Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:49
Себепсіз салдар болмайды демекші, бұл мақаланы жазуымызға интернет желісінде Алматы облыстық ІІД жариялаған мына бір оқиға себеп болды. Ағымдағы жылдың 30 наурыз күні Шонжы – Ақсу күрежолында «Toyoto Camry» және «Mazda» автокөліктері соғылып, қос көліктің де жүргізушілері оқиға орнында көз жұмды. Шонжы ауылына жеткізілген алты жолаушының біреуі ауыр жағдайда жатыр. Болжамға сүйенсек, өте қатты жылдамдықта келе жатқан «Toyoto Camry» автокөлігінің жүргізушісі көлік рөліне ие бола алмай қалған.
Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:49
Себепсіз салдар болмайды демекші, бұл мақаланы жазуымызға интернет желісінде Алматы облыстық ІІД жариялаған мына бір оқиға себеп болды. Ағымдағы жылдың 30 наурыз күні Шонжы – Ақсу күрежолында «Toyoto Camry» және «Mazda» автокөліктері соғылып, қос көліктің де жүргізушілері оқиға орнында көз жұмды. Шонжы ауылына жеткізілген алты жолаушының біреуі ауыр жағдайда жатыр. Болжамға сүйенсек, өте қатты жылдамдықта келе жатқан «Toyoto Camry» автокөлігінің жүргізушісі көлік рөліне ие бола алмай қалған. Бұл жерде қозғайын деп отырған ойымыз бірінен екіншісі асып түсетін жол апаттарын тізбелеу емес. Керісінше, жол апатын болдырмау, мүмкіндігінше алдын алу мәселесі. Рас, бұл сұрақты жол полициясы қызметкеріне бағыттасаңыз «Көліктердің кез келген жерде кездейсоқ соғылатынын біз қайдан білеміз, көріпкел емеспіз ғой, бұл біздің функционалдық міндетімізге кірмейді», деп бейкүнә кейіпке ене қалады. Адам өміріне бей-жай қарамау, адамгершілік оларға жат екенін дәлелдеп отырудың өзі артық. Сонда адал еңбегіне сүйенген адамдардың жылдар бойы тірнектеп жинаған қаражатына сатып алған автокөлігі бір сәтте соғылып, мылжаланып, жарамсыз болып қалғанын айтпағанда, адамдар өмірі, жүргізушілердің жол жүру ережесін бақылауға жауапты «ала таяқтыларды» селт еткізбейтініне етіміз үйреніп кетті ме?
Көліктер соқтығысын ысырып қойғанда, жетісулық жүргізушілер жаяу жүргіншілерді қағып кететіні де жасырын емес. Нақты бір мысал келтірсек, ағымдағы жылдың 27 наурыз күні Жамбыл ауданында «ВАЗ-2109» көлігінің жүргізушісі Т. Ұзынағаш – Бесмойнақ күрежолының 66 шақырымында жаяу жүргінші Т.деген азаматты қағып, сол жақ жамбасын сындырған.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары Алматы облысы аумағындағы жолдарда мұндай қайғылы деректер неге көп? Статистикалық мәлімет бойынша жол-көлік соқтығысы бойынша республикамызда Алматы облысы үшінші орында болса, соның салдарынан мерт болған адамдар саны да жылдан-жылға өсіп, екінші орынға көтерілгені өз алдына. Республикамыздағыдай жетісулық «ала таяқтылар» да ауылдар іргесін басып өтетін күрежолдардың қалтарыстарында тығыла тұрып, жүргізушілер құжатын тексеріп, қандай да бір кінәрат тауып, бармақ басты, көз қыстыдан танар емес. Сөйтіп тұрғанда, дәл қасынан құйғытып өткен көлік сұлбасын байқай қойып, көрмеген кейіп таныта сырт айналу да әдетке енген. Осы кезде дәл осы тұста айта кетсек жол полицейі құжатын тексеру үшін тоқтатқан көліктердің бірінің жүргізушісін, иә болмаса сол көліктен түскен жандардың бірін жол полициясы қызметкеріне пысқырып та қарамай ызғытып өте шығатын көліктердің бірі қағып кетсе не болады? Бейкүнә жанның өмірін қиған әлгі «қызмет бабымен асығып бара жатқан мықты» жауап бере ме, әлде төл міндетін заңнама шеңберінде орындай алмай тұрған «ала таяқты» кінәлі бола ма?
Мақаланың желісіне орай логикалық тұрғыда өрбіген мұндай ойдың түбіне нақты өмірді басынан өткізіп, ашынып, айтар жерін күтіп жүрген халық әлі-ақ мысалды молынан ағытары хақ. Ал, біз Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінен алынған нақты фактілерді ұсынамыз. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 470-бабын бұзған жүргізушіден заңнама талабымен іс қағазын толтырмау үшін 20 мың теңге көлемінде пара алған облыстық ІІД Жол полициясы басқармасының қызметкерлері Р.Асанов пен Б.Қанайбековтер құрықталып, қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, қаржы полициясы мен ішкі істер департаменті қызметкерлері бірлесе көлік құжаттарын қайта жасау үшін 15 мың теңге пара алу барысында Панфилов аудандық жол полициясы емтихан алу және тіркеу бөлімінің бастығы М.Жалдыбаевты ұстап, қылмыстық іс қозғады. Нәтижесінде «бұрынғы» ала таяқты бір жылға бас бостандығынан айырылды. Алматы облыстық прокуратурасы Жол полициясы басқармасының соңғы екі жылда атқарған жұмысына талдау жасағанда «ала таяқтыларды» қылмыстық іске, оның ішінде сыбайласқан жемқорлық әрекеті бойынша жауапкершілікке тарту жалғасып отырғанын анықтаған. Сыбайласқан жемқорлық фактісімен 5 жол полициясы қызметкері құрықталған. Осы орайда прокуратура органының заңнаманы бұзбау, келеңсіз фактілерге жол бермеу жайлы құзырлы органға жазған ұсынымы да бар.
Негізі көлік жылдамдығын дөп басып көрсететін құралдарын алып, ауылдан ұзап шығып, төл міндетін орындау жол полициясы қызметкерлеріне жат па? Түкпірлердегі ауылдарға олардың баруы сол күннің жаңалығы болып лезде тарайтыны бұрыннан қалыптасқан. Ал күрежолдарда анда-санда «ала таяқтылар» тұрса жүргізушілер жарықтарын лып еткізе жағып-өшіріп бір-біріне белгі бере қоятыны тағы бар. Соның салдары болар «ала таяқтылар» мәселелері кез келген жерде барлық деңгейде көтеріліп жатады. Ал, олар «халық не демейді…» деп мырс-мырс күліп өз ойларын іске асыра береді.
Жуырда Алматы облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаменті қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болды. Сол отырыста баяндамашылардың бірі кәсіпкерлер бірлестігі ассоциациясының Алматы облысы бойынша медиаторы Б.Файзуллин облыстық жол полициясы емтихан алу және тіркеу бөлімінің соңғы уақыттағы жұмысын қатты сынға алды. Сыбайласқан жемқорлықтың исі аңқып тұрған мәселелер жіпке тізіліп, аталған бөлімде арнаулы жасақталған, яғни «сенімді» делдалдар жұмыс істейтіні баса айтылды. Өйткені, ащы ішекше созылған «жасанды» кезекте тұра беруге шыдам керек, қандай да бір құжат үшін ала шапқын болып сарсаңға түскісі келмейтіндер тағы бар. Тізбелей берсеңіз, себеп сағызша созылып шыға береді, шыға береді ғой.
Түпкі мақсат жол-көлік апатының алдын алу, жазатайым бола қалғанда соның салдарынан адам өмірінің қиылуына, түрлі деңгейде жарақат алуларына жол бермеу және азаматтардың табан ет, маңдай тер өтеуімен қол жеткізген көліктерін игіліктеріне мініп, «ала таяқтылардың» қоғамда өз орындарын білуі – басты мақсаты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.