Дәуір үнін ұрпақ санасына сіңіруді мұрат тұтқан дүбірлі думан биыл да өз дәстүрінен жаңылмай, екінші жыл қатарынан Сарыарқаның сары даласын шанақты жарып шығып, сал домбыра көмейінен төгілген ұлы сарынмен суарды. Жүректерге рух құйды. Елорданың бас алаңы – «Қазақ елі» монументінің алдында жасақталған дала сахнасында бас қосқан дәстүрлі өнеріміздің дарабоздары мен әуесқой орындаушылар күн астында күмбір күйден шашу шашты.
Салтанатты шараға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, өз сөзінде айтулы мейрамды руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсіну керек екенін атап өтті.
– Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген бастамасының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді. Ұлттық домбыра күні – соның айғағы. Барша халық осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналады және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Ұлттық өнерді кеңірек насихаттауға шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев домбыра мерекесі сонымен қатар жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген құрметін арттыратынына да зор сенім білдірді.
– Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәстүрді еліміздің дарынды жастары жалғастырып келеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болады. Біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына танытып жүрген өнерпаздарымызға лайықты қолдау көрсете білуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов дирижерлік еткен 1000 адамнан құралған оркестр дүбірлі домбыра думанын Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйімен ашып, әрі қарай «Серпер», «Адай», «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», «Ата толғауы», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» сынды теңдессіз туындыларымен жалғады. Оркестрге жасақталған 8 жас пен 75 жас аралығындағы орындаушылар құрамында әуесқой күйшілермен қатар, кәсіби домбыра дүлдүлдері – күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев, Батыржан Мықтыбаев, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров және тағы басқа түрлі сала мамандары да өз өнерлерін ортаға салды. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбай, Айгүл Үлкенбаева бастаған белгілі дәулескер күйшілер бұл жолы домбыра думанын көрермендермен бірге отырып тамашалады. Сондай-ақ аталған құрметті қонақтар қатарын Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, дәстүрлі әнші, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов және өзге де мәдениет пен өнер, қоғам қайраткерлері толықтырды.
Биылғы домбыра думанының былтырғымен салыстырғанда тағы бір ерекшелігі – мерекелік бағдарлама түрлі тосынсыйларға толы болды. Бұл жолы өнерсүйер қауым назарына күмбірлеген күйден басқа, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Жастар» театрының актерлері домбыра тарихынан сыр шертер тарихи қойылымын ұсынып, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салды. Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева, Данияр Мұқан сынды дәстүрлі әншілердің құйқылжыта салған әсем әні мен атақты «Қара жорға» биі мереке ажарын аша түсті. Ал суырыпсалма ақындар аталған күннің басты оқиғасы – домбыраны дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызға қатысты сүбелі жыр шашуын тарту етті. Бұдан бөлек, «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлердің сәні мен салтанаты һәм домбыраға арналып қойылған музыкалық аспаптар көрмесі де ұлық мейрамның көрігін қыздырды.
Домбыра думанының қызығы мұнымен таусылмады. Мерекелік кеш одан әрі Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ – домбыра» концертімен жарасымды жалғасын тапты. Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистерінің өнеріне көпшілік қауым зор ықыласпен қошемет көрсетіп, тағылымды шара көтеріңкі көңіл күйде өз мәресіне жетті. Ұлттық құндылықтар ұлықталып, дәстүрлі музыка дәріптелген домбыра күні осылайша өзінің дүбірлі думанымен жүректерге жетіп, көпшілік есінде жатталды.