• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Шілде, 2019

1,4 млн адамға атаулы көмек көрсетілді

201 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жасалған жұмыстардың есебін қорытындылап, министрліктің алға қойған жоспарларын жеткізді.
– Биыл әлеуметтік көмек пен қам­сыздандыруға көзделген қаражат көлемі 674 млрд теңгеге өсіп, 3,3 трлн теңгені құрады. Базалық зейнетақы 80 пайызға көбейді. Қазақстандық­тар­дың өтініштері бойынша еңбек өтілі есептелетін болды. Соған сәйкес, орташа жалақы 81 мың теңгені құрап отыр. Келесі жылдан бастап енгізілетін жаңалықтардың бірі – зейнетақы қорына жұмысшылардың аударатын төлемдерін 5 пайызға көбейту. Яғни қазір 10 пайызды өздері төлейтін болса, оған қосымша жұмыс берушілер төлейтін болады, – деді Бердібек Сапарбаев. 

Министр, биыл 1 сәуірден бас­тап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға өс­кенін және ол 1 миллионнан астам адам­ды қамтылғанын атап өтті. Сон­дай-ақ ол «Еңбек» бағдарламасы толығымен орындалғанын сабақтай келіп, 400 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа тартылғанын айтты.

– 14 мың адамға шағын несие беріліп, 3 мыңға жуық азамат грант иеленді. Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасына сәйкес, қазақ­стандықтарды оның ішінде әлеу­мет­тік аз қамтылған әрі көп балалы отбасыларды, жарымжан жандарды қолдап, жұмыспен қамту үшін қосымша грант бөлдік. Бүгінгі нақ­тыланған бюджет бойынша гранттарды 23 мыңға көбейтеміз. Оған – 12 млрд теңге бөлінеді. Микронесие 20 млрд, қысқа мерзімді оқытуға – 13 млрд, сондай-ақ «Бизнес Бастау» бағдарламасына 3 млрд теңге қарас­ты­рылмақ. Ал оңтүстік аймақ­тардан тұрғындарды солтүстік өңірге көшіру үшін қосымша 3 млрд қаражат аударылды, – деді сала министрі. 

Еңбек дауларының алдын алу мақ­сатында жауапты ведомство ең­бек келісімшарттарының электрон­ды нұсқасын әзірлеп жатыр екен. Б.Са­пар­баев бұл көптеген түйткілді проблемаларды реттеуге септесетініне сенімді. 

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде 160 мың отандасымызға 37 млрд теңгенің көлемінде көмек көрсетілгенін жіпке тізді. Бұған қоса спикер көші-қон сая­саты да қарқынды жүріп жатқанын, сырттағы қандастарды елге қайтару бо­йынша жұмыстар жалғасын тап­қанын хабардар етті. Биыл 6 мың қандасымызға тарихи Отанына оралу бағы бұйырыпты. 

Сала басшысы үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 285,7 мың отбасы немесе 1,4 миллион қазақ­стандық қамтылғанын нақтылады.

– «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында 1 шілдеден бастап мүгедек балалар және бала кезінен І топтағы мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтарды күту бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артады, – деді Б.Сапарбаев.

 Ол 100 мың азаматқа берілетін жәр­дем­ақының мөлшері 31 183 теңге­ден 41 578 теңгеге дейін ұлғаятынын мәлімдеді.

 Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»