• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Шілде, 2019

Еуразия фестивалі: кино әлемінің мерейлі сәті

456 рет
көрсетілді

Жыл сайын елордалық киносүйер қауым мен қала қонақтары асыға күтетін халықаралық Еуразия кинофестивалі шымылдық түрді. Бас қала төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залында өткен фестивальдың ашылу салтанаты отандық киногерлер мен әлемдік экран жұлдыздарының басын бір сахнада тоғыстырды.

Елорда күні қарсаңында бас шаһар төрін жыл сайын думанға бөлеп келе жатқан айтулы кино мерекесі биыл ХV мәрте ұйымдастырылып, мерейтойлық қонақтарын қар­сы алды. Мәдениет жә­не спорт министрлігінің қол­дауы­мен ұйымдастырылған фес­тивальдың ашылу салтанатына АҚШ, Еуропа мен Азиядан келген кинопродюсерлер, режиссерлер мен актерлер қатысты. Дәстүрлі қызыл кілемде жиналған қа­уым ду қол шапалақпен өнер мей­рамының құрметті қонақтарына қошемет көрсетті. Жұлдыздар шеруін атақты түрік актері Бурак Озчи­вит, ресейлік Дмитрий Дюжев, Наталья Антонова, Антон Ма­карский бастаған киногерлер бастап жүрсе, салтанатты көшті одан әрі КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, Меруерт Өтекешева, Жанна Қуанышева, Ерік Жолжақсынов, Рүстем Әбдіраш, Ерболат То­ғы­зақов, Жан Байжанбаев, Сан­жар Мәдиев, Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Динара Бақтыбаева, Данияр Әшімов, Құралай Анарбекова, Асылхан Төлепов сынды отан­дық киноөнерінің еңбек сіңірген май­тал­мандары мен жас таланттары жарасымды жалғады.

– Биыл біз Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш През­иденті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев қол қойған «Ки­не­­матография туралы» Заң қа­былданған сәттен бас­тап алғашқы кинофестиваль өт­кі­зудеміз. Осы маңызды құ­жаттың арқасында еліміздің ки­ноиндустрия саласы өз дамуының жа­ңа кезеңіне өтуде. Шетелдердің үздік тәжірибесін ес­кере отырып, біз кинематографияны дамытудың өзіндік тұжырымдамалық көзқарасын қалыптастырудамыз. Қазақстан­да енді киноөндірісті қолдау, оның бәсекеге қабілеттілігі мен инвес­тициялық тартымдылығын арттыру үшін заңнамалық дең­гейде жағдайлар жасалуда. Осы орайда бүгін ашылып отырған кинофестиваль – отандық кино­­ин­дустрияның қосымша да­муы­на ықпал ететін маңызды кә­сіби алаң, – деп Мәдениет және спорт минис­трі Ақтоты Райымқұлова фестивальдың ашылу салтанатында киногерлерді айтулы өнер оқиғасымен құттықтап, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сөйтіп фестиваль шымыл­дығы режиссер Рүстем Әбдіраш­тың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи картинасымен тү­рі­ліп, жемісті жұмысын бас­тап та кетті. 30 маусым мен 6 ші­л­­де аралығында өтетін өнер до­дасының бағдарламасында ай­тар­лықтай өзгеріс жоқ. Негіз­гі конкурсқа әдеттегідей 12 то­­­­лық­метрлі, ал қысқаметрлі фильм­­­дер байқауына 12 фильм (көр­­­к­емсуретті, деректі, анима­циялық) қатысады. Бұлардан бөлек, «Объектив», «Еуразия жүрегінен», «Ерекше оқиға» деп аталатын байқаудан тыс бағдар­ламалар және бар. Сондай-ақ фес­тиваль бағдарламасы аясында ФИПРЕССИ, НЕТПАК таңдауы бойынша фильмдер көрсетіледі деп күтілуде.

Ұйымдастырушылардың ай­­туынша, ХV халықаралық Еу­разия кинофестивалі барын­ша нәтижелі болмақ. Оған бай­қауға қатысушылардың кең гео­графиясы және Еуропа мен Азиядан келген білікті киногерлер, сондай-ақ ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығы ша­қырған беделді Голливуд про­дюсерлері кепіл болады дейді мамандар. Олардың қатарында Lionsgate, NBC Universal, War­ner Horison, The Discovery, Glo­bal Film Solutions және бас­қа ком­паниялардың белді продю­серлері бар.

Ал енді фестиваль бағдар­ламасына келсек, осы жылдың негізгі конкурсына Қазақстан, Қыт­ай, Франция, Ресей, Маке­дония, Италия, Филиппин, Из­раиль, Украина, Аустралия және тағы басқа елдердің кар­ти­на­лары қатысады. Оның ішінде бір ғана «Қазақфильм» кино­сту­диясының 12 өнімі бақ сына­мақ.

– Фестиваль тек қана мереке емес, бұл да үлкен сын, байқау, тіпті жарыс десек, бек жарасады. Бірақ менің жеке пікірімше, нағыз өнерде бәсекелестік деген болмайды, қатысқандардың барлығы – жеңімпаз. Сон­дық­тан да фестивальдың қатысу­шыларының барлығына сәт­тілік тілеймін, – деп өз құт­тық­тау лебізін жеткізген режиссер, XV халықаралық Еу­ра­зия кинофестивалінің пре­зи­денті Ермек Тұрсынов сөзін әрі қарай жалғады: – Биыл кинофестивальдың бағдар­ла­масы 7 секциядан тұрады: ха­лықаралық байқау, қыс­қаметрлі фильмдер байқауы, «Еуразия жүрегінен», «Объек­тив», «НЕТПАК таң­дауы» және тағы басқа. Байқау бағдарламасына әлемнің үздік кинокартиналары енді. Биылғы қысқаметрлі фильмдер конкурсы Еуразия фестивалі тарихындағы ең мық­ты іріктеудің бірі болып отыр. Мұн­дай теңдессіз же­тіс­тік­ке арнайы шақырылған мей­­ма­нымыз, фес­­тивальдың бағ­дар­ламалық ди­рек­торы Элеонора Гра­ната-Дженкинсонның (АҚШ) ар­қасында қол жеткізіп отырмыз, – деді режиссер.

Кинофестиваль президентінің айтуынша, жоғарыда тоқталып өткен ата­лымдар негізінде же­ңім­­паздарды анықтау үшін бай­қауда қазылар алқасының үш құ­рамы жұмыс істейді. Атап айт­сақ, фестивальға қатысушы фильм­дердің көр­кемдік сапасын негізгі байқау, қысқа метрлі және анимациялық фильмдер байқауының сарапшылары және NETPAC тәуелсіз қазылар алқасы (азиялық киноны насихаттау желісі) бағалайтын бо­лады. Қорытынды нәтиже 6 шілде күні «Қазақстан» Ор­талық концерт залында өтетін фес­­тивальдың жабылу салтанатында жария етіліп, жеңімпаздар арнайы диплом және қомақты қар­жылай сыйлықпен марапатталады.

Қатысушылар лебізі

Фестивальдан күтерім көп

Тамаш ТОТ, режиссер (Венгрия):

– Қазақстанға, оның ішінде Нұр-Сұлтандай көркіне көз тоя­тын әсем қалаға келіп, осындай керемет мағыналы да мәнді, көр­­кемдік деңгейі жоғары фестивальдың куәсі болып отырға­ныма өте қуаныштымын. Кино әлемінің маңызды, қызықты оқиға­ларымен, жалпы еуразиялық заманауи киноиндустрияның аяқ алы­сымен жан-жақты танысуға мүмкіндік туғызғаны үшін фестиваль ұйымдастырушыларына, әсіресе Мәдениет және спорт министрлігіне зор алғысымды білдіремін. Мен үшін фильм түсіру, көру және оған анализ жасау (сараптау) үлкен ғанибет. Өйткені мұны киногерлердің шығармашылық жұмысының ажырамас бөлігі деп есептеймін. Алдағы фестивальдан жағымды жаңалықтар мен үздік жұмыстар көремін және соған сай әділ бағамды беремін деген сенімім мол. Ендеше, үміт алдамасын! Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!

 

Отаныма келгендеймін...

Бурак ӨЗЧИВИТ, актер (Түркия):

– Осындай тамаша фестивальдың куәсі болып отырғаныма өзімді шексіз бақытты санаймын. Қазақстанға әр келген сайын туған жеріме, Отаныма келгендей ерекше бір сезімді бастан кешемін. Бұл – шын сөзім. Қазақ пен түрікке ортақ дүние көп. Әсіресе біздің екі елді рухани һәм мәдени құндылықтарымыз, оның ішінде кино мен театр өнері біріктіреді. Сондықтан болса керек, Қазақстанға әр келген сайы­н біртуған ағайындарымыздың ыстық ықыласы мен қонақжайлылығын сезініп, еліме марқайып ораламын. Бұл жолы да қазақ өнерінен естен кетпес тамаша естеліктер арқалап қайтамын деп ойлаймын. Осы сәтті пайдаланып, шынайы пейілдерімен, бар ықыласымен жылы қарсы алып, өнеріме құрмет, қошемет көрсетіп жатқан жандарға, жанкүйерлеріме, фестивальдың ұйымдастырушыларына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Еуразия кинофестивалі болашақта тек өнеріміз бен мәдениетімізді ғана емес, рухымызды біріктіретін айтулы оқиға алаңына айналады деп сенемін және биылғы фестивальдың барша қатысушыларына сәттілік тілеймін!