Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің тергеу комитеті Ресейдегі БТА банктің 70 млн. доллар активін Әбіләзовтің қолды еткенін мәлімдеді.
Өткен жылдың соңында Gardian басылымы жариялаған «жалған директорлардың» тізімінде М.Әбіләзовтің де аты аталған еді. Онда оның заңсыз келісімдер жасау арқылы Виргиния аралдарынан жылжымайтын мүліктер сатып алғаны жазылған. «Мың тасқанға – бір тосқан» демекші, ақыры Әбіләзовке қарсы Англияның Жоғарғы соты 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты үстеме пайызымен қосып өндіру туралы үкім шығарды. Бұған дейін шатпақтап айтып келген жалған ақпараты оны ақтап қала алмады. Сондай-ақ, сот банк басқарма төрағасының орынбасары болған Жақсылық Жәрімбетовке 1,5 млрд. доллар көлеміндегі қаржыны үстеме пайызбен қайтаруды міндеттеді. Осы үкімге қатысты бүгінде сарапшылар әртүрлі пікір білдіруде. Бірі Әбіләзов өз кінәсін мойындамай, жалған құжаттарды сотқа ұсынып тағы әлек болады десе, ал екіншісі соттың шығарған үкімі өз күшінде қалады деген пікір айтады. Ал бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында БТА банк басқарушы директоры, басқарма мүшесі Павел Просянкин былай дейді: «Өздеріңізге мәлім, осы жылғы наурыздың 19-ы күні Англияның Жоғарғы соты Әбіләзовке қатысты қылмыстық істі жан-жақты сараптаудан өткізіп, оның кінәлі екенін дәлелдеді. Енді ол банкке келтірген шығынды толық өтеуі тиіс. Бұл жерде біз соттың талап-арыздың бірінші бөлігін ғана қанағаттандырғанын атап өткіміз келеді. Негізінде Әбіләзов келтірген шығын 6 млрд. доллардан асып жығылады. Сондықтан қаржының қалғанын қайтаруға байланысты сот тарапынан әділ шешім қабылданатынына үміттіміз. Тағы бір назар аударарлық жайт, кезінде заңсыз аударылған несиелердің де орны толатын кез келіп жетті. Сондай-ақ, Әбіләзовтің иелігіндегі жер телімдерін жіті зерттеу қажет.
Расында Әбіләзовке қатысты үкімнің әділ екенін Ұлыбритания соттары да мәлімдеп отыр. Ал осыған қатысты англиялық судья Морис Кэй былай деп атап өтті: «М.Әбіләзов қылмыстық әрекетін жасыру үшін түрлі айла- шарғы жасады. Оның қорғаушысы да Жоғарғы соттың шешіміне қарсылығын білдірді. Ақырында олардың дәлелсіз ісінен еш нәтиже шықпады».
Сонымен, алаяққа нағыз тықыр енді таянды десек, қателеспеспіз. Қанша дегенмен, жеңіл жолмен келген пайда ешкімді ұшпаққа шығармайды. Кезінде ол 2012 жылы Ұлыбритания сотының үкімімен жасаған қылмыстық әрекетіне байланысты жалпы ұзақтығы 22 айға тең, үш мерзімге түрмеге қамауға кесілген болатын. Сонда айлакер жауапкершіліктен қашып, бой тасалап үлгерді. Егер, оның қолы таза болса, мұншалықты сот орындарынан безбеген болар еді.
Ендігі мәселе БТА банк басқарушы директоры, басқарма мүшесі Павел Просянкин мәлімдеген Әбіләзовтің келтірген шығын көлемінің қалған бөлігін өтеуге қатысты болып тұр. Соған қарағанда соттың қарауында тағы бірнеше іс бар секілді. Біздіңше, Англияның Жоғарғы соты алаяқ Әбіләзовтің келесі қылмыстық әрекеттерін әбден сараптаудан өткізген соң, нақты шешім шығаратын шығар. Демек, біз алдағы уақытта бұл істің немен аяқталғанын қосымша хабарлайтын боламыз.
Данияр ТҮЙМЕБАЙ.
_________________
Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.