• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2019

Ақтаулық оқушылар Талдықорғандағы тарихи-өлкетану экспедициясына қатысты

370 рет
көрсетілді

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «Н» сынып оқушылары «Туған елге тағзым» тарихи-өлкетану экспедициясы аясында табиғаты сұлу Жетісу өңіріне саяхаттап қайтты. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының патриоттық жобасы 16-23 маусым аралығында ұйымдастырылды.

«Талайларды тамсандырған, тал бесігім – Талдықорған» атты тақырыппен басталған экспедицияға Ақтаудағы білім ордасынан «Қарақия» шаңырағының 12 оқушысы және Астана қаласындағы мектеп оқушылары қатысты.

Экспедиция барысында балалар ежелгі петроглифтермен танысу мақсатында Тамғалы тас тауларына, «Шарын» шатқалы мен атақты Көлсай көлдерін тамашалады.

- Бұл жоба туған жердің табиғаты мен әр өңірдің ерекшелігін түсіндірген сапар болды. Көлсай көлдеріне сапар өте ұзаққа созылды. Қатты шаршағанымызбен Көлсай көлінің әсемдігін, бойына жинаған тылсым күшін сезінгенде қатты таңғалып, еліміз үшін кеудемізді мақтаныш кернеді. Тіпті сол жерден кеткіміз келмей қалды. Бұл сапарды ешқашан ұмытпаймын,  дейді Гүлдана Сүлейменова алған әсерімен бөлісіп.

Жоба барысында оқушылар «Черкасай» шатқалы мен сарқырамасын тамашалап, флора, фаунасымен, тіпті жануарларымен де танысты.

Аптаның екінші жартысы Алматы облысының тынысымен етене жақын танысумен жалғасты. Оқушылар АО «Азия-Электрик» және көлік аккумуляторларын өндіретін «Кайнар – АКБ» мекемесіне барып, өндірілетін өнімдерді өз көздерімен көрді. Сондай-ақ Талдықорғандағы мемлекеттік архивте шаң басқан құжаттармен жұмыс істеуді үйренді.

- Өлкетану-зерттеу экспедициясын ұйымдастырудағы негізгі мақсат мемлекетіміздің тарихына зияткерлерді терең үңілту. Бұл тұрғыдан Талдықорғандағы архивке барғанымыз өте қызықты болды. Балалар деректерге қызығушылық танытып, көптеген сұрақтарына жауап алды, дейді сапарға аттанған тарих пәні мұғалімі Шолпан Саменова.

«Туған елге тағзым» іс-әрекетті зерттеу бағытындағы өлкетанулық экспедиция  2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.  

Зияткерлік мектептердің өзара маршрут алмасу арқылы Қазақстан аймақтарымен танысып, зерттеу жүргізуі бұл білім беру сапарының ерекшелігі болып табылады. Экспедицияға әр аймақтың 7, 8, 9, 10 сыныптарынан оқу барысында, шығармашылықта, спорттық шаралардағы жетістіктері үшін таңдалған оқушылар қатысады.