• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Шілде, 2019

Жеткіншектерді атажұртқа жетелеген жоба

761 рет
көрсетілді

Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет өткен жылы 18 мамырда шетелдегі этностық қазақ­тарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы № 280 қаулыны қабылдаған болатын. Бүгінде Елбасының тапсырмасы­мен құрылған «Отандастар қоры» да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп көптеген игілікті істерге ұйытқы болуда. Тек осы жазға жоспарланған жастар мен жасөспірімдерге арналған жобалар да жетерлік. Соның бірі елордада бастау алды.

Бүгін «Назарбаев зияткерлік мектеп­тері» дербес білім беру ұйымында тұңғыш рет шетелдегі қазақ балаларына арналған «Ұлы дала ұрпағы» деген атпен жазғы мектеп ашылды. Үш жақтың күш салуымен ашылған лагерьде Ресей, Иран, Моңғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдерден келген 150 жеткіншек екі апта бойы Қазақстан тарихы, ұлттық ән-би, салт-дәстүрден және туған тілден дәріс алады.

«Бұл біздің «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бір­лесіп қолға алған тұңғыш жобамыз. Шетелдегі қазақ балаларына қазақ тілін, Қазақстанның тарихын оқытуға акаде­мия­лық қолдау көрсетіп қана қоймай салт-дәстүрлерімізді көрсететін, ұлт­тық қолөнерімізбен таныстыратын үйір­мелер ұйымдастырып отырмыз. Ең бас­тысы тәуелсіздік алғаннан бергі елі­міздің жетістігін, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының дамуын және құлашын кеңге жайған Қазақстандағы білім беру сала­сы­ның мүмкіндіктерін көрсетуді мақсат тұттық. Назарбаев зияткерлік мек­теп­терінде тәрбие жүйесіне арнал­ған концепция бар. Соның негізінде ұлттық құндылық­тарымызға бағытталған үйірмелер жұмыс істейді. Бұл жолы шетелден келген 150 бала мен өз мектебіміздің 50 оқушысы ұлттық аспаптар, ұлттық қолөнер/Арт-дизайн, робототехника, аэроғарыш, драма сияқты көптеген үйірмелерге қатысады. Бағдарламаға қазақтың «100 күйі», «100 әні» бойынша ән мен күйдің тарихы да енгізілді. Бұдан бөлек химия, биология, математика, физиканы біріктіріп оқытатын STEM бағдарламасы бойынша кеңей­тілген зертханалық жұмыстарға да қаты­сады. Балалар ел астанасындағы барлық мәдени, тарихи нысандармен танысатын болады. Сондай-ақ оларды «Бурабай» мем­лекеттік ұлттық табиғи саябағына, «Ботай-Бурабай» аспан асты мұражайына және «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне апарамыз. Үйірмелер тек қазақ тілінде жүреді. Сондықтан парсы және орыс тілінің аудармашыларын да алдық. Тіпті бес уақыт берілетін тамақтарға да ұлттық тағамдар түрін таңдадық», дейді Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменова.

Бұл жолы әлемнің әр қиырынан Қазақ елінің бас қаласында бастары қосылған­дардың көпшілігі атажұрт топырағына табаны тұңғыш тигендер болып шықты. Нұр-Сұлтанға Ираннан еліміздің батыс облыс­тары арқылы жеткен 15 жастағы Аланияз Шадкам жол бойы тұмса табиғат пен өз ұлтының дарқандығына тәнті болған тебі­ренісін толқып тұрып жеткізді. Ауыл­дағы әжесінің атажұртқа сәлемін аманат етіп арқалап келген бала болашағын тарихи отанымен байланыстырғысы келетінін де жасырмады. Ираннан келген 15 жастағы Рәбия Дивал «Мен атажұртқа бірінші рет келіп тұрмын. Қазақ жеріне келгенде өзімді жәннатқа кіріп бара жатқандай күйде сезіндім. Менің ата-бабам осында өмір сүрген. Ал мен Иранға қалай кеттім? Со­ны білу үшін, өзімді тану үшін келдім. Мен қазақ болып туғаныма қуанамын және қай­да жүрсем де қазақ болып қаламын. Өзім алыста, Иранда болғаныммен Қазақ­стан жүрегімнің төрінен орын алған. Басқа ел­ден келген қатарластарыммен та­ныс­қаны­ма өте қуаныштымын. Мектеп бітір­ген соң астанаға келіп оқығым келеді», дейді.

Бұл шетелдегі қазақ балаларына арнал­ған осы жаздағы жұмыстың бір парасы ғана. «Ақмола облысы Зеренді кентінде өтіп жатқан «Зерен-2019» республикалық танымдық жастар лагеріне жалпы 30 жас қатысатын болса, «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы жобасы аясында еліміздің 5 қаласын отарбамен аралап өткен 200 баланың 25-і шетелдік қазақ бала. 28 шілде күні Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық балалар лагеріне қандастарымыздың 300-ге жуық баласы аттанады», деді «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Бұдан бөлек «Отандастар қоры» КеАҚ шетелдегі қазақ жастары үшін «Jas Qazaq» клубын құрмақ. Бұл құрылымның міндеті – жас буынға қазақтың тілі мен дәстүрін үйрету. Ол қашықтықтан интерактивтік сыныптар ашу, тіл үйретуге арналған мобильды қосымшалар жасау, қазақстандық оқу орындарымен бірлесіп қазақ тілі мұғалімдеріне арналған интернет платформа құру және әдістемелік құрал әзірлеу сияқты жолдармен іске аспақ. Келесі бір іргелі жоба – шетелдегі қазақтар үшін «Qazaq uyi» және «Абай» мәдени орталықтары, «Атамекен» іскерлік үйлерін ашу. Бұл қандастарымыздың қазақ ұлтының қадір-қасиетін ұғынып, салт-дәстүрін бо­йына сіңіруіне көмектеседі.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»