Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 1:40
Екі дос Ақан Диданов пен Андрей Перков қылмыскерді ұстауға көмектесті
Осы күнде қарағандылық бұл жеткіншектердің есімдері ел аузында. Жас шамаларына қарамай қорықпай-үрікпей, тіпті ересек азаматтардың да бәрінің бірдей батылы бара бермес жағдайда ерлік үлгісін танытулары жұртты сүйсінтіп жатыр. Олар бұлайша боларын өздерінен күтпеген де еді. Әдеттегідей бір топ жолдастарымен мектептегі сабақтан қайтып келе жатқандарында ауызбен айтқысыз оқиға үстінен шығамыз деп ойламаған шығар.
Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 1:40
Екі дос Ақан Диданов пен Андрей Перков қылмыскерді ұстауға көмектесті
Осы күнде қарағандылық бұл жеткіншектердің есімдері ел аузында. Жас шамаларына қарамай қорықпай-үрікпей, тіпті ересек азаматтардың да бәрінің бірдей батылы бара бермес жағдайда ерлік үлгісін танытулары жұртты сүйсінтіп жатыр. Олар бұлайша боларын өздерінен күтпеген де еді. Әдеттегідей бір топ жолдастарымен мектептегі сабақтан қайтып келе жатқандарында ауызбен айтқысыз оқиға үстінен шығамыз деп ойламаған шығар. Тасалау тұста 11 жасар бүлдіршін қызға жантүршігерлік әрекет жасаушыны жан-жақтан көмек шақырған жанайқайларымен сескендіріп, қылмысын жасыру үшін жәбірленушінің өмірін қиюдан да тайынбас жауыздықтан арашалап, дереу полицияға хабар беріп, соңынан қалмай тығылған жеріне дейін нұсқаулары екі аяқты аюанды тез құрықтатуға септігін тигізеді.
Қаланың Майқұдық аймағының шеткергі 13 шағын ауданындағы біреуі №54 қазақ, екіншісі №65 орыс мектебінде оқитын, 14-15-тегі тетелес бұлар осы маңдағы көп қабатты үй тұрғындарына ұдайы бірге жүретін көргенді жасөспірімдер ретінде таныс. Қалалық құрбы-замандастары қатарына Қарқаралыдан келіп қосылған Ақан Андрейден орысша сөйлесуді үйренсе, ал Андрей Ақаннан каратэ күресінің айла-тәсілдерін үйренуге құштар.
– Ақан мектебіміздегі озат оқушылардың бірі. Жайшылықта ұяң шәкіртіміздің қажет болған жағдайда батылдық та қасиеті бар екен. Жарынан ерте айырылған анасына, оқушы апаларына ер бала тұрғысында сүйеу болуға ұмтылысынан қайраттылық мінезділікті сезуші едік. Оның осы қылығы ұстаздарына мақтаныш. Ертең каратэ бойынша Оралдағы республикалық жарыстан оралатын Ақан ерлігін мектебіміз бойынша өнеге етіп, атап өтпекпіз, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рымкүл Жұмағұлова.
Екі достың осынау ерліктеріне, әсіресе тәртіп сақшыларының ризалығы да бөлек болып отыр. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мергенбай Жаппаров әріптестері атынан Ақан Диданов пен Андрей Перковқа алғысын жеткізіп, Құрмет грамотасын тапсырды, қолдарына сағат тағылды. Болашақта қатарларына қосылуға шақырды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.