• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Шілде, 2019

Ел қуанышы еселенген күн

1117 рет
көрсетілді

Еліміздің абыройын асырып, мерейін та­сытқан, қазақ баласының қай қиырға сал­са да топ жарып, ерліктің ерен үлгісін көр­сете аларын дәлелдеген тұлғаларымыз бар­шылық. Солардың арасында ғарышкер­леріміздің орны бөлек.

Қазақстандықтар ерекше қуанған, рухымыз көтеріліп, көңіліміз шаттанған күндердің бірі – 1 шілде. Дәл осы күні қазақтың қарапайым ұлы – Талғат Мұсабаев ғарышқа аттанғаны белгілі...

Тарқата айтар болсақ, 1991 жылы 2 қазан­да қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубә­кі­ров ғарышқа самғап, жүктелген тапсырманы мінсіз орындап, аман-есен сол жылғы  10 қазанда жерге оралғанына куә болған барша қазақстандықтардың қуанышы 1994 жылы 1 шілдеде еселене түсті. Себебі осы күні ғарышкер Талғат Мұсабаев алғаш рет түпсіз көкке ел аманатын арқалап аттанған еді.

Қарғалы кентінен (Алматы облысы Жамбыл ауданы) шыққан батыр ұл осы сапарында қасиетті Құранды, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын және Байқоңырдың бір уыс топырағын өзімен бірге ғарышқа алып барды. Бұл тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Ол қайта қонған кезде аталған құндылықтарды еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа тапсырды. Осы­лайша, Талғат Мұсабаев қазақ­тың екінші, әлемнің 309-шы ға­рыш­кері, ашық ғарышқа шыққан ал­ғашқы қазақ ретінде тарихта қалды.

Оның ғарыштағы алғашқы қызметі 1994 жылғы 1 шілдеде басталып 4 қарашаға дейін созылды, яғни ұшу ұзақтығы 125 тәу­лік 22 сағат 53 минут 36 секунд­ты құрады. Ашық ғарышқа екі рет шықты, оның жалпы ұзақ­тығы 11 сағат 7 минутты құ­рады. Осы сапарда Қазақ­стан Республикасының ғылы­ми эксперименттерінің екін­ші бағдарламасы табысты орын­далды, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Гер­мания, Фран­ция елдері­нің ғы­лыми бағдар­ла­малары жүзе­ге асырылды.

Осы ұшу уақытында тарихта алғаш рет «Мир» стансасы – Медеу» (Алматы) телекөпірі өтті. Т.Мұсабаев ғарыштан «Азия да­уы­сы» конкурсына сәлем жолда­ды және гитарамен өзі сүйе­мел­дей отырып, ұлы Абайдың «Кө­зім­нің қарасы» әнін орындады.

Халық Қаһарманы Талғат Мұ­сабаев бұдан кейін де екі рет ғарышқа ұшып, ел мерейін есе­леді. Оның бірі 1998 жылғы 29 қаңтар мен 25 тамыз аралығын қамтыды. Ұшу уақыты шамамен жеті айға созылды. Осы сапар барысында «Мир» стансасында стансаның жүйелері мен агрегаттары істен шығуына байланысты көптеген штаттан тыс жағдайлар орын алып, жағдай өте күрделі болды. Дегенмен, эки­паж мүшелері өзінің сауатты іс-қи­мылдарымен «Мир» ғарыш кешенін құтқарып қалды. Осы ұзақ экспедиция уақытында Т.Мұ­сабаев Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония мен Еуропа одағы ел­дерінің үшінші кеңейтілген ғарыштық бағдарламасын орындады.

 Бұл сапарында «Ас­тана – «Мир» орбиталық стан­сасы» ті­келей телекөпір уақы­тында Т.Мұсабаев Қазақстан Рес­пуб­ли­касының жаңа астанасының тұ­сау­кесеріне қатысты. Адамзат тари­хында алғашқы рет ғарыш­та­ғы ғарышкер өз елінің Прези­ден­ті мен халқын мемлекет ас­та­­на­сының ашылуында құттық­тады.

Ғарышқа үшінші ұшуы 2001 жылғы 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында жүзеге асты, яғни ұзақтығы 7 тәулік 22 сағат 4 минут 3 секундты құрады. Бұл жолы Т. Мұсабаев «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің командирі ретінде ресейлік ғарышкер Юрий Батурин және әлемнің бірінші ғарыштық турисі, АҚШ азаматы, миллиардер Деннис Титомен бірге ұшты. Осы ұшумен ғарыштық туризм ғасыры ашылды. Т.Мұсабаевтың экипажы жерге «Союз ТМ-31» кемесімен оралды. Бұл XXI ғасырда және үшінші мыңжылдықта Жер планетасынан ғарышқа бірінші ұшқан кеме болғандықтан, есте қаларлық оқиға болды.