• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Сәуір, 2013

Тізесін бүксе де, оны ешкім ақтап алмайды

276 рет
көрсетілді

Тізесін бүксе де, оны ешкім ақтап алмайды

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 2:05

Кезінде рақымшылыққа іліккен Мұхтар Әбіләзовтің қайтадан алаяқтық әрекетке баратынын кім ойлаған, Мемлекет басшысы ол жаздым-жаңылдым деген соң сенім артып, кешірім жасағанын ұмытпаған боларсыздар, оқырман қауым. Ақырында сенімді ақтамақ түгілі, жымысқылық әрекетін тағы жалғастырып, әлем дағдарыс толқынында тұрған кезде өзі басқарған БТА-Банктің қаржысын талан-таражға салды. Оны банкті тексеруге келген арнайы сарапшылар тобы анықтады. Алғашқы тексеріс кезінде олар 2 млрд. доллардың жетіспейтінін жариялады.

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 2:05

Кезінде рақымшылыққа іліккен Мұхтар Әбіләзовтің қайтадан алаяқтық әрекетке баратынын кім ойлаған, Мемлекет басшысы ол жаздым-жаңылдым деген соң сенім артып, кешірім жасағанын ұмытпаған боларсыздар, оқырман қауым. Ақырында сенімді ақтамақ түгілі, жымысқылық әрекетін тағы жалғастырып, әлем дағдарыс толқынында тұрған кезде өзі басқарған БТА-Банктің қаржысын талан-таражға салды. Оны банкті тексеруге келген арнайы сарапшылар тобы анықтады. Алғашқы тексеріс кезінде олар 2 млрд. доллардың жетіспейтінін жариялады.

Іле Әбіләзов қызметінен алынды. Өзіне қауіп төнгенін біліп, бұқаралық ақпарат құралдарына банкке рейдерлік шабуыл жасалды деген жалған ақпарат таратып, шетел асып кетті. Сол кезде еліміздің құқық қорғау органдары Әбіләзовтің оффшорлық компанияларды пайдалану арқылы аталмыш банкке 900 млн. доллар көлемінде шығын келтіргенін мәлімдеді. Ал 2011 жылы оның мемлекет қаржысын ысырап еткені жөнінде Лондонда сот процесі басталған болатын. Алайда, алаяқ түрлі амал қолданып, олардан да бой тасалап үлгерді.

Айтпақшы, ол осы Лондонның ең әлеуетті Хампстед орамында уақытша тұрмыс кешті. Британдық бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, оның аумағы 4,5 мың шаршы метр болған. Осыншама көлемге кітапхана, жаттығу залдары, жерас­ты паркинг және тағы басқа көз тартар кереметтер орын тепкен. Сондықтан да ол жайлы жерде өзін ақтап алудың түрлі тәсілдерін ойластырып, жалған шатпақтарын айтудан жалықпады.

Адамның ақылына сыймайтын шытырман істі ұйымдастырған алаяқтың сыбайластары туралы да сөз қозғаған орынды болар. Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Алматы қала­сында жүзеге асырылмақ болған лаңкестік әрекеттің жолын кескенін жазды. Осыған тікелей М. Әбіләзовтің жеке күзет басшысы болған Александр Павловтың қатысы бар деп қарастырды. Ол өз сыбайластарына Алматының қоғамдық жерлерінде – сая­бақ­тарда, әкімшілік ғимарат маңайы­на бірнеше жарылысты ұйым­дастыруға тапсырма берген екен. Мұндай озбырлыққа ба­руының басты себебі – ке­зін­де ол М.Әбіләзовке БТА-Банктің қаржысын жымқыруға жәрдемдескен. Сондай-ақ, банк компьютерлерінің мәліметтер сақталатын дискілерін ұрлауды ұйымдастырған. Содан кейін ол Ұлыбританияға қашып кетті. 2010 жылдың сәуір айында оған біреудің сеніп тапсырған мүлкін иеленіп, ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Ал тамыз айында алаяқтың серіктесіне іздеу жарияланды. Осының алдында Англияның Жоғарғы соты Пол Кифреотисті бір жыл тоғыз ай мерзімге түрмеге қамау туралы шешім шығарды. Пол Кифреотис Кипрде Әбіләзовке арналған оффшорлық компания­лар желісін басқарған екен. Ол аздай, оның қызметкерлері мен өзі ондаған оффшорлық компанияның номиналды акционерлері, бенефициарлары және директорлары болған. Негізі, Кифреотис БТА-Банктің 300 млн. доллар құнды қағазын жымқыруына байланысты айыпты болды.

Қазір жұртшылық Әбіләзов қи­тұрқы әрекетінің немен аяқталатынына алаңдаулы. Өйт­кені, ол бірнеше елде жалған компаниялар құрып, қыруар қаржыны ысырап қылған. Сондай-ақ, заңсыз аударым жасау негізінде арам ниетін іске асырды. Мәселен, 2008 жылы АМТ банкі арқылы Әбіләзов Ресейдің Центрбанкінен 27 млрд. рубль көлемінде салықсыз несие алады. Сол сәтте 24,2 млрд. рубль оның компания­ларына аударылып жіберілген. Кейін белгілі болғанындай, алаяқ бұл қаржыларды шетелдік банктерге шығарған. Ал ақша түсірудің қылмыстық сызбаларын жасаған Әбіләзовтің сыбайласы Т.Парас­кевичті чех полициясы қол­ға түсірді. Оның Мәскеудегі пә­те­рі­не тінту жүргізгенде заңсыз фир­малардың құжаттары мен салық органдарының мөрлері, бланктер табылған.

М. Әбіләзовтің әлемнің әр же­рін­де қалдырған кедір-бұдыр ізіне қарап, оның рухани жүдегенін анық аңғарасыз. Адамшылық қасиеттен айырылғаны сол, өзі тұз-дәм татқан еліне өзіне қарасты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы теріс пікір айтуды ар санамады. Кейбір дерек көздерінде ол банк тізгінін ұстаған кезде, мемлекеттен 10 млрд. доллар жымқырғаны айтылады. Оның берекетсіз ісін шетел ақпарат құралдары да жарыса жазады. Осы арам жолмен келген қаржының бір бөлігі әшкереленді де. Мәселен, 2009 жылы оның 924 пәтеріне, 12 коттеджіне, 3 ұшақ пен 80 көлігіне және 136 жер теліміне тыйым салынды. Әрине, Әбіләзов осыншама мүлікті банктен заңсыз шығарылған қаражаттарға сатып алған еді.

Қоғамда заң бәріне бірдей. Жақында Англияның Жоғарғы соты БТА-Банктің пайдасына М.Әбіләзовтен 2 млрд. доллар көлеміндегі қаражатты үстеме пайызбен өндіру туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, сот назарынан арам пиғылды жандарға қызмет жасаған «Usarel Investment Limited» деп аталатын компания да қағыс қалған жоқ. Нақты айтқанда, Әбіләзов осы қызмет жүйесі негізінде Ресейдің Ақ теңіздегі Витино портына иелік еткен екен.Сондықтан ағыл­шын судьясы компанияның осыған қатысты акцияларын БТА-Банкке қайтару туралы ұйға­рым жасады.

Әбіләзовтің алаяқтық ісін қара­ған судья Найджел Тир барлық орын алған келеңсіздікті жіті сараптаудан өткізіп, жеке қорытынды жасаған болатын. Соңғы ақпарат көздеріндегі ақпарға сүйенсек, Англияның Жоғарғы соты БТА-Банктің талап-арызын аяғына дейін жеткізуге ниетті көрінеді. Сол себепті біз кеше ғана басылым бетінде сөз етіп, үміт еткен мәселенің еліміз пайдасына шешілетініне сенімдіміз. Ал бүгінде Әбіләзов төңірегінде әртүрлі алыпқашпа әңгіме өрбуде. Бірі ол Березовскийдің халіне түседі десе, бірі ол елге жеткізіліп, өмір бойы бас бостандығынан айырылатын жазаға кесіледі деседі. Енді ол ел алдында жанталасып, тізесін бүккенімен, ешкім оны ақтап алмайды.

Бақытбек КЕНЕШҰЛЫ.

____________________

Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы.