Италияның Неаполь қаласында өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан командасы кезекті медалін жеңіп алды. Стенд атудан Зоя Кравченко күміс жүлде иеленді, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Ол «скит» бағдарламасы бойынша сәтті өнер көрсетіп, тек Универсиада ойындарының бас жүлдесін иеленген италиялық Чиа Марзиантониоға есе жіберіп, екінші орынға табан тіреді. Үздік үштікті чехиялық спортшы Хана Адамкова түйіндеді.
Еске сала кетейік, Кравченко ел қоржынына осымен үшінші күмісті салып отыр. Бұған дейін гимнасшылар Нариман Құрбанов пен Милад Карими екінші сатыға тұрақтаған болатын. Сондай-ақ Ғалымжан Қырықбай дзюдодан алтын, Сәрсенкүл Рысбекова стенд атудан қола жүлде еншіледі.