Осыдан тура тоғыз жыл бұрын Үкіметтің қаулысымен «Балапан» бағдарламасы бекітілді. 2010 жылдан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқан бағдарламаның нәтижесінде 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы 95 пайызға жетті. 2020 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұрын ата-аналар балаларын балабақшаға таңнан кешке дейін қарап отыратын орын ретінде қарады. Ал қазір мектепке дейінгі білім беруге қоғамның өзі едәуір үлкен талап қояды. Міне, осы екіжақты талап пен жауапкершілік саланы жаңа сатыға көтеруі мүмкін. Ол – мектепке дейінгі білім беруді міндетті ету. Бірақ бұған мемлекет, қоғам, мамандар, бастысы – балалар дайын ба?
Бір қадам қос түйткілдің түйінін тарқатады
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің профессоры Сайраш Нағашыбайқызы міндетті мектепке дейінгі білім беруді қолдайды. Оның айтуынша, бұл – шетелдік тәжірибеде бар дүние. Мәселен, Америкада мектепалды даярлық міндеттелген. Балабақшадан сертификат алып келгенде ғана мектепке қабылдайды. Ең маңыздысы баланы мектепке психологиялық, әлеуметтік жағынан дайындайды. «Мен бұл бастаманы тек мектепке дейінгі білім беру тегін болса қолдаймын. Себебі қазір міндетті болмағандықтан, көп ата-аналар балаларын балабақшаға бере бермейді. Оған түрлі себеп бар. Бірақ балаға орта керек», дейді профессор. Оның айтуынша, бұл бастамаға ата-аналар дайын емес. Нақтырақ айтқанда, ауылдық жердегі ата-аналар дайын болмай шығады. Мемлекеттік балабақшаға берді дегенде де, 10-15 мың теңгенің өзі – ауылдықтарға айтарлықтай ақша. «Мұндай жағдайға барлық тарап үлкен дайындықпен келуі керек. Ата-аналарға мектепке дейінгі міндетті білім берудің қажеттілігі жөнінде насихаттап, педагогикалық сауатын арттырған абзал. Социометриялық әдіспен алып қарайтын болсақ, 3-6 жастағы балаларды 95 пайызбен қамтып отырмыз деуге келмейді. Көбісі кезекте тұр, ала алмай жүр. Ата-әжесінің қолында өскенін қалайтындар тағы бар», дейді С.Нағашыбайқызы.Профессордың зерттеуінше, шетелдерде ең жоғары жалақыны осы тәрбиешілер алады. Олардың айлығын көтеру арқылы екі бірдей мәселе шешілер еді: алдымен сапаны арттырамыз әрі ер адамдарды тартуға мүмкіндік болады. Еуропа елдерінде, анығы жалақысы жоғары мемлекеттерде ер тәрбиешілер жиі кездеседі. «Ал бізде, өкінішке қарай, бүгінгі балаларға ер адамның тәрбиесі жетіспей тұрғаны байқалады. Кезінде Кеңес үкіметі тұсында жалақы жоғары болды, сонда балабақшаға қызметке тұруға таласатынбыз, талап күшті, жұмысқа кіру қиын еді», дейді аталған оқытушы.
Бұл қадамға бару үшін алдымен Білім туралы заңға өзгеріс енгізу керек екені белгілі. Онсыз біз ешқандай әрекетке бара алмаймыз. Сонан соң үгіт-насихатты жүйелі жүргізу қажет. Сол нәтижесін бергенде ғана іске кірісуге болады.
Балаға да бала керек
Еркежан Нұрланбекқызының тұңғышы үш жаста. Ол қызын қазақы салт бойынша ата-әжесінің тәрбиесіне берген. «Ата мен әженің тәрбиесінде болған бала аңғарымпаз, көргенді болып өседі. Қызым үлкендердің қолында екі жарым жасқа дейін жүрді, кейін балабақшаға бердік. Сонда бір нәрсені анық байқадым, балаға бәрібір бала керек екен. Оны өз ортасы мен құрдастары ғана заман көшіне қарай қалыптастыратынын түсіндік. Таңнан кешке дейін тек ата-әжесімен алысып, ат қып ойнайтын балапаным өз қатарына біразға дейін қосыла алмады», – дейді ана. Оның айтуынша, адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайтындықтан, баланы бастан бейімдеу қажет. Оның рөлі – балабақшаның қолында. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру қазіргі мемлекеттік бағдарламадағыдай, 3 жастан ғана емес, 2 жастан қолжетімді және толық қамтылғаны жөн.
Жапондық жаңашыл азамат, атақты «Sony» корпорациясының негізін қалаушы, инженер Масару Ибуки адам өмірінде ерте балалық шақтан дамытудың орасан зор әсері барын 1971 жылы жарыққа шыққан өзінің «Үштен кейін кеш» (ағылшынша нұсқасы – «Кindergarten is too late») кітабы арқылы дәлелдеген. Бұл еңбек жапон педагогикасына төңкеріс жасады. Онда алғашқы үш жыл бала өмірінің негізі екені айтылған. Автор осы еңбегіндегі алғысөзінде: «Біз балаларды үш жастан кейін неге үйрету керектігіне көп көңіл бөлеміз. Бірақ осы жастағы балаларға жүргізілген жаңа зерттеуге сәйкес, бас миындағы клеткалардың дамуы 70-80 пайызға дейін жеткен, орындалып біткен. Бұл бізге күшімізді үш жасқа дейінгі баланың миын дамыту жолына жұмсауға тиіс екенімізді айқындамай ма?» деп өзінен бастап, барша қоғамға сауал тастай келе, осы кітабын аналарға арнағанын айтады.Қоғамнан мемлекеттік саясатқа дейін
Байқасаңыз, біздің елде де 3 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамтылмаған. Демек, 0-3 жастағы балалармен, яғни Ибуки дәлелдеген ең маңызды шақта ата-аналар айналысып отыр деген сөз. Сондықтан балаларды ерте жастан дамытуда Үкіметтің, мамандардың ата-аналармен жүргізетін жұмысы маңызды.
Қоғамның талабы біздің мемлекеттік саясатта да ескерілді. Оның бір айғағы – Елбасының 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында балаларды ерте жастан дамытуға ерекше назар аударуы. Онда: «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет», – делінген.
Бұдан бөлек, ЮНЕСКО анықтамалығында: «Кіші жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту – баланың өсуіне, дамуына, денсаулығына, тамақтануы мен гигиеналық талаптардың сақталуына тікелей ықпал етуші процесс. Мектепке дейінгі ерте білім беру баланың дүниеге келген сәтінен бастап, оның бастауыш мектепке баруына дейін танымдық-сөйлеу, физикалық, әлеуметтік-тұлғалық және көркем-эстетикалық дамуына ықпал етеді» – деп көрсетілген.
Осы халықаралық тәжірибе мен мемлекеттік саясаттың негізінде Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен Мектепке дейінгі білім берудің стандартына бірқатар өзгерістер енгізіліп, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы аталған саладағы педагогтар жұмыс барысында қолданатын әдістемелік құралдар әзірледі. Онда балаларды ерте жастан өз бетінше оқыту мен дамыту, әлеуметтендіру бойынша әдістемелік көмек берілген. Демек, үкімет пен үкімет жанындағы жауапты ведомство міндетті мектепке дейінгі білім беруге балаларды ерте жастан дамытуды қолға алу арқылы нақты қадам басып келеді. Десе де, 3 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ете алмай отырып, міндеттілік туралы сөз қозғау қаншалықты қисынды?!Бәрі баланың болашағы үшін
Жарайды, үкімет дайын дегеннің өзінде мұны мынадай көзқарастағы қоғам қалай қабылдайды? Бір алматылық ана баласын балабақшаға бермейтінін жеткізді. «Өзім үйден мектепке дайындаймын. Біз де кезінде әріп танымай-ақ 1-сыныпқа барғанбыз. Балабақшаға орналастырып едім. Тәрбиешісінен үркіп қалған балам бұтына жіберіп қойыпты. Ондай тәрбие көргенше, үйде болғаны жақсы», деді көңілі қалған ата-ана. Ал мұндай ата-аналарға, балабақшаға баруды «трагедия» санайтын балаларға «мектепке дейінгі білім алмаса, мектепке қабылдамауы мүмкін» десек, олардың санасында жарылыс болмай ма? Көп сұрақтың жалғыз жауабы – қамтылуын ғана емес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын 100 пайызға жеткізу. Сонда ғана бала ата-анасын балабақшаға өзі сүйреп барады.