• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Шілде, 2019

Музей жаңа залдармен толықты

392 рет
көрсетілді

Биыл Ақтөбе облысының тарихи-өлкетану музейінің негізі қаланғанына 90 жыл толып отыр. Музейдің бұған дейінгі ескі де шағын ғимараты апаттық жағдайда болуына байланысты 2015 жылдың қаңтарында жабылған. Оның орнына өткен жылы аумағы 4,3 мың шаршы метрді құрайтын сәнді де сәулетті жаңа музей ғимараты салынып, пайдалануға берілді.

Мұнда мұрағаттарды сақтау мен оны келушілердің назарына ұсынуға қатысты барлық жағдайлар бар. Музей қорындағы экспонаттардың жалпы саны 1000-нан асып түседі. Бұлардың қатарын минерология бойынша жинақтаған құнды коллекциялар және палеонтология, ботаника, археология, декоротивті-қолданбалы өнер, нумизматика, сирек кездесетін кітаптар, архив құжатары мен фотоматериалдар құрайды. Сондай-ақ экспозиция тізіміндегі айырықша орындардың бірін зергерлік ұйымдардың теңдессіз композициялары алады.

Таяуда рухани орталық арнайы жасақталған тағы да 8 залмен толықтырылды. Яғни келушілер үшін «археология», «этнография», «Ақтөбе аймағының тарихы», «Ерлік пен даңқ», «Тәуелсіздік жолы», «Қазақ хандығы», «Алтын» және «Табиғат» залдары ашылды. Сонымен бірге қосымша білім беру ісіне қатысты арнайы алаң жасақталған. Рестоврациялық қалпына келтіру орталығы мен көркем шеберхана іске қосылған. Оқырмандар залын қоса есептегендегі ғылыми кітапхана мен қор сақтау орны да музейдің мазмұнын тереңдете түседі. Жаңадан ашылған залдарды мұндағы ғылыми қызметкерлер алматылық суретші-дизайнер мамандармен бірлесіп жабдықтаған. Түйіп айтқанда өлке тарихының ежелгі тас дәуірі тұсынан бүгінгі кезге дейінгі келісті көріністері ешкімді де енжар, селсоқ қалдыра алмайды. Оның бәрін де шығармашылық ұшқыр ойлардың белгілері атойлап тұр. Жоғарыда көрсетілген залдарға кірген әр адам белгілі бір дәуір мен тарихи кезеңнің қойнауына кіріп кеткендей әсерде қалады. Яғни оның әр қайсысы ежелгі өмір сүру салтына тән жоралғылар, сол кездегі киім үлгілері, тұрмыс пен мәдениет белгілері бояуын бұзбай көрініс тапқан.

Айталық археология залына қойылған жәдігерлер жөнінде сөз саптасақ, тұтастай еліміздің батыс өңірінің археологиялық ерекшеліктерін көздің майын тамыза отырып зерттеген археологтардың тындырған істерінен хабар аласыз. Олардың суреттері мен тұтынған құралдарын өзара үйлестіріп орналастыруда да ұқыпты қолдың іздері айқын көрінеді. Аталған залдың көшін тас пен мамонт дәуірі бастап тұр.

Бұл уақыт біздің заманымызға дейінгі 2500 жылды қамтиды. Мұндағы тұрмыстық заттар да сол дәуірдің ерекшелігіне сәйкес келеді. Зал өлкенің ежелгі дәуірі мен бүгінін тоғыстырып, ғасырлар аралығындағы тарихын келушілердің көз алдына бере алады дейді музейдің ғылыми қызметкері Айнұр Мақсатқызы. Залға өңірдегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған күміс белбеу мен алтын бұйымдар және күміс теңгелер әркімнің көзіне басылатыны анық. Сондай-ақ археология залының құндылығын ежелгі көшпенділер мәдениетіне тиесілі шаруашылық және тұрмыстық бұйымдар мен XV-XIX ғасырлар аралығында өмір сүрген тарихи тұлғаларға қатысты деректер мен тың мәліметтер көтеріп тұр.

«Алтын» залына қымбат тастар мен металлдан жасалған бұйымдар қойылған. Оның бәрі қойнауы құт Ақтөбе топырағына қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған дейді музей қызметкерлері. Ал «Табиғат» залында музейге келушілер Ақтөбе аймағындағы флора және фауна әлемімен, яғни жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің тылсым сырымен таныса алады. Жер бетінде алғашқы тіршілік еткен жануарлардың бір өкілі мамонт десек, музей мұрағаты дәл осы тұстан бейнеленген. Сондай-ақ «Тәуелсіздік жолы» залы өз атауынан көрініп тұрғанындай тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастау алатын еліміздегі сан алуан өзгерістер мен жетістіктер жөніндегі деректер мен дәйектерге толы.

Ақтөбе өңірінің өткені мен бүгіні, тарихы мен шежіресі жаңа тарихи өлкетану музейіне қойылған мол мұра, асыл қазыналармен шектеліп қалмайды. Сондықтан да қазіргі күні мұндағы ұйымшыл ұйым музей қорын өлке тарихының жаңа беттерін ашуға септігі тиетіндей экспонаттармен толықтыра түсуге бір кісідей жұмылған.