• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2013

Оқ атқан кім?

461 рет
көрсетілді

Оқ атқан кім?

Сәрсенбі, 5 маусым 2013 2:39

Тағдырдың жазуы ғой, түркістандық Тұрсын апаның дәм-тұзы таусылып, мамыр айының үшінші жұлдызында, қасиетті жұма күні жамбасы жерге тиді. 92 жас жасаған кейуана демі үзілер шағында денесін өзінің шалы жатқан Бабайқорған ауылындағы мазаратқа жерлеуді балаларына аманаттапты. 3 мамыр күні Түркістан қаласындағы «Ықылас» мешітіне жиналған жамағат жаназадан кейін ұбап-шұбап, апаның аманаты бойынша 45 шақырым қашықтықтағы Бабайқорған ауылына қарай бет түзеді. Ауыр көлікке салынған табытты қоршап тұрған ет-жақын туыстарының ішінде Тоқан Таңатов деген жас жігіт те болды. Ол марқұмның немересі Русланның жақын жолдасы еді.

 

Сәрсенбі, 5 маусым 2013 2:39

Тағдырдың жазуы ғой, түркістандық Тұрсын апаның дәм-тұзы таусылып, мамыр айының үшінші жұлдызында, қасиетті жұма күні жамбасы жерге тиді. 92 жас жасаған кейуана демі үзілер шағында денесін өзінің шалы жатқан Бабайқорған ауылындағы мазаратқа жерлеуді балаларына аманаттапты. 3 мамыр күні Түркістан қаласындағы «Ықылас» мешітіне жиналған жамағат жаназадан кейін ұбап-шұбап, апаның аманаты бойынша 45 шақырым қашықтықтағы Бабайқорған ауылына қарай бет түзеді. Ауыр көлікке салынған табытты қоршап тұрған ет-жақын туыстарының ішінде Тоқан Таңатов деген жас жігіт те болды. Ол марқұмның немересі Русланның жақын жолдасы еді.

Сағат төрттер шамасында жерлеу рәсімдері басталды. Тоқан қабірге түсіп, бойдақ жігіт үлкендердің айтуы бойынша марқұмның денесін орналастыруға жан-тәнімен кіріседі. Оған тағы екі жігіт көмектесті. Барлық рәсімін жасап, томпайған төмпешіктің қасында қаладан келген имамнан бастап тағы екі адам құран оқыған соң ақсақалдар жағы «енді жастардың арасынан да біреу құран оқып жіберсін» дейді. Күніне бес уақыт сәждеге жығылып жүрген намазхан болғандықтан Тоқан, әрине, көпшіліктен қысылған жоқ, аяттарды қырағаттап оқып шықты. Сонымен үлкен кісіні соңғы сапарға шығарып салған топ артынша ауылға қайтты. Бұл кезде сағат алтыларды шамалап қалған еді. Түркістанға келген соң марқұмға арналып ас беріліп, тағы да Тоқан бастаған жас жігіттер зыр жүгіріп қызмет етті.

Осының бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Оның өзіндік себебі бар. Барлық бәле екі күннен кейін басталды. 5 мамыр күні ел әлі тәтті ұйқыда жатқан таң азанда Тоқанның үйіне алабажақ киім киіп, автомат кезенген полицияның шұғыл да шағын әскері басып кіріп, жас жігітті тұтқындайды. Құдды бір қанды балақ қылмыскерді ұстағандай, бала-шаға демей, бәрін жерге жабыстырып жатқызып тастап, улатып-шулатып жүріп ұстайды. «Бұларың қалай? Ең болмаса айтып өлтірсеңдерші?», деп ұлына арашаға ұмтылған әкеге шағын топтың бастығы, погонды мырза қаһарын төгіп, зілденеді. Ал әке байғұс мән-жайға кейін қанықты.

Полицияның қағазға түсірген мәліметіне қарағанда, тура 3 мамыр күні кешкі сағат 17.20-лар шамасында Түркістан қаласында атыс болған. Бұрын бірнеше мәрте сотты болған жігіт ағасы көлігімен келе жатқанда екінші бір көліктен белгісіз біреулер оған оқ жаудырған. Қашып құтыла алмайтынын білген ол көше бойында тұрған «Жедел жәрдем» көлігінің қасына тоқтап, бас  сауғалап қақпасы ашық тұрған үйге кіріп кетеді. Бұл кезде бытырадан оның бір көзі ағып түсіп, оқтан сол иығынан жарақаттар алған болатын. Полицияның айтуына қарағанда, жәбірленушінің қасында бір жас қыз болған. Ол оқ жауған сәтте қөліктің артқы орындығында бой тасалап, жатып қалған екен. Сол оқ жаудырған жігіттердің арасынан Тоқанды тап басып таныған көрінеді. Міне, жас қыздың көрсетуі бойынша полиция осылайша жас жігіттің қолына кісен салады.

Тоқанның қамалғанын естіген жұрт алғашында аң-таң болыпты. Қалайша? Бес уақыт намазын үзбейтін, үлкенге ілтипатты, кішіге ізетті, ешкімге зияны жоқ оның қару алып, адам атуы мүмкін бе? «Адам аласы ішінде» деген, әлде осы уақытқа дейін Тоқан қойдың терісін жамылған қорқау қасқыр болды ма? Бірақ, кейінірек мән-жайға қаныққан «Ықылас» мешітінің намазхандары атыс болған уақытта Тоқанның жаназада, Бабайқорған ауылында болғанын, дәл сол уақыттарда бұл қылмысты оның жасауы мүмкін емес екеніне көз жеткізіп, бәрі жиналып полицияға барады. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Тіпті, осыншама жанның айтқанына селт еткен полиция болмайды. Таразының бір жағында куә болған жүз адамның айтқанын, көргенін, екінші жағында жалғыз өзі тұрған жас қыздың «Тоқанды таныдым» деген бір ауыз сөзі басып кете береді. Тоқанның әкесі Ермахан Таңатов басын тауға да, тасқа да ұрып, шырылдап шындық іздейді. Бірақ, ол да нәтижесіз. Сөйтіп, қалам алып, араша сұрап, редакциямызға хат жазыпты. Осы хат бойынша Түркістанға барып, әрі қарай Бабайқорған ауылында да болып келдік. Сол күні мола басында болған ағайындардың айтқаны мынау болды.

 

Тасболат Матмұсаұлы, Бабайқорған ауылының тұрғыны:

– 3 мамыр күні шамамен сағат 15.45-те Түркістаннан кейуананың мәйітін алып келді. Қайтыс болған кісі бізге жеңге болып келеді. Қабірге молданың айтуы бойынша үш жігіт түсті. Екеуінің аттары есімде қалыпты. Біреуі – Рашид, сосын Тоқан деген жігіт болды. Кейінірек молда «жастардың арасынан біреу құран оқысын» деген соң, жас жігіттер «Тоқан, сен оқы, сен оқы…» деп жатты. Тоқан төртінші болып құран оқыды. Құранды жақсы оқығандықтан шығар, сол бала есімде қалыпты.

Бадырхан Сейітов, тұрғын:

Менің есімде қалғаны, Тоқан қабірге түскен соң, жан-жағындағы адамдар мәйітті қалай қою керек екенін айтып, шулап кетті. Сонда Тоқан «Бәріңіз шулай бермей, біреулеріңіз айтсаңыздаршы» деп тыныштыққа шақырды. Кейінірек құранды мәнерлеп, өте жақсы оқыды. «Бұл кім болды?» деп сол жерде сұрастырып едім, есімі Тоқан, әжеміздің немересі Руслан ініміздің жақын жолдасы екенін білдім.

 

Әкімжан Ғайбуллаев, тұрғын:

– Менің «Газ-53» маркалы көлігім бар. Молаға мәйітті осы менің көлігіммен апардық. Мешітте жаназа намазы оқылған соң Бабайқорғанға жол жүрдік. Күн ыстық болатын. Жолда кузовтың үстінде тұрған бір жас жігіт «Аға, ішетін су бар ма?» деп сұрады. Кабинадағы су тола баклашканы оған бердім. Кейін оның Тоқан екенін құран оқыған соң сұрап білдім.

…Бұдан басқа Тоқан Таңатовтың адвокатына оннан астам куәгерлер түсініктеме жазып беріп, барлығы сол күні оны көргенін, жоғарыдағы жәйттердің бәріне куә болғанын айтады. Тіпті моладан бір көлікпен бірге қайтқан жігіттердің де түсініктемелері бар. Бірақ, жергілікті полиция Тоқанның үстінен қылмыстық іс қозғап, неге екенін қайдам, оны аяқ астынан Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторына ауыстырып жіберді. Ал онда карантин болғандықтан бүгінде Ермахан Таңатов баласынан ешқандай хабар ала алмай отыр. Біз осы сапарымызда Түркістан қаласының прокуроры Артықбек Пашаевқа да жолықтық.

– Бұл қылмыстық оқиғадан хабарым бар және ол істі өз назарымда ұстап отырмын, – дейді Түркістан қаласының прокуроры А.Пашаев. – Бірақ, жәбірленушінің қасында болған жас қыз оқ атқан Тоқан Таңатов деп тап басып танып отыр. Осы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дәл қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бәрін тергеу жұмысы көрсетеді. Қыздың айтқаны дұрыс па, жоқ, әлде өтірік айтып отыр ма, оны тергеу анықтай жатар. Ал әзірге ештеңе айта алмаймын.

Иә, бар шындық тергеу барысында анықталар. Тоқан бұрын-соңды сотты болмаған. Біз сөйлескен жандардың бәрі Тоқанды жақсы жағынан сипаттап отыр. Тырыспа ұстамасы бар екен. Ауырғанына біршама жыл болған. Кей кездері есін білмей құлап қалады. Адвокаты К.Мұханбековтың қолындағы құжаттарға қарағанда, о баста тергеу барысында күдікті ретінде төрт жігіттің есімдері аталады. Кейінірек Кентаудан келген бір күдіктінің есімі түсіп қалып, кейінгі қағаздарда мүлдем жазылмайды. Неге? Адвокаттың айтуына қарағанда Т.Таңатовтың берген жауабын тексеру үшін Бабайқорған ауылындағы жерлеуге қатысқан 14-15 қариядан, басқа да азаматтардан полиция тарапынан ешқандай түсініктеме алынбаған. Қайтыс болған марқұмның ұл-қыздарынан Тоқанды қаншалықты танитыны туралы сұралмаған. Атыс болған оқиғаны көрген адамдар бар, бірақ олардан да Тоқанды сол жерде көрді ме, жоқ па, бұл туралы да сұралмапты. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Ең соңы Т. Таңатов пайдаланып жүрген екі ұялы телефон дәл сол күні, сол уақытта қай жерде болды, кімдермен сөйлесті, мұны да анықтау мүмкін болмай отыр. «Осы жұмыстар атқарылса екен» деп адвокаттың полицияға хат жазғанына бірнеше күн болыпты, мүлдем жауап жоқ.

Міне, осылайша әзірге тергеу жұмысы олқы-солпы болып тұр. Оны қойшы, «полиция кештетіп Бабайқорғанға барып, түсініктеме жазғандарды «сендерге Таңатовтар ақша берген, егер куә болсаңдар, ертең өздерің сотталасыңдар» деп қорқытып кетті» деген әңгімені де осы ауылдан естідік. Осының салдарынан кей азаматтар не жазып бергенінен бас тарта алмай, не көргенін айта алмай, пұшайман болып отыр екен. Ең сұмдығы, жерлеудің басы-қасында полицияда инспектор болып жұмыс істейтін бір азамат болған. Тоқанды өте жақсы таниды. Алғашында ет қызуымен ол да полицияға барып, «бұл қылмысты Тоқанның жасауы мүмкін емес, ол жаназада болды, оған мен куәмін» деген-ақ екен, бірақ кейін бастықтары онымен жақсылап сөйлессе керек. Қазір «полицияға кіргеніме көп уақыт болған жоқ, жұмыстан шығып кететін сияқтымын, мені мазаламаңдар» деп, басын алып қашып жүр екен. Тіпті, біздің қолымызда оның о баста жазып берген түсініктемесі де бар. Адамнан қашарсың, бірақ, арыңнан қаша аласың ба? Жазықсыз адамға жала жабылып, түр­­меге айдалып, жас тағдыры күл-тал­қан болса, міне сол кезде қашу керек. Қа­лай айтсақ та, осы бір тірлікте ши­кі­лік­тің бары рас секілді. Біз Тоқан Таңа­тов­­­ты ақтап отырған жоқпыз. Кінәсі дә­лел­­денсе, қолымен істегенді мойнымен кө­терсін. Бірақ, кеудеде қылаудай кү­дік қал­мауы керек қой. Ал бұған заң­ды­лық­ты сақтауы тиіс Бас прокуратура не дер екен?

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.