• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Шілде, 2019

Борыш жүктемесін азайту: Кімдердің берешегі кешіріледі?

1382 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 26 мау­сымда өмірлік қиын жағдайда қалған аза­маттардың борыш жүктемесін азайтып, оларға уақтылы көмек көрсету мақсатында №34 Жарлыққа қол қойғалы бері ел арасында қауесет желдей есті. Көпшілік қауым кімдердің борышы қанша мөлшерде кешірілетінін нақты білмей дал. Мемлекет басшысының Жарлығын жүзеге асыру бойынша қазірге дейін қандай жұмыстар тындырылды? Осы сұрақтар негізінде туындаған мәселелерге біз де жауап іздеп көруге тырыстық.

Несиенің 300 мың теңгесі ғана кешіріледі

Президент Жарлығында көр­сетілгендей, борышкер ең ал­дымен мынадай әлсіз топтың біріне жатуы керек: 1) көп балалы отбасылар, 2) асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, 3) мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, 4) атау­лы мемлекеттік əлеуметтік кө­мек алатындар, 5) жетім балалар, 6) ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қам­қор­лығынсыз қалған балалар. Екін­­ші шарт – олардың қарызы ке­пілсіз болуы тиіс. Үшінші­ден, қарыз алған кісінің 1 мау­сымға дейінгі қайтарылмаған берешегі 3 миллион теңгеден аспауы шарт. Төртіншіден, бо­рышкердің негізгі борышы мен оған есептелген сыйақысы 300 мың теңгеден аспауы керек.

Алты санаттың тізімі анықталуда

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев өмір­лік қиын жағдайда қалған азаматтардың тізімін Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі жасайтынын атап өткен болатын. Бүгінде бұл министрлік өздеріне тиісті ті­зімді толық жасаған. Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Заң қызметі депар­таментінің директоры Еркін­бек Әмірғалиевтің айтуын­ша, көп балалы отбасылар саны – 345 475, асыраушысы­нан айыры­лу жағдайына байланысты тө­лем алатын отбасылар саны – 169 855, атаулы мемлекеттік əлеу­мет­тік көмек алатындар саны – 282 615, мүгедек балалары бар, 18 жас­тан асқан бала жасынан мүге­дектер бар отбасылар саны 98 580 екені анықталыпты. Ал соң­­ғы екі санаттағыларды, яғни же­­тім балалар тобындағылар мен ата-анасынан кәмелеттік жас­­қа дейін айырылған, 29 жас­­­қа толмаған, ата-ананың қам­­қор­­лығынсыз қалған бала­лар­­дың саны Білім және ғылым ми­нис­тр­лігінің базасында бол­ған­­дық­тан, ол алдағы уақытта жо­­ға­рыдағы тізімге қосылатын болады.

Сондай-ақ бұған 26 маусымға дейін аталған алты санатқа кірген кісілер ғана қамтылады. «Мынаны да ерекше ескерген жөн. Кейбір отбасылар екі санатқа да жатуы мүмкін. Мысалы, кейбір мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар мүгедектігі бар отбасылар санатына да кіреді. Сондықтан бұл жалпы тізім екенін анықтап айтқым келеді», дейді Еркінбек Әмірғалиев.

Министрліктің өкілі тізім толықтанған соң Мемлекеттік кредиттік бюросына жіберілетінін айтады. Сосын олар екінші деңгейдегі банктер және микроқаржы ұйымдарымен өзара ақпарат алмаса отырып, қарызы кешірілетіндердің тізімін анықтайды.

Үкімет қаулысының жобасы дайын

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген тағы бір міндет – Президент жарлығын іске асыруға бағытталған Үкімет қаулысының жобасын әзірлеу болатын. Бүгінде жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметтің қарауына 11 шілдеде енгізілді. Еркінбек Әмірғалиевтің айтуынша, жоба жақын арада Үкіметтің отырысында қаралады. Қаулы жобасына сәйкес азаматтардың борыш жүктемесін азайту шараларын 2 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Сондай-ақ борышкерлер 18 қыркүйектен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан және eGov порталынан борыш жүктемесінің азайтылуы туралы ақпаратты ала алатыны да қарастырылған. Сонымен қатар екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары да азаматтармен жасалған займ шартында көрсетілген байланыс құралдары арқылы азаматтарды берешегінің азайтылғандығы туралы хабарлайтын болады.

Хаттарға жауап

Жарлық жарияланған күннен бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келіп түскен борышкерлердің хаты көбейген. Көп қойылған сұрақтарға Заң қызметі департаментінің директоры Еркінбек Әмірғалиев біз арқылы жауап беруді жөн көрді. «Қарызымыздың кешірілуі үшін қайда барып, қандай арыз жазуымыз керек» деп хабарласқандардың қатары көп сияқты. Ең бастысы борышкерлер банкке барып сабылмайды. Өйткені Президент атаған алты санаттағы адамдардың тізімі министрліктегі электронды базада дайын болса, ал борышкерлердің аты-жөнін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан табу қиын емес. Сондықтан әрбір борышкер процестің аяқталуын күтіп, борыш жүктемесінің азайған, азаймағанын анықтауға уақыт бөлсе болғаны. Яғни оны жоғарыда айтқанымыздай Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе eGov порталынан білуге болады.

Тағы бір сұрақ ерлі-зайыптының екеуінің де несиесі болуына байланысты қойылған екен.  «Егер займ шарты отбасының екі мүшесімен жасалған болса, онда әрбір қарыз алушыға 300 мың теңгеге дейін, яғни отбасының борыш жүктемесі 600 мың теңгеге дейін азайтылады», дейді Е.Әмірғалиев. Бұдан бөлек министрлікке зейнеткерлерден де сұрақтар келіп түскен. «Егер зейнеткер аталған алты санаттың біреуіне жататын болса ғана қарастырылады. Өйткені министрлік Жарлықта көрсетілген санатқа енбейтіндерді тізімге қоса алмайды», дейді министрлік өкілі.

Кімдердің айыппұлы мен өсімпұлы кешіріледі?

Жарлықта биыл 1 шілдеге дейін кепілсіз несие алған барлық қазақстандықтың айыппұлы мен өсімпұлын есептен шығару керектігі айтылған. Мұнда негізгі қарыз сомасын борышкер өзі төлейді. Экономистердің айтуынша, бұл жерде несиесін 90 күнге дейін кешіктірген борышкерді банк әлі де төлеу мүмкіндігі бар деп қарап, оны проблемалық борышкер деп санамайды.  Ал 90 күннен асып кеткен жағдайда олар қаржы ұйымы тарапынан коллекторлық компанияларға жіберіледі. Бірақ Ұлттық банк басшысы өткен аптада журналистерге берген сұхбатында коллекторлық компанияларға өтіп кеткендердің өсімақысы мен айыппұлы кешірілмейтінін, тек баланста қалғандар ғана қамтылатынын айтқан болатын.

2 шілдеде Ұлттық банк Президент Жарлығын іске асыру шаралары туралы № 116 қаулысын қабылдады. Онда екінші деңгейдегі банктер және микроқаржы ұйымдары 2019 жылдың 30 шілдесіне дейінгі мерзімде есептелген (тиесілі) тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар мен өсімпұл) кешіретіндігі көрсетілген. Сондай-ақ 2019 жылдың 2 тамызына дейін «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-қа банктік қарыз шарттары бойынша кешірілген тұрақсыздық айыбы сомалары және 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша микрокредит беру туралы ақпаратты Кредиттік бюро белгілеген нысан және өлшем бойынша жібереді. Бұған қоса Кредиттік бюро 2019 жылдың 9 тамызына дейін Қазақстанның орнықтылық қорына әрбір қарыз немесе микрокредит бойынша кешірілген тұрақсыздық айыбының сомасы туралы ақпаратты дайындап беруі тиіс екені жазылған.  Ал Қор 2019 жылғы 15 тамызға дейін әрбір екінші деңгейдегі банкпен және микроқаржы ұйымымен осы Қаулыда көзделген талаптармен кешірілген тұрақсыздық айыбының бөлігін өтеу туралы және екінші деңгейдегі банктердің және микроқаржы ұйымдарының тұрақсыздық айыбын төлеу бойынша іс жүзінде кешірілген берешегі туралы ақпаратты Ұлттық банкке ұсыну міндеті туралы ережені көздейтін келісімді жасайды. Қор 2019 жылғы 20 тамызға дейінгі мерзімде Келісім негізінде Қазақстан Республикасының азаматтарына кешірілген тұрақсыздық айыбы бойынша 30 пайызды өтейді.

Қарызға қатаң шарт қойылуы мүмкін

Мемлекет басшысы Жарлықта Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша да тапсырма жүктеді. Атап айтқанда мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен жəне оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды тапсырады. Сондай-ақ Жарлықта табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу керектігін көрсетті. Бұған қоса Ұлттық банкке кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы шаралар кешенін қабылдауды бұйырды.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»