Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Бозкілемде асқан шеберлік танытып, қарсы келгендердің барлығын бет қаратпай ұтқан Саматбек Ізімғали (45 кило) мен Нұртас Қыдырбай (110 кило) бас жүлдені иеленді. Финалдық сайыста ғана қарсыласына есе жіберген Ерасыл Дəулетбек (48 кило) күміспен күптелсе, Ерасыл Кенғанов (55 кило) пен Исхар Кұрбаев (51 кило) қолаға қол созды.
Екінші жарыс күнінде қазақстандықтар үш медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен Мақсат Сайлау (80 кило) қырғызстандық қарсыласын жеңіп, Азия чемпионы атанса, Дінмұхаммед Қошқаров (65 кило) финалда ирандық Резе Хожатқа есе жіберіп, күміс еншіледі. Өкінішке қарай, Денис Пилипенко (71 кило) қола үшін өткен күресте өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Қыздар арасында сынға түскен Алтын Шағаева финалда жапондық ару Мако Унодан ұтылып, күмісті қанағат тұтты.
Құрлықтық чемпионаттың соңғы екі күнінде еркін күрес балуандары сегіз медаль жеңіп алды. Нұрдәулет Базарбаев (48 кило), Бекзат Аманғали (80 кило) және Ислам Тагиров (100 кило) финалдық бәсекеде қарсыластарына есе жіберіп, біріншіліктің күміс жүлдесін иеленсе, Мерей Базарбаев (51 кило), Ақниет Төлегенов (60 кило), Олжас Олжақанов (65 кило), Нұрдәулет Қуанышбай (71 кило) және Бекзат Тәжі (92 кило) қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, алдағы қыркүйек айының 14-22 аралығында елорда төрінде күрес түрлерінен 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беруші әлем чемпионаты өтеді.