Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:21
«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді қазақ. Жұрт кәсіпкер деп арқа сүйеп, жұмысы жоқтар нәпақа айыруыма септігі тие ме деп үміт еткен жан қанағатсыз болып шықты. Адал еңбекпен жиғаным бұйырсын демей, мемлекетті алдап, бірді-бірге қағыстырып қаржы иемдену де оның «кәсіпкерлігіне» жатады екен.
Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:21
«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді қазақ. Жұрт кәсіпкер деп арқа сүйеп, жұмысы жоқтар нәпақа айыруыма септігі тие ме деп үміт еткен жан қанағатсыз болып шықты. Адал еңбекпен жиғаным бұйырсын демей, мемлекетті алдап, бірді-бірге қағыстырып қаржы иемдену де оның «кәсіпкерлігіне» жатады екен.
Бұл дерек Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша «Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу», «Кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу», «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» және «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бағытында соңғы үш жылда жұмсалған қаржының тиімділігіне тексеру жүргізілгенде анықталды.
2011 жылы «Қарақия аудандық жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесі жұмыссыз кейбір азаматтарды сол ауылдағы жеке кәсіпкер Г.Б-ға сілтейді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31.03.2011 жылғы №316 қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушы ретінде жолданған азаматтардың 8-і жұмыссыздардың қатарына қосылуға өтініш берген, бірақ орталықпен әлеуметтік келісімшарт жасамаған, ешқандай құжаттарға қол қоймаған. Жеке кәсіпкер әлгі сегіз азаматты сыртынан «жұмысқа қабылдап», «Қарақия АЖҚО» ММ-нен бағдарламаға қатысушылар үшін бөлінген қаражат есебінен 8 азаматқа 2012 жылдың соңғы 4 айына айлық «береді». Сөйтіп, жалақы ретінде бюджеттен бөлінген 442 мың тенгені жеке кәсіпкер өзі иемденеді. Алғаны бойына жұққан кәсіпкер биыл да осы әрекетін жүзеге асыра бастайды. Өзіне орталықтан жолданған 6 қарақиялықты «жұмысқа алып», оларға 2013 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларына жалақы ретінде бюджеттен бөлінген 520 мың теңгені өзі жымқырады.
Қарақия ауданы прокурорының орынбасары Д.Сағындықовтың айтуынша, тексеру барысында азаматтардың ешқайсысының жеке кәсіпкерді танымайтындығы, оның мекемесінде жұмыс жасамағандығы, жалақы алмағандығы анықталыпты.
Ашкөздікпен мемлекетке 962 мың теңге шығын келтірген жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді ол артық ішкен-жегенін «құсып» қана қоймай, жемқорлық үшін жазасын алатын болады.
Жұмыссыздарының жайы не болып жатқанын қадағаламай, ақшаны аудара берген «Қарақия аудандық жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесіндегілер қайда қарап отырған?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.