Жұма, 4 қаңтар 2013 7:29
Өткен жылы облыстың бірқатар елді мекендері тірек ауылы деп жарияланған-ды. Ондағы мақсат әлгіндей үздік тірек ауылдарының тірліктерін басқаға үлгі-өнеге ретінде таратып, насихаттау болатын.
Ұлылар елінде үш елді мекен осындай тірек ауылының сапына енгізілген екен. Айтты-айтпады, солардың қай-қайсысы болмасын ежелден халқы еңбекқор, шаруашылығы шалқыған ауыл. Оның сыртында бұлардың өткен тарихы өз алдына бір әңгіме. Мәселен, солардың бірі Саржал ауылынан бірқатар Алаш қайраткерлері шыққан болса, екінші бір ауыл – Қасқабұлақ есімі әлемге әйгілі кемеңгер қаламгер Әуезовтің туған жері болып табылады.
Жұма, 4 қаңтар 2013 7:29
Өткен жылы облыстың бірқатар елді мекендері тірек ауылы деп жарияланған-ды. Ондағы мақсат әлгіндей үздік тірек ауылдарының тірліктерін басқаға үлгі-өнеге ретінде таратып, насихаттау болатын.
Ұлылар елінде үш елді мекен осындай тірек ауылының сапына енгізілген екен. Айтты-айтпады, солардың қай-қайсысы болмасын ежелден халқы еңбекқор, шаруашылығы шалқыған ауыл. Оның сыртында бұлардың өткен тарихы өз алдына бір әңгіме. Мәселен, солардың бірі Саржал ауылынан бірқатар Алаш қайраткерлері шыққан болса, екінші бір ауыл – Қасқабұлақ есімі әлемге әйгілі кемеңгер қаламгер Әуезовтің туған жері болып табылады.
Енді бүгін біз сөз еткелі отырған Көкбай ауылына келсек, оның да жөні бөлек. Кешегі кеңес заманында мұнда «Бірлік» деп аталатын шаруашылық болды. Сол «Бірлігіңіз» сол шақта республиканы айтпағанда, одақтық жарыстардың жеңімпазы атанып, дүркіреп тұрды. Сондықтан да болар, осы шаруашылықты басқарған Омарбек Әбеуов партияның одақтық съезінің делегаты атанса, кейінде басқа шаруашылықты басқаруға ауысқан екінші бір басшы Кәбір Қайырханов республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Аталған шаруашылықтың тағы бір үздік басшысы Сайлау Кошкин кейінде ауыл әкімі де болып жемісті еңбек етті. Партия, шаруашылық тараған соң іргелі ауылға хакім Абайдың жанынан табылған сенімді шәкірттерінің бірі Көкбай ақынның есімі берілді. Іле ақынның осындағы мешіт, медресесі мен кесенесі қайта жөнделіп қатарға қосылды, мұражайы ашылды. Соның бәріне Сайлау ағамыз бір кісідей еңбек сіңірді.
Ақынның 150 жылдығына орай былтырғы жылы жоғарыда аталған нысандарға тағы да күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Қазірде мұндағы мектеп Көкбай ақын атында. Ауылдың бір көшесіне де ақын есімі берілген. Биыл ауылға кіреберіске қақпа орнатылған. Осы шаруаның бәрі ең алдымен тәуелсіздік жемісі екендігін кім жоққа шығарады. Болмаса кешегі кеңес кезінде өз заманына сай оқыған, тоқығаны бар Көкбай есімі молда ретінде аталмай, ескерусіз қалғаны да рас.
Мал-жанының саны жөнінен бүгінде аудандағы іргелі ауылды соңғы алты жылдан бері осы өңірдегі тәжірибелі әкімдердің бірі Шәріпқазы Жылқыайдар басқарып келеді. Біз Көкбай ауылына келгенде қалаға кеткен әкім орнында болмады. Ауылдық округтің бас маманы, мамандығы жөнінен құрылысшы Гүлғайша Ақшолақова деген қарындасымыз әкімді жоқтатпай, барлық сауалдарымызға тиянақты жауап беріп жатты.
Шындығында «бізде мынадай, мынадай бар» демекші, ақын ауылында оңды өзгерістер баршылық көрінеді. Айталық, биыл көктем шыға ауыл көшелерін жарықтандырып, жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Нақтылап айтсақ, Шәкәрім көшесіне қиыршық тас төселіп, төрт жерден су ағатын құбыр орнатылған. Заманға сай футбол алаңы да биыл қатарға қосылған. Сол алаңға егілген екпе шөп күздің қара суығында жайқалып тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Мұнда футбол өз алдына, оқушылардың дене шынықтыру сабақтары да өтеді екен. Биыл саябақ та осы футбол алаңының жанынан салыныпты. Саябаққа мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Жастар дискотекасы да, басқа да мәдени шаралар осы саябақта, осындағы жазғы сахнада өтіп келе жатқан көрінеді. Саябақтағы «Ұлылар тұғыры» және «Ел ағалары» атты стеллаларды қызыға тамашаладық. Оның алғашқысында Көкбай ақын бастатқан осы өңірден шыққан Тайыр Жомартбаев, Есентай Бердин сынды есімі елге кеңінен танымал қаламгерлермен бірге, ұлағатты ұстаз, Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов, қоғам қайраткері Е.Хасенов сынды тағы басқа ардагерлердің бейнесі мәрмәр тасқа қашап бедерленген. Ал жоғарыда есімі аталған, аталмаған ел ағаларының бейнелері екінші стелладан орын алыпты. Бұл игі шараның ең алдымен кейінгі ұрпаққа берер өнегесі мол ма дейміз.
Келесі кезекте аяңдап мәдениет үйіне соққанбыз. Осы арада сапарлас серіктеріміз аудандық ішкі саясат және мәдениет бөлімдерінің меңгерушілері Жақсылық Екібаев пен Әсет Мырзақасым бірінен бірі қалыспай әңгімеге араласқан. Бұл екеуі де қарасөзге келгенде, сен тұра тұр, мен айтайын дейтін шешен азаматтар. Сонан соң бұлар біледі, білген соң айтады да. Мәселен, бұл мәдениет үйі осыдан екі жыл бұрын «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліпті. Аудандағы төрт халық театрының біреуі осында. Ол жоғарыда есімі аталған, алғашқы қазақ романының авторы Тайыр Жомартбаев атында көрінеді. Сол өнер ұжымы аудандағы басқа халық театры арасынан топ жарып, облыс орталығы Өскеменде өткелі жатқан театр фестиваліне берілетін жолдаманы жеңіп алыпты.
Ауданның басқа ауылдарынан табыла бермейтін оркестр де, эстрадалық ансамбль де осы ауылда. Ауыл ардагерлерінің ансамблі мұның сыртында. Жуырда олар да облыстық байқауға қатысып келіпті. Ауылдың мәдениет үйінде алты өнерпаз штатта көрінеді. Ғимарат тенмен жылытылады, яғни іші де сырты сияқты таза. Осының бәрі қосыла келгенде Көкбай ауылы өнерпаздарының биыл аудан орталығында М.Әуезовтің 115 жылдығына орай өткізілген «Өркендей бер, ауылым» атты ауыл күндері байқауында бас жүлдені иемденулеріне жол ашыпты.
Осы орайда бұл ауылдағы биылғы тағы бір жаңалық осындағы мектеп, интернат, балабақшаға теплофонның орнатылуы ма дейміз. Былтырғы жылы мұндай қондырғы ауданның Тоқтамыс ауылындағы мектепке орнатылған екен. Бұл өзі жылылыққа да, тазалыққа да тиімді секілді. Егер түпкі нәтижеде солай болып шықса, алда ауданның басқа мектеп, мекемелеріне осындай қондырғылар орнатылмақ. Былтырғы жылы ашылған бұл интернатта қазірде отыз жеткіншек білім, тәрбие алып жатқанын көріп білдік. «Интернатта оқып жатқан талай қазақ баласынан» хакім Абай қалайша үміт күтсе, шалғайда тұрып жатқан еңбеккерлердің ұрпақтарының болашағынан бізге неге үміт күтпеске!
Сөз соңында Көкбай ауылының экономикалық жағына да тоқтала кетсек дейміз. Мұнда жұмыссыздық қысқарып келе жатқаны қуантады. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында мұнда жеті адам Үкіметтен жеті миллион теңгеден астам несие алып, іске кірісіп кетіпті. Соның барлығы дерлік мал өсірумен шұғылдануда. Қазірде бұл ауылда жүзден астам шаруа қожалығы бар көрінеді. Соның біразы асыл тұқымды қой, сиыр, жылқы өсірумен шұғылдануда. Былтырғы жылдың тоғыз айымен салыстырғанда, биылғы жылдың осы мерзімінде мал өнімдерін өндірудің барлық түрі бойынша біршама асыра орындалған. Нақтылап айтсақ, ет өндіру – 109, сүт – 112, ал жүн өндіру 130 пайызға артқан.
Міне, аудандағы бір тірек ауылының бүгінгі тірлігі осындай. Ал соған орай барды неге бар демеске!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.
_____________
Суретте: тірек ауылының тірлігінен көрініс.
Суретті түсірген автор.