Иә, соңғы бір аптада Нұр-Сұлтан қаласы фильм тудырушылар, оны көпшілікке тарататын мамандар және киносүйер қауымның шығармашылық пікір мен үздік тәжірибе алмасу алаңына айналды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен үздік актер, режиссер мен жетекші продюсерлерді жинаған XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің өткізілуі себеп.
Фестиваль бағдарламасы қаншалықты сан тарапты болса, қорытынды нәтижені күткен қауымның көңіл толқынысы мен ішкі арпалысы да алуан түрлі болды. Өйткені әр көрерменнің өз таңдауы болғанымен де, шешуші сөз – бәрібір қазылар алқасының құзырында. Ал шығарылған нәтижемен мейлі қолдаңыз, мейлі қарсы шығыңыз, бәрібір келісуге тура келеді. Себебі өнер – шексіздік десек те, жүлде – шектеулі.
Салтанатты жиынды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің құттықтау сөзімен ашып берді.
– Міне, бүгін елорда күнімен және Жастар жылымен орайласып келген ХV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өз мәресіне жетіп отыр. Тамаша кино мерекесімен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер. Иә, шынымен де, фестивальдің жеті күні көптеген шығармашылық кездесулер мен жарқын оқиғаларға толы болды. Және осылардың ішіндегі кино мамандары мен көрермендер үшін ең маңыздысы – Еуразия құрлығының «мен» деген үздік киногерлерінің әртүрлі жанрдағы фильмдерін тамашалауға мүмкіндік алғаны. Алдағы уақытта да фестиваліміз одан әрі дамып, қанатын кеңге жая беруіне тілектеспін. Сондай-ақ айтулы өнер байқауының аясында шетелден келген мамандар және өзіміздің отандық кинематографистер бір-бірімен кәсіби тәжірибе алмасып, әлемнің үздік кино мамандары мен компаниялары арасында маңызды ресми құжаттарға, меморандумдарға қол қойылды. Болашақта да отандық киномызды дамытып, мәртебесін биік етуге бағытталған жемісті де жарқын жұмыстар жасала береді деп сенемін, – деп байқау қатысушылары мен қонақтарына құттықтау лебізін жеткізген министр фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі алдында Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновқа «Қазақстан киносының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын табыс етті.
Ұлттық кинематографиямыздың ардагерлерін елеулі еңбегі үшін марапаттаған толқынысты сәтті одан әрі де жағымды жаңалықтар жалғады. Атап айтсақ, фестивальдің бас серіктесі «Хабар» агенттігінің арнайы дипломдарымен – татар режиссері Юлия Захарованың «Халима» фильмі және режиссер Азиз Заировтың «Қыз бен теңіз» кинотуындысы марапатталды. Ал «NETPAC таңдауы» байқаудан тыс бағдарламасының жүлдесі ресейлік «Алпауыт» («Дылда») лентасына бұйырды. Сыйлықты атақты қытайлық режиссер Се Фей тапсырды.
Міне, сөйтіп қатысушыларды және жанкүйерлерді ұзақ күттірген негізгі байқаудың жеңімпаздарының есімі жарияланар толқынысты сәт те келіп жетті. Салтанатты рәсім әуелі үздік қысқа метрлі фильмдерді марапаттаудан басталды. Аталған байқау бойынша Гран-при жүлдесі қытайлық «Жарқын күндер» кинолентасына бұйырды. Фильм режиссері Мария Хабулл Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығының атқарушы хатшысы Сергей Рахлиннің қолынан марапатқа ие болды. Ал қазылар алқасының арнайы жүлдесін өзбекстандық Шокир Холиковтың «Шәй» фильмі және беларусь Митрий Семенов-Алейниковтың «Франка» кинотуындылары еншіледі.
«Үздік актер» жүлдесі «Эхо» фильміндегі (Израиль, 2018 ж) сәтті жұмысы үшін Йорам Толеданоға бұйырса, «Үздік актриса» атағы «Алиса» фильміндегі (Франция, Аустралия, 2019 ж) рөлі үшін Эмили Пипонньеге берілді. Жүлдені танымал ресейлік актер Кирилл Гребенщиков табыстады. Сонымен қатар бұл аталымдағы қазылар алқасының арнайы сыйлығын Любовь Борисованың «Менің төбемнен күн батпайды» картинасы (Саха Республикасы (Якутия), 2019 ж) жеңіп алды.
Ал «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымындағы жүлдені Қазақстанның халық әртісі, қазақстандық кинематография мэтрі Талғат Теменов оңтүстік- кореялық «Паразиттер» фильмнің режиссері Пон Джун Хоға табыс етті. «Үздік сценарий үшін» аталымындағы сыйлық Македония, Бельгия, Франция, Хорватия, Словения елдерінің ортақ жобасы – «Құдай бар, оның есімі – Петруния» фильмінің авторлары Теона Стругар Митевска мен Эльма Татарагичке берілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінің шарықтау шегі – әрине, бас жүлде иесінің есімі жарияланар сәт. Сонымен, XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приі отандық режиссер Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» (2019 ж) фильміне бұйырды. Жүлдені халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал венгр режиссері Тамаш Тот табыстады.
Марапаттау рәсімінен кейін фестивальдің президенті, Кинематографистер одағының төрағасы, белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов сахнаға шығып, салтанатты жиынды қорытындылады. Айтулы кино мерекесі аясында өткен іс-шаралар мен көрсетілімдер көрермендер қатты қызығушылығын тудырғанын атап өтіп, байқауға қатысушылардың, халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің жұмысы үшін алғысын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.
– Фестиваль аяқталды. Жүлделер табысталды. Келгендеріңізге қуаныштымын, келесі жылы кездескенше, – деп түйіндеді сөзін режиссер. Міне, осылайша жеті күн бойы киносүйер қауым көңіліне түрлі эмоциялар мен жарқын естеліктер ұялатқан фильм мерекесі өз мәресіне жетіп, кезекті жеңімпазының есімін жариялады және ол – Қазақстан! Жасай бер, қазақ өнері!